Бас тақырып

Тозған жолдар жөнделеді

Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – жол. Әсіресе, облыстық, аудандық маңызы бар автожолдардың басым бөлігі талай жылдан бері жөндеу көрмей тозып тұр. Қарапайым халықтың айтуынша, жөнделген жолдың да оңғаны шамалы. Сапасы сын көтермейді. Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Облыс аумағындағы тозығы жеткен жолдар жөнделе ме? Қанша қаржы бөлінді? Толығырақ тарқатсақ.

Әлеуметтік желідегі ағайын Қарқаралы мен Ұлытау аудандарының жолын жиі сынға алады. Екеуіне баратын туристердің саны жыл сайын еселеп артып келеді. Көрсеткіш бұдан да жоғары болар ма еді, егер жолы сайрап жатса. Өкінішке қарай, Кеңес дәуірінен мұраға қалған тас жолдардың бүгінде саутамтығы қалмаған. Жыл сайын жамап-жасқап жөндеген боламыз. Әйтсе де, жолаушы мен автокөлік иесінің көңілі толмайды.

– Жұрт «Таксилер аспандағы бағаны айтады. Қанағатсыз» деп ренжіп жатады. Бензин бағасы шарықтап тұр. Машинаның қосалқы бөлектері қымбат. Жолдың сиқы болса мынау. Екі күннің бірінде жөндеуден өткіземіз. Ол қып-қызыл ақша. Сондықтан да, бағаны қымбат айтамыз. Бұрын жол қазіргіге қарағанда жақсы еді. Соңғы жылдары кен тасыған жүк көліктері Матақ ауылындағы теміржол торабына дейін келетін болды. Тонналаған жүк артқан көліктер өзі де тозығы жетіп тұрған жолды құртып бітті, – дейді Ернар есімді азамат.

Қарқаралы ауданы бойынша 1200 шақырымнан астам автожол, оның ішінде 192 шақырым республикалық маңызы бар, 311 шақырым облыстық маңызы бар жолдар өтеді. Олардың басым дені жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Қарқаралы ауданына барған жұмыс сапары кезінде жолдың жайына назар аударып, келесі жылы жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаражаттың 3,5 есеге артатынын айтқан болатын. Яғни, Қарағанды мен Қарқаралы арасындағы автожол жөнделеді, сондай-ақ, Қарқаралы – Егіндібұлақ бағытындағы жолды ретке келтіру жұмыстары жалғасады. Бұдан бөлек, Қарқаралы ауданы арқылы Шығыс Қазақстан облысына баратын жолға кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл екі облыстың арасындағы байланысты жақсартып қана қоймай, Бүркітті, Бақты, Томар және Татан ауылдарының халқы үшін ұзақ жыл жыр болып келген жол мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік берері анық.

Жезқазған өңірінің халқы үшін де жағымды жаңалық. Келесі жылы Қызылорда-Жезқазған бағытындағы автожолды жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу аяқталады. 2020 жылдың екінші жартысынан бастап жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Сонымен қатар, Қарағанды-Жезқазған жолын жөндеу жоспарланған.

– Жолдарды жөндеу мен салуға барлық қалалар мен аудандардың бюджеттері еселеп ұлғаюда. Жергілікті желі бойынша келесі жылы 50 де 50 қағидаты арқасында республикалық бюджеттен артық қаражат аламыз. Облыс бойынша биылға қарағанда 30-40% артық соманы жолға жұмсауды жоспарлап отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек облыстық мәслихатта өткен Nur Otan партиясының депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында.

Хош делік, жолдар жөнделер. Бірақ, оның сапасы қандай болады? Жөндеуден өткен жолдардың сапасының сын көтермеуінің сыры неде? Бұл туралы Ұлттық жол активтері сапасы орталығының облыстық филиалы директорының орынбасары Айбол Бидайбеков мырзадан сұрап білген едік.

– Жалпы алғанда, аймағымыздағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың көпшілігінің сапасы орта деңгейден жоғары. Ал, аудандық және жергілікті деңгейдегі маңызға ие жолдардың сапасы сын көтермейді. Көпшілігі уақытылы жөндеу көрмей, әбден тозған. Жол сапасының күрт төмендеп кетуіне жүк көліктерінің де әсері бар. Автожолдың қас дұшпанына айналған 40- 50 тонналық ауыр жүк көліктеріне тиісті шара қолданбай тұрып, аймаққа сапалы жол салынады деп айту қиын. Мәселен, былтыр Тоғызқұдық ауылына әп-әдемі жол төселген болатын. Биыл ол жұмыстардың ізі де жоқ. Неге? Өйткені, ауыