Жаңалықтар

ҚҰТТЫМБЕТ БАТЫРҒА ТАҒЗЫМ

Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

     Жезқазғанда Бұланты шайқасы қаhармандарының бірі – Құттымбет батырдың 320 жылдығына арналған іс-шаралар өткізілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл тағлымды шараға қаладағы мемлекеттік мұрағат және «Қазақмыс Корпорациясының» Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайы мұрындық болды.

Тарихи-өндірістік мұражай залында өткізілген «Бұланты-Білеуті азаттық күресі – қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы маңызды кезең» тақырыбындағы конференцияда қалмақ-жоңғар шапқыншылығында ел қорғауға аттанған Төлек, Шұбартулы Жаулыбай, Тілеулі, Құттымбет, Апыр, Сағындық сияқты Ұлытау өңірі батырларының ерлік жолдары жайлы әңгіме кеңінен өрбіді. «Құрмет» орденінің иегері, белгілі журналист, алаштанушы Сәбит Байдалы, өлкетанушы, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Тоғанбай Құлманұлы, Еуразия университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жамалден Ибрагимов, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, өлкетанушы Сағындық Қожамсейітов, қаладағы мемлекеттік мұрағат директоры, өлкетанушы Бағдат Байжантаев және Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай директоры Кенжал Балкенов Бұланты шайқасының белгілі батырларының есімдерін дәріптеумен қатар белгісіздерін де анықтау жолындағы ізденістерді жалғастыра беру жөнінде ой қозғады. Құттымбетке халқы «Жүрегінің түгі бар ер Құттымбет» деп баға берген екен. Одан әрі конференцияның секциялық отырыстары Құттымбет батыр жерленген Есқұла бойындағы киіз үйлер қалашығында жалғасты. Батырдың ұрпақтары осы жерде құрбандық шалып, ас берді. Ерлердің ісі өнеге боларлық шаралар аясында балуан күрестіріліп, әртүрлі спорттық ойындар ұйымдастырылды. Құттымбет батырдың сәулетті кесенесі салтанатпен ашылып, құран бағышталды.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button