«Ulytaý Nan» – халық игілігіне
Дүйсенбі күні Жезқазғанда қуаттылығы тәулігіне 35 тонна нан-тоқаш өндіруге қауқарлы «Ulytaý Nan» жаңа нан зауытының ашылу салтанаты болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ экономикалық Стратегиясын, «Төртінші өнеркәсіптік даму жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған бұл жобаның жалпы құны – 2 млрд. теңгені құрады.
Небары 8 ай көлемінде бой көтерген зауыттың құрылыс жұмысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған еді. Ал, бүгінгі таңда ол 91 мың тұрғыны бар Жезқазған қаласынан бөлек Сәтбаев, Каражал қалалары мен Жәйрем кентін және Ұлытау ауданы тұрғындарын сапалы нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз ете алады.
– Осы тектес зауыттарды Балқаш пен Қарағанды қалаларында да ашқан едік. Енді, міне, Жезқазғанда бой көтерді. Бұл ретте, біз жергілікті үлес мәселесін де айналып өтпедік. Зауыт тұрғызу барысында тек қазақстандық құрылыс компаниялары ғана тартылса, соның 80%-ы Жезқазған және Сәтбаев қалаларының компаниялары болды. Сондықтан, ең алдымен, кәсіпкерлікпен айналысуға мол мүмкіндік беріп, инвестиция тарту тұрғысынан жағымды жағдай жасаған Елбасына ерекше алғысымды айтамын. Қазіргі күні зауыт жұмысшылармен толық қамтамасыз етілген. 225 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Ал, оларды іріктеу кезінде жоғары және орта білімі бар азаматтармен қатар, осында оқып-білгісі келген ниеттілердің де өтінішін жерге тастамадық. Еуропалық серіктестеріміз мұнда екі айлық оқыту курстарын ұйымдастырып, алпыс күн бойы барлық қызметкерлерімізді оқытты. Осы күні олардың өзі теориялық білімі бар маман атана бастады, – деді «Ulytaý Nan» зауытының құрылтайшысы Ерлан Нығматулин.
Зауыт құрылтайшысының айтуынша, мамандар өз біліктілігін тәжірибе жүзінде дамытып, шеберліктерін шыңдай түседі. Сөйтіп, алдағы 12 ай көлемінде де еуропалық мамандар жұмысшыларды әрмен қарай оқытып, жоғары технологиялық жабдықтарды пайдалану бойынша білімдерін жетілдіретін болады. Сонымен қатар, мұнда зейнеткерлік жас деген ұғым мүлде жоқ. Қызметкер серпінді жұмыс жасап, компанияға сенімді үлес қоса білсе, ең бастысы, еңбек етуге деген ниеті болса, онда ол маманды зейнеткерлікке шығару да қисынсыз.
Айта кетерлігі, 2640 шаршы метрді алып жатқан бұл зауыт халықаралық стандарт пен өндірісті цифрализациялау талаптарына толық сәйкестендірілген. Ол ТМД мен Еуропа елдері аумағындағы заманауи нан зауыттарының бірі саналады. Ал, өндіріс барысында пайдаланылатын шикізаттың барлығы Қазақстандыкі. Бұл аз десеңіз, зауыт басшылығы колледждермен де келісім-шартқа отырып үлгерген екен. Яғни, алдағы уақытта кәсіпорын қабырғасында дуальді білім беру жұмысы да жүргізіледі. Бір қызығы, бұл – компания үшін таңсық дүние емес. Өз кезегінде, аймағымыздың кез келген азаматы аптасына бір мәрте осы зауытта болып, оның тыныс-тіршілігімен таныса алады. Бұл үшін зауытта арнайы экскурсиялық-эстакада орналастырылған. Бұдан бөлек, компания басшылығы алдағы уақытта мектеп оқушыларының да экскурсияға келуін ойластыруда. Зауыт құрылтайшысының пайымдауынша, ол – жастардың нан өндірісіне деген қызығушылығын оятады
Еңбек етушілерді қызықтырған ендігі мәселе – бұл зауытта қызметкерлерге тегін ас беріліп, жұмыс соңында 1 бөлке нан да еш ақысыз ұсынылады. Осыны айтып, нан зауытында жұмыс жасай тұра, үйге бір бөлке нан ала келмеу – әділеттілікке жатпайтынын алға тартады Ерлан Зайроллаұлы. Сондай-ақ, өз сөзінде компания құрылтайшысы «Қазақмыс-холдинг» ЖШС Президенті Владимир Ким және «Қазақмыс-холдинг» ЖШС директорлар Кеңесінің төрағасы Эдуард Огай мырзаларға зауытты нақ осы Жезқазғанда салу туралы ұсыныстары мен қолдаулары үшін айрықша алғысын білдірді.
