Бас тақырыпМәселе

Туризм туған жерді түлетеді

«Әр істің қайыры бар». Әлемді әбігер қылған коронавирустың ішкі туризмнің дамуына екпін бергенін айтады деректер. Мәселен, пандемияға дейінгі 2019 жылдың І тоқсанында ішкі туристер саны 917,8 мыңды құраса, 2021 жылдың сол кезеңінде 931,1 мыңға жетті. Ал, былтыр бірден 21,5 пайызға өсіп, алғашқы үш айда 1,13 миллион адам Қазақстанда демалғаны белгілі болды. Салыстырсақ, табыс 25,7 пайызға артып, 26,3 млрд. теңгеге қызмет көрсетілген.

Кейінгі уақытта туризмге ел билігі айрықша көңіл бөлуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырма да берді.

«Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. …Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент саладағы проблеманы дөп басты. Қазіргі таңда туризмді дамытудағы басты кедергі – сапасыз жол. Және сол сапасыз жол бойында санитарлық-гигиеналық нысандардың жоқтығы да тұсау болып тұр…

 

Президент белгілеген меже

Түріктер туристердің тілін тапқан. Түркияның жалпы ішкі өнімінің 4 пайызы – туризмге тиесілі. Экономикалық белсенді халқының 7 пайызы осы салада еңбек етеді.
Қазақстан да ешкімнен кем емес. Тек, жаңаша көзқарас, түбегейлі реформа қажет-ті.

Президент саланы дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылданғанын айтты. Бағдарлама нәтижесінде 2025 жылға қарай туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 8 пайызды бағындыруы тиіс.

«Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8 пайызға жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 миллион, ал, ішкі туристер саны 8 милион адам болады. Ал, туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Әрине, кез келген шаруаны дөңгелетіп әкету үшін жан-жақты зерттеу қажет. Артық-кемі ескеріліп, мүмкіндіктер екшелуі тиіс. «Ауруын жасырған өледі» дейді, проблема да бүкпесіз айтылуы шарт. Кейінгі кезде жылдар бойы жасырылып келген мәселелер ашық айтыла бастады.

 

169 гектар бос жатыр

Кенді өлкедегі туризмді дамытудағы жоспар қандай? Президент айтқан межеден көрінерге мүмкіндік бар ма? Әуелі осы тақырыпты тарқатып көрсек…

Қарағанды облысында туризмді дамытуда негізінен екі өңірге баса көңіл бөлініп отыр. Бұл – Балқаш және Қарқаралы. Қазіргі уақытта аталған өңірлерде мемлекеттің қолдауымен ауқымды жобалар қолға алынуда. Инфрақұрылым тұрғызылып, инженерлік желі салынуда.

Облыстың кәсіпкерлік басқармасы туризм және сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің басшысы Темірлан Рақымбектің айтуынша, Балқаш көліндегі жағажай туризмін дамытуда Бертіс шығанағы, Приозерск қаласы, Шұбартүбек пен Тораңғылық ауылдарына қатысты жобалар бар.

– Былтыр Бертіс шығанағына электр желісі тартылып, сумен қамтамасыз ету жүйесі салынды. Бұл іске республикалық бюджеттен 446,4 млн. теңге жұмсалды. Абаттандыру іс-шаралары да ұмытылған жоқ. Ұлттық экономика министрлігіне Балқаш қаласындағы жағалауды абаттандыруға 4,2 млрд. теңгеге бюджеттік ұсыныс жолданды. Сонымен қатар, көлемі 61 гектар болатын шығанақ жағалауын абаттандыру үшін 2,5 млрд. теңгеге бюджеттік ұсыныс жіберілді, – дейді бөлім басшысы.

«Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, былтыр Балқашқа 54 мыңнан астам турист барыпты. 2021 жылмен салыстырғанда 34,7 пайызға өскен. Қызметтен түскен табыс 572,8 млн. теңгені құрады. Палата биыл бұл көрсеткіш ұлғаятынына сенімді. Себебі, бұған дейін Ақтоғай ауданына қарап келген Шұбартүбек пен Тораңғылық ауылдары әкімшілік бөлінісі жағынан Балқаш қаласының еншісіне берілгені аян. Яғни, қала құрамына қосылған сәттен мұнда жан-жақты шаруа қолға алынды.

Жақын күндері ауыл тұсындағы жағалауларға инженерлік ин­фрақұрылымды тарту бойынша жо­балық-сметалық құжаттама әзір болады. Жоба негізінде электр энер­гиясы, су және кәріз жүйелері жеткізілуі тиіс.

Темірлан Асылбекұлы қазір Балқаш курорттық аймағы инвестор үшін «сүйкімді» болып тұрғанын айтады. Себебі, көл жағасында 169 гектар жер бос жатыр. Нақты айтсақ, Тораңғылықта – 60 гектар, Шұбартүбекте – 30 гектар, Бертіс шығанағында – 60 гектар және Приозерскте 19 гектар жер иесіз. Бұл жерлерді жергілікті әкімдікпен келісіп, кәдеге жаратуға әбден болады.

 

Дамуға тұсау – сапасыз жол

Туризмді дамытудағы тағы бір проблема – жол. Бұл мәселенің Қар­қаралыға да қатысы бар.

Президент көмірлі өлкеге сапарында Қарағанды-Қарқаралы жолын жөндеуді тапсырған еді.

Былтыр екі аралықтағы жолдың 10 шақырымы ғана жөнделді. Биыл бес учаскеде жөндеу жүргізілмек. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Айбол Түсіпбаевтың сөзіне сенсек, биыл бұл бағытта кейбір жерлерде ағымдағы жөндеу шаралары қолға алынады.

– «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз» бағытындағы жолдың бес учаскесінде жөндеу жұмыстары жасалады. Жалпы ұзындығы 89,9 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, бес су өткізетін құбыр ауыстырылады, – деді Айбол Амангелдіұлы.

Облыстың кез келген өңіріне баратын жолдардың сапасы сын көтермейтіні жасырын емес. «Астана-Алматы» күрежолының құрылысы тәмамдалса, алысымыз жақындай түсетіні анық.
Мәселен, турист ынтық Балқаш көлі облыс орталығынан – 400 шақырым, Астанадан шамамен 600 шақырым қашықта жатыр. Көлікпен жолға шыққан жолаушы жарты күнін жұмсайды. Сондықтан, Балқашта әуе байланысын жақсартуға күш салынуда. Ұшақтан тиімді көлік табылмай тұр, әзірге.

Қазір Балқаш қаласының әуежайы облыс әкімдігінің меншігіне берілді. Әкімдік қайта жаңғырту жұмыстарына кірісті.

Қозғалыс жолақтары, әуе­жай ғимараты мен перронды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жоба құны 3,5 млрд. теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң әуежай халықаралық рейстерді де қабылдауға қауқарлы болмақ.

 

«Туризм дәретханадан басталады»

«Атамекен» Кәсіпкерлер па­латасы жанындағы туризм комитетінің төрағасы Жазира Жанкина шетелдік туристер алдында сан мәрте ұялғанын айтады.

– «Туризм дәретханадан басталады». Бізге шет елдерден туристер көп келеді. Әсіресе, Франция елшілігімен тығыз жұмыс істейміз. Еуропалықтарды этнотуризм, экотуризм қатты қызықтырады. Қарағанды облысында оларды апаруға болатын жер көп. Мысалы, Ақтоғай ауданындағы Бегазы-Дәндібайды алайық. Саяхатшылар ол туралы интернеттен оқып алады да, көруге құштарлығы артады. Тиісінше, біздің фирмаға жүгінеді. «Келгенше қонақ қысылады, Келген соң үй иесі қысылады» дейді ғой. Ақтоғайға апарғанша әбден ұялып бітемін. Астаң-кестеңі шыққан жолды былай қойғанда, жол бойында дені дұрыс дәретхана жоқ. Кафе-мейрамхананы сағалап, қожайындарынан сөз естіп жүргеніміз, – дейді Жазира Құрмашқызы.

Кәсіпкердің бұл мәселені қозғап жүргеніне бірнеше жыл болды. Алайда, әлі де сонша жыл күтетініне өзі де сенімді.

«Астана-Алматы» күрежолының құрылысы мәресіне жетпей, Ақтоғай, Балқаш бағытында санитарлық-гигиеналық торап салынбайтыны мәлім. Дегенмен, басқа өңірлердегі жағдай да мәз емес.

Мәселен, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов ауданда небәрі екі санитарлық-гигиеналық торап барын айтады.

