Баған

Цифрлы медиа сападан алыстамасын

ХХІ ғасыр – ғаламтор дәуірі. «Цифрлы ұрпақ» атауын иеленген біздің өмірімізге интернет дендеп еніп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Жас та, кәрі де қалта телефонына телмірген заман. Әлемде 7 миллиардтан астам халық болса, соның 4 миллиардқа жуығы интернетті пайдаланады. Соның 75% жуығы – смартфон, планшет, компьютер құрылғыларына тәуелді. Тәуелділік – әлеуметтік медиа деген түсінікті қалыптастырды. Қаласаң да, қаламасаң да, әлеуметтік медиасыз өмір сүру – екіталай.

«Әлеуметтік медиа -жаңалық тұтынудың ең қарқынды дамып келе жатқан тәсілдерінің бірі», – дейді батыс журналистері. Бүгінде әлем халықтарының басым бөлігі ақпаратты Facebook-тен және YouTube-тен алады. Америкалықтар көбіне блогтар мен Twitter-ді қолданады.

«Әлеуметтік медиа -жаңалық тұтынудың ең қарқынды дамып келе жатқан тәсілдерінің бірі», – дейді батыс журналистері. Бүгінде әлем халықтарының басым бөлігі ақпаратты Facebook-тен және YouTube-тен алады. Америкалықтар көбіне блогтар мен Twitter-ді қолданады.

Қазақстанда «Facebook» желісінде 2,1 млн, «Instagram» желісінде 6,5 млн, «ВКонтакте» желісінде 12,1 млн, ал «Однаклассники» желісінде 10 миллионнан астам аккаунт тіркелген (блогер, журналист Өркен Кенжебектің дерегі). Жалпы желілердің 50% астам оқырманы – жастар.

Әлеуметтік желіден аккаунт ашқан әр автор – жаңа медиа мүмкіндігін пайдаланушы. Желіде жазылған әр пост, пікірлер, жүктелген сурет, бейнежазба, бөлісілген мақала автордың контенті болып табылады. Жоғарыдағы деректерге қарап, біздің оқып-жазғанымыздан, жазып жатқан дүниелеріміз көп сияқты. Оның оқырманға пайдасы бар ма, жоқ па, қорытып жатқан автор жоқ. Бұрын автор дегенде көркем шығарманы, ғылыми мақаланы, сәулеттік дүниелерді жасаушылар мен өнертапқыштарды айтушы едік. Бүгінде әлеуметтік медианы меңгергеннің бәрі – автор. Енді мәселенің екінші қырына үңіліп көрейік.

Бүгінгі таңда дәстүрлі медиа жаңашылдыққа баяу жүргенімен, цифрлы медиамен үзеңгілесіп келеді. Газетжурнал, телеарналардың интернет-сайт нұсқалары қоғамға ақпаратты цифрлы форматта ұсынуда. Олар да жаңа медиа мүмкіншіліктерін меңгеру үстінде. Қазіргі цифрлы журналистика қазанат сияқты. Тоқтату мүмкін емес, тек оның жылдамдығына ілесе білу керек.

Көпшілік цифрлы медианы жатсынып, уақытша тенденция ретінде қарайтыны рас. Дегенмен, сен «еріккеннің ермегі» деп жүргенде, медианың жаңа мүмкіндігіне ілесе алмай қалуың бек мүмкін. Батыс елдері мен Америкада қарқын алған цифрлы журналистика адамдардың ой-санасына ықпал ете алатын алып күшке айналды.

Ал, цифрлы журналистика конвергенті – журналистикаға тәуелді. Яғни, бір мезетте болған оқиғадан, іс-шарадан мәтін, фото, бейнежазба, подкаст, тіпті, инфографика мен суреттер жолдай алатын «журналистің» заманы туды. Цифрлы журналистикада бір адам, бір БАҚ өкілі дербес жеке бір медианың рөлін атқарады. Дәстүрлі медиада, жоғарыдағы материалдарды ұсыну үшін бірнеше команда жұмыс атқаруы мүмкін.

Цифрлы журналистика көз ілеспес жылдамдықпен дамығандықтан, күрделі көрінеді. Журналист, болмаса автор жаңа медиа трендтерді меңгеруге көп уақыт кетеді деуі де мүмкін. Бірақ, жоғарыда айтқандай, жаңа медианы меңгеруге журналист мамандары ғана емес, әлеуметтік желіні меңгерген алып күш келе жатқанын көруді де ұмытпағанымыз абзал.

Цифрлы ұрпақ жаңа медиа көшінен қалыс қалмай, өзгерістерге толы өмірге қадам басты. Сападан алыстап кетпесе – нұр үстіне нұр.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚ,

«QAZAQSTAN TARIHY» порталының бас редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button