Себебі, бастапқы жоспар бойынша зауыт Қостанайда бой көтеру керек еді. Алайда, «Қазақмыс-холдинг» ЖШС басшылығының кеншілер мен металлургтерге деген шын пейілі зауыттың құрылыс алаңын қайта қарауға негіз болды.
– Аймағымызда жаңа нан-тоқаш зауытының бой көтеруі – Жезқазған өңірі үшін айтулы жаңалық! Себебі, мұндағы алғашқы нан зауыты сонау 1954 жылы ашылып, кейін 2000 жылы жаңа ғасыр басында біржола құрдымға кеткен еді. Содан бері де 18 жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында ірі зауыт ірге қалады. Бірақ, жай ғана зауыт емес, технологиялық тұрғыдан талайға үлгі боларлық тың үлгідегі зауыт бой көтерді. Бір қарағанда, нан пісірудің нендей қиындығы бар деп топшылауымыз мүмкін. Алайда, тәулігіне 35 тонна нан-тоқаш өнімін өндіре отырып, жоғары сапа биігінде қала білу – екінің бірінің қолынан келе бермес дүние. Сондықтан, аймақ тұрғындары аз уақыт аралығында сапалы өнімге қол жеткізіп, халықаралық стандартқа сай нан-тоқаш зауытының қызығын көреді деп сенемін, – деді Эдуард Огай.
Бұл көлемді де серпінді жобаны нан пісіру өндірісінің ең жаңа технологияларын қолдана отырып, өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуді мақсат еткен біліктілігі жоғары кәсіби мамандар жүзеге асырды. «Ulytaý Nan» нан зауыты алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінде шығарылған электр қуатын үнемдеу тұрғысынан тиімді, жоғары технологиялық заманауи құралдармен жабдықталған. Италияның «Эчер» компаниясынан қамыр илейтін машиналар, қамыр ашытатын аударғыштар, миксер жеткізілсе, «Мондиал Форни» компаниясынан – қамыр бөлгіштер мен қамыр дөңгелектегіштер, толықсыту шкафтары, табанды және ротациялы пештер сатып алынды. Сондай-ақ, «Сартори» компаниясынан тоқаштарға арналған бөлгіштер мен дөңгелеткіштер, «Дженерал систем пак» компаниясынан нан-тоқаш өнімдерін орауға арналған жабдық, Словакияның «А-Т» компаниясынан қаптарда сақтауға, ұнды тасу мен мөлшерлеуге, ашытқы жасауға арналған жабдық жинақтары, швейцарлық «Рондо» компаниясынан круассан түріндегі қаттама өнімдерді шығару үшін қамыр жаюға арналған жабдық әкелінді. Германияның «Хобарт» компаниясынан шығарылған нан жәшіктерін жууға арналған машина жеткізілді. Өз кезегінде, зауыттың жоғары технологиялы жабдықтарын монтаждау мен қалпына келтіріп реттеуді еуропа мамандары іске асырды. Сондай- ақ, олар осы құрылғылармен жұмыс жасайтын жергілікті мамандардан құрылған өндірістік бригадарларды оқытты. Тіпті, кәсіпорынның өндірістік қызметінде дуальді білім беру жүйесі де қолданылады.
– «Мондиал Форни» компаниясының атынан ғажайып зауыттың ашылуымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ең алдымен, бұл бірегей жобаға қатысу мүмкіндігін берген Ерлан Зайроллаұлына алғысымды білдіремін. Байқауымша, біздерді ортақтастыратын нан өніміне деген құрмет екен. Ал, біздің «Мондиал Форни» компаниясына биыл 78 жыл толып отыр. Сондықтан, ғасырға жуық тарихы бар компания иесі ретінде «Ulytaý Nan» нан зауытында ең кейінгі заманауи техникалар орналастырылғанын жеткізгім келеді. Ал, мұндай зауыттың бой көтеруі – бір облыс үшін емес, бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға, – деді Италияның «Мондиал Форни» компаниясының иесі әрі Президенті Алессандро Бенини.
Жаңа нан зауытының алғашқы өнімдері бөбектер үйіне, Жезқазған балалар үйіне, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, жасөспірімдер үйіне және қарттар мен мүгедектер үйіне жөнелтіледі. Кәсіпорын металлургтерді, кеншілерді және байытушыларды сапалы әрі пайдалы өніммен қамтамасыз ету үшін өндірістік асханаларға нан-тоқаш өнімдерін жеткізетін болады.
– Бүгін біздің өңірімізде жаңа кәсіпорын іске қосылып, «Ulytaý Nan» нан зауыты жұмысын бастағалы тұр. Халқымызда «Нан – тамақтың атасы, ынтымақ – көптің батасы» деген жақсы сөз бар. Сондықтан, алдағы уақытта бұл зауыт тұрғындарымызды ең дәмді өнімдермен қуантады деп сенеміз. Екі жүзден астам адамды еңбекпен қамтамасыз етіп отырған бұл алып кешеннің ертеңі жарқы болсын, – деді Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов
Заманауи технологиялар мен жабдықтар, білікті персонал өнімнің экологиялық тазалығын, 50-ден астам нан-тоқаш өнімі түрлерінің жоғары дәм сапасын және тағамдық құндылығын қамтамасыз етеді. Тұтынушылар үшін тұтас дәнді сорттардан өндірілген қазақстандық ұннан жасалған және әр түрлі дақыл дәндері, кебек қосылған диеталық және жоғары рецептуралық нан сорттары шығарылады.
– Автоматтандырылған алпауыт зауыттың ашылу салтанатына куә болған барша өңір тұрғындарын осы қуаныштарыңызбен құттықтағым келеді. Байқағанымыздай, жаңа кәсіпорынмен бірге жаңа жұмыс орындары да ашылуда. Менің ойымша бұл – үлкен әлеуметтік көмек! Бұл ретте, «Ulytaý Nan» ұжымына мол табыс тілей отырып, қаламыз гүлденіп, көркейе берсін дейміз. Алдағы уақытта нанымыз да, әніміз де таусылмасын деп тілейміз, ағайын, – деді «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс зауытының балқытушысы, өндіріс озаты Берік Ақпанбетов.
Нан зауытының сату-өткізу бөліміне қазіргі уақыттан бастап кәсіпкерлерден, ірі супермаркет және сауда орындары иелерінен көптеген сұраныстар түсіп, тұрақты негізде өнімді жеткізуге келісімшарттар жасалуда. Оларды өнімнің сапасы, сан алуан түрлілігі мен арзан бағасы қызықтыруда. Ал, тұтынушыларға нан-тоқаш өнімдерін жеткізуді меншіктегі сатып алынған және брендтелген автопарк іске асырады. Сонымен қатар, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында өз брендімен «дөңгелекті дүкендер» жұмыс істейтін болады.
– Бұл салада менің 25 жылдық тәжірибем бар. Төккен тер мен еткен еңбекті осыдан-ақ бағамдай беріңіздар. Десе де, Қазақстанда ашылу салтанатына қатысып тұрған бұл алғашқы нан-тоқаш зауытым емес. Бұған дейін «Сарыарқа Нан Қарағанды» зауытында болдым. Бұл зауыттардың технологиялық тұрғыдан жабықталуымен де тікелей таныспен. Сондықтан, кейінгі тұтынушыларым менен «Қандай жетістігің бар? Қай зауыттарды заманауи технологиялармен жабдықтадым деп мақтана аласың?» деп сауал қойса «Сіздерге Германияның Берлин қаласына немес Ресейдің Мәскеуіне баруың қажеті жоқ. Сіздерге Қазақстанның Жезқазған қаласына баруларыңыз керек» деп жауап қатамын, – деді Словакияның «А-Т» компаниясының иесі әрі Президенті Петер Киска
Өскелең ұрпақ пен аймақ тұрғындарының бойында нанға және наубайшылардың еңбегіне деген құрметті қалыптастыру, әрі кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізу мақсатында кәсіпорында экскурсиялық эстакада жұмыс істейтін болады. Онда барлық тілек білдірушілер нан-тоқаш өнімдерінің өндіріс технологиясымен таныса алады
Заманауи жаңа кәсіпорын – «Ulytaý Nan» нан зауыты аймақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына, алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды енгізу арқылы адами капиталды дамытуға, салық салу базасын өсіруге жағдай туғыза отырып, жаһандық даму жағдайында ел экономикасын көтеруге және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлемнің озық дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы