Бас тақырып

Уақыт неге көктемде жаңарады?

Наурыз мейрамының бір сипаты – ежелден табиғи астрономиялық мәнге ие. Табиғатпен етене болған қазақ күн мен түннің теңелуін аспандағы жұлдыздардың орналасу ретіне қарап білген. Тіпті, әр жұлдызға ат қойып, айдар таққан. Күн мен түн көктемде де, күзде де теңеледі. Көктемде ғана уақыт жаңарады. Неге?

Иә, қазақтың жыл ауысымы көктем мезгілінің келуімен байланысты. Мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғалидің айтуынша, амал/һамал айының келуімен тікелей байланысты астрологиялық үдеріс. Наурыздың ескіше атауы «Амал» болса, қазақтағы «Амал келді – жыл келді» дейтін тәмсіл көктеммен бірге жаңа жыл келеді деген ұғымды меңзеп тұр. «Көктем күн мен түннің теңелуінен 8-9 күн бұрын келеді. Күн мен түн күзде де теңеледі, бірақ неге жыл алмаспайды?! Мәселе күн мен түн арбасуының уақыттың жаңаруына қатысы жоқтығында», – дейді мәдениеттанушы.

Жер бетінде өмір сүретін адамзаттың тәулік санауы, мезгіл ауысымы, ауа райының өзгеруі бәрі-бәрі аспан денелерімен байланысты. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы Үркер, Сүмбіле, Таразы шоқжұлдыздарының көктегі орналасу ретіне қарап, сағат білген, жыл мезгілінде аспан көгінде көрінуі мен жоғалуына қарай маусымның ауысуын, мал күйттеп, күзен салып, күйік алатын кезді білген, егін егуді бастаған.

Наурызда күн мен түн теңелуі көк күмбезіндегі Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлусары жұлдыздарының бір түзудің бойында тізіле орналасуынан белгілі. Жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуі – табиғи құбылыс.

Дәл осы жұлдыз атауларын, мән-мағынасын атап өтелік.

Үшарқар-Таразы – жарқырап көрінетін экваторлық шоқжұлдыз. Үшарқар- Таразы жұлдызының көтерілуіне байланысты қылышын сүйреткен қысты шақырып, қараша қайтып, «Желі мен қарын жетелеп, қызыл жорға мінген желтоқсан келді» – дейді екен.

Ал, Үркер – Торпақ шоқжұлдызының құрамына енетін топтанған жұлдыз шоғыры. Хасен Әбішұлының «Халық астрономиясы» еңбегінде «Үркер шоқжұлдызы біркелкі, бір үйір жұлдыз оп-оңай көзге түсе қояды» делінген.

Сұлусары – Торпақ шоқшұлдызындағы ең жарық жұлдыздардың бірі. Ал, түсіндірме сөздіктерде «Сары» – көктем мезгілі, наурыз айы келген күн мағынасын береді.

Ертеде қазақ халқы көк күмбезіндегі Үшарқар-Таразы, Үркер, Сұлусары жұлдыздарының көкжиекке жақындауын межелей отырып, жаздың шығуына неше күн қалғанын есептеп білген. Тілші ғалым Айгүл Әмірбекованың еңбектеріне сүйенсек, қыр елінің және сахара адамдары күн мен түннің қай уақытта теңесетінін, қай кезден бастап күннің ұзарып, түннің қысқаратынын қадым заманнан білген. Жаңа күннің жарығы мен жылуы, қызуы қытымыр қысты ығыстырып, жер бетін жылытады, көк қаулай бастайды. Күннің ұзаруы, түн қараңғысының қысқарып, орнын жарыққа беруі, жер бетінің жылып, көктің қаулап шығуы – жасару мен жаңғырудың белгісіндей. Күн сәулесінің нұры жер-дүниені бусандырып, елжіретеді.

Күннің қызуы өтіп бара жатқан шақта көк жүзін сары бауыр, қара барқын бұлт басып, найзағай ойнап, күн күркіреп, жаңбыр жауады. Сусаған, кеберсіген жер- дүние шөлін басып, жер беті одан сайын түрлене түседі. Алайда, күн мен түннің жазғытұрымғы теңелуі бар да, күзгі теңелуі (22-24 қыркүйек) бар.

Күн мен түн теңелгенде, Балық аунап түседі. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін осы құбылыстан байқайды. Қазақ халқы бір кездері Күннің Балық шоқжұлдызының тұсынан шығатынын білген. Дәл осы уақытта қыстан аман шыққан елді «Ұзынның ұзарып, жіңішкенің үзілетін шағы» деген. Тіпті, әлі күнге дейін қолданылып жүрген «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген мақалдың өзі осы астрономиялық құбылысқа қатысты екенін бірі білсе, бірі біле бермейді.

Осы құбылыс кезінде Күннен Жерге түскен жарық пен көлеңкенің шекарасы жер меридианымен беттеседі. 15 томдық Қазақ әдеби тілінің сөздігінде былай деп жазылған: «Күн мен түннің теңелуі – Күннің көзге көрінерлік жылдық қозғалысында эклиптика бойымен жылжып келе жатқан Күн табағы центрінің аспан экваторынан өтетін кезі. Біріншісі – көктемгі (жазғытұрғы) теңелу, екіншісі күзгі теңелу деп аталады. Теңелу кезінде күн мен түннің ұзақтығы жуық түрде 12 сағат болады».

Қазақ халқы көктемгі күн мен түннің теңелуіне ерекше ден қойған. Себебі, тіршіліктің жаңару мен жасаруы, өсіп-өнуі, өркен жаюымен байланысты. Наурыз мерекесін тойлаудың негізгі идеясы – осы. Ал, күзгі теңелуде ондай табиғи нышан жоқ. Табиғаттағы күн мен түннің теңесуін, жер-дүниенің жасарып-жаңаруын, өркен жаюын – күллі тіршілік иелеріне жасаған Тәңір жақсылығы деп ұғу керек.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button