Вакцина алмастыру ұсынылды

Қарашада басталатын ревакцинация барлығына бірдей міндетті емес. Алдында жазғанымыздай, үшінші компонентті тәуекел тобына жататын медициналық қызметкерлер, педагогтар, құқық қорғау органдары қызметкерлері, 60 жастан асқан кісілер бірінші кезекте алады. Сонымен қатар, бойында антиденелер анықталмаған (азайған) адамдар өз қалауымен ревакцинация жасата алады. Қалғандары толық вакциналау курсынан 6-9 ай өткеннен кейін салдырса болады.

Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен алгоритм бойынша векторлық вакцина (Спутник V) салдырғандар 9 айдан кейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac сияқты инактивтендірілген вакциналарының бірімен немесе мРНК вакцинасымен (Pfizer) егіле алады. Ал, инактивтендірілген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac) вакцина алған тұлғалар Спутник V немесе Pfizer вакцинасын 6 айдан кейін салдырғаны дұрыс. Алгоритмге сәйкес, мРНК вакцинасын (Pfizer) алғандар 6 айдан кейін жоғарыда аталған инактивтендірілген вакцинаның бірін немесе Спутник V вакцинасын пайдалана алады. Коронавирусқа қарсы вакцинаның толық курсын алып, кейін вирус жұқтырып, ауырып қалған адамдар сауыққаннан кейін 3 ай өткен соң ревакцинадан өте беруіне болады.

Егер антиденелер төмендей бастаса, біз ревакцина алуға мүмкіндік береміз. Бірақ, бірінші кезекте қатер тобына жататын қызметкерлер алатын болады. Ревакцинация шұғыл және жоспарлы болып бөлінеді. Жоспарлы ревакцинация жылына бір рет өткізіледі. Алайда, ауруды жұқтыру белең алған жағдайда ревакцинация туралы шешім қабылданады, – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Белгілі профессор Алмаз Шарман министрлік қабылдаған әдіс тиімді деген пікірде.

Бұл – коронавирусқа қарсы түрлі типтегі вакциналарды араластыратын америкалық әдіс. Бұрын кім Спутник V алса, ревакцинаны басқа типтегі вакцинамен алуға кеңес беремін. Мысалы, инактивтендірілген VeroCell-ді қолдануға болады. Pfizer вакцинасын салу одан да жақсырақ. Дегенмен, әлі вакцина алмағандардың екпе алып, вакциналау шегін арттырған маңызды деп есептеймін. Ондайлар Қазақстанда әлі көп, халықтың жартысынан астамы. Бұл коронавирус инфекциясының жаңадан күш алуына әсер етеді, – дейді Алмаз Шарман.

Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігінде осыған дейін алған вакцинасын алуға тыйым салынбайтынын мәлімдеді. Алайда, ведомство өндірілу әдісі басқа қолжетімді вакцина салуға кеңес береді.

Жансая ОМАРБЕК.