– Ауданда екі торап бар. Біреуі Үміткер ауылында орналасса, екіншісі – Үштөбе ауылында. Үміткердегі торап күніне 1000 адамды қабылдай алады. Мүгедектерге де арналған кабинамен қамтылған. Үштөбе ауылындағы торап та тура сондай. Алайда, кісі аяғы жиі жүретін Қарқаралы бағытында торап жоқ. Бүгінде сол бағытта торап тұрғызу үшін инвестор тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Арман Шалиұлы атап өткендей, торап санын көбейтуге жолдардың елді мекендерден алыс өтуі қиындық тудырып тұр. Арнайы инфрақұрылым – су, кәріз жүйесін, электр желісін тарту қыруар қаражатты қажет етеді.

Ал, орын бөлуде проблема жоқ. Бұл мәселеге келгенде «ҚазАвтоЖол» кеңдік танытып отыр. Облыстық филиал директорының орынбасары Айбол Түсіпбаев Қарағанды-Қарқаралы арасында санитарлық-гигиеналық торап құрылысына үш жерден орын беруге әзір.

Бұл мәселе қашан шешімін табатыны құзырлы органдар өкілдерінің өздеріне беймәлім. Әзірге, жол бойындағы кафелер жолаушының қажетін өтей бермек.

 

Этнотуризм жобаларына қолдау қажет

Президент этнотуризмді дамыту туралы баса айтқан еді. Кенді өлкеде сүбелі жобаны Перизат Құлымбетова ұсынып отыр.

Перизат Қалиханқызы – «Алтын өрнек» орталығының директоры. Орталық былтыр құрылды. Сондай-ақ, Аналар кеңесінің жанындағы «Ісмер» клубына жетекшілік етеді. Клубта ай сайын төрт-бес рет тегін шеберлік сағаттарын өткізеді. Бұл сағаттарға көпбалалы аналар, бойжеткендер, оқушылар қатыса алады.

Қазіргі таңда кәсіпкер қолөнершілер орталығын ашуға бел буып отыр.

– Бүгінде мен үш жүзден астам қолөнер шеберінің басын біріктіріп отырмын. Облыстың әр өңірінде еңбек етіп жүр. Мен осы шеберлер өз жұмысын көрсете алатын бір орталық ашсам деймін. Мүмкіндіктеріне қарай келіп, жұмыс істеуіне жағдай жасаймын. Облыс әкіміне де бұл идеямды айттым. Әкім қолдады. Павильон тауып беруге уәде етті. Павильонда етікші етігін, тігінші киімін тігеді, зергер жүзік соғады дегендей. Шет елден келген туристер орталықта қазақтың ұлттық бұйымдарының қалай жасалатынын көре алады. Саяхатшылар үшін қызықты болады деген ойдамын, – дейді Перизат Қалиханқызы.

Сондай-ақ, кәсіпкер орталық жанынан екі дүкен ашуға ниетті. Бірінде орталық шеберлерінің қолынан шыққан киім-кешек, зергерлік бұйымдар саудаланса, екіншісінде туристер үшін арнайы дайындалған кәдесыйлар сөреге шығарылады.

– Менің мақсатым – облыста қолөнерді қайта жаңғырту. Қазағы аз Қарағанды үшін өте маңызды жоба деп білемін. Бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба болады. Қазір облыс әкіміне ұсынысымызды әзірлеп жатырмыз, – дейді Перизат.

Жазира Жанкина да этнотуризмді дамыту бағытында туристік-анықтамалық орталық ашу қажеттігін айтады.

– Бұл орталықта туристке қайда баруға болатыны туралы бағыт көрсетеміз. Саяхатшы өзіне қажетті ақпаратты алып, Қарағанды облысының көркем жерлерімен виртуальді түрде таныса алады. Қазақ дәстүрін, ұлттық қолөнерін көзімен көреді. Тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық ойындарды ойнап, тағамдардан дәм татады, – дейді Жазира Құрмашқызы.

Кәсіпкердің сөзіне сенсек, мұндай орталықтар Қазақстанның барлық дерлік өңірінде бар. Тек, Қызылорда, Орал, Петропавл мен Қарағанды ұятты болып тұрмыз.
Президент айтқан үдеден шығуда Қарағандыға артылған жүк ауыр. Өйткені, бізде сырттағы жұрт сүйсінген байлық бар. Міндет – сол байлықты ұқсатып, қызметімізге жарату…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button