Туризм — табыс кілті

Туризм саласы туралы алыпқашпа сөздер көп айтылды. Осыған дейін. Кей адамдар «Туризмнің не керегі бар? Жерасты байлығымыз да жетерлік» деп шықты. Ал, бұрыннан ел экономикасының көтерілуіне септігі тиеді деген елдер туризммен де бюджеттің бүйірін қампайтуға болатынына көз жеткізді. Соған миллиондап ақша бөлді. Қайтарымы бар деп. Иә, 90 жылдардағы тоқырау уақытында «Елге келетін қонақтарға не көрсетеміз?», «Оларды не қызықтырады?» деген сұрақтар туындады. Тәуелсіздікті алған жылдардан бастап Қазақстанда осы салада жұмыстар атқарыла бастады. 30 жылда не атқарылды? Соған тоқтала кетсек…

Кеңес Одағы дәуірінде туризм тұралап қалды. Оған да басты себеп – он бес мемлекетті уысында ұстаған биліктің идеологиясы еді. «Әлемде біріншіміз» дегендерге туризм керек пе еді? Жоқ. Алыс-жақын шетел тұрмақ, қызыл тудың астындағы көрші республикаға саяхаттау мүмкіндігіне жеткендердің өзі аз болды. Тек санаторий, курорт, балалардың «Артек» демалыс лагері ғана ішкі туризмнің бір парасы еді. Қазақстанда да озат шопан, үлгілі механизатор, стахановшы сынды үздіктер ғана бұл бақытқа ие болды. «Бесжылдықты уақытында орындау керек», «100 қойдан 150 қозы аламын» деп талас-тартысқа түсіп жатқанда, туризмді айту, не тәйірі?.. Жеріміздің астындағы қазбаны қопарып, жерін тырмалап, малмен күн көргендерге «туризмді дамыту керек десе», бетіне қарап күлер еді. Тек Азаттық қана Қазақстандағы туризмді дамытуға жол ашты. Тәуелсіздік жылдарында имидждік-инвестициялық тех нология ретінде туристік саланы жолға қою үшін қаншама ірі реформалар жасалды. Алғашқы қадам 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болудан басталды. Осы жылы «Туризм индустриясын дамытуға арналған Ұлттық бағдарлама» қабылданды. Ал, араға төрт жыл салып, 1997 жылы «Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы» мен «Жалпы туризм дамуының Стратегиясы» жасалды. 2000 жылы 13-16 қараша аралығында Қазақстанның Туризм Қауымдастығы АҚШ-тың «Конвеншн-бюро» ұйымының грантының арқасында ең алғаш рет Лондонда өткен WоrLd ТrаvеL Маrket туристік жәрмеңкесіне қатысты. 2001 жылы 13 маусымда «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заң қабылданды. Онда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау және тағы да басқа мәселелер тұжырымдалды. 2002 жылы республикада 430 туристік ұйым, фирма мен әртүрлі бюро жұмыс істеген екен.

Онда 6 мың адам, оның ішінде 1 500 кәсіптік экскурсия жүргізуші (гидтер) қызмет көрсетіп, Қазақстанның туристік фирмалары дүние жүзінің 80-ге жуық елімен қарым-қатынас орнатқан. Бірнеше елге чартерлік әуе рейстері жолға қойылыпты. Осы жылдары еліміздің Туризм және спорт академиясы, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы мемлекеттік университеті, Қазақ ұлттық университеті, «Тұран» университеті сияқты және тағы да басқа бірнеше жоғары оқу орындарында туризм мамандары даярлана бастады. 2007 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясында туризм саласы экономиканың приоритетті саласы болып танылды. Статистикалық талдауға сәйкес, осы жылы барлық туристік қызмет айтарлықтай өскен екен. 2006 жылмен салыстырғанда елімізге келген туристер саны 12,8%-ға (5 млн. 310,6 мың адам), сапарлап шыққандар 23,2%-ға (4 млн. 544,4 мың адам), ішкі туризм 12,5%- ға (3 млн. 932,6 мың адам) артқан. Осы жылы Президенттің Жарлығымен 2007- 2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның индикаторлары бойынша 2011 жылы ішкі туризмді 4,5 млн. адамға, келуші туристер санын 9,5 млн. адамға жеткізу көзделген. 2014 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Туристік саланы 2020 ж. дейін дамыту тұжырымдамасын» әзірледі. Ал 2015 жылы «100 нақты қадам» жоспарында туризмді дамыту шарттарына әсер ететін бірқатар институционалдық өзгерістер ұсынылды.

Сондай-ақ, туризм саласын дамыту мақсатында 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан, Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден-ақ саяхат пен туризм нысандары болып саналады. Бүгінде Қазақстан аумағы бойынша 700- ден астам туристік бағдар белгіленген. Оларға Қазақстанда жиынтық сыйымдылығы 33 мың орынды құрайтын әртүрлі санатты 372 қонақ үй қызмет көрсетеді. Елімізде туризмді барлық түрі бойынша дамытуға мүмкіндік бар. Соның ішінде жалпыға бірдей ең негізгі төрт түрін атай кетсек, олар – табиғи-рекреациялық (экологиялық), тарихи-археологиялық (тарихи), зиярат ету (діни) және спорттық (салауатты өмір салты) туризм.

Аймақтағы туризм

Қазба байлығы жоқ елдер сырттан қонақ шақырып, күтіп, сыйлап жіберумен ғана кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Біздің де жеріміз ұялмай туристерді қарсы алуға болатындай. Ұлытау, Балқаш, Қарқаралыны айтпағанда, Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау сынды елді мекендерімізде сулы да нулы, тарихқа тұнған жер жетерлік.

Жыл басында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Қазақстанда 2021 жылы туризм саласында 454,5 млрд. теңге игеру көзделген 57 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланғанын мәлімдеген болатын. Оның ішінде қонақ үй, демалыс кешендері, емдеу-сауықтыру орталықтарын ашу қарастырылған. Ал, аймақта қолға алынатын жоба туралы «Бізде үш туркластер бар – бұл 50 өңірлік жобалар тізімінде тұрған ұлттық жобалардың ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау. Балқаш курорттық аймағын дамыту үшін бюджеттік және жеке инвестициялар сомасы 30 млрд. теңге болады», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Туристік сала Қарқаралыда да кеңейіп, бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарлануда. Инвестициялар 1 млрд. теңгеден асады. Қарқаралы өңірі табиғат пен тарихты сүйетіндер, демалушылар, қонақтар және туристер үшін ерекше қызығушылық танытары сөзсіз. Қарағанды облысындағы ең көне қала – Қарқаралыда атақты Қоянды жәрмеңкесі өткізіліп тұрған. Аудан жері арқылы Ұлы Жібек жолы өткен.

Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ескерткіші, жорық шатыры және қонақ үйден тұратын заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер бар. Ұлытауға халық Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді. Атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде бабаларымыз жауды қырып салған мекен бұл.

«Ұлы ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан, біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс», – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Туризм бір күнде жолға қойыла салатын сала емес. Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымның дерегi бойынша, туризм әлемдегi жалпыұлттық өнiмнiң оннан бiр бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдiк өндiрiстiң әрбiр 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етедi екен. Осы деректер, дұрыс жасалған инвестиция қайтарым беретініне сендіре түседі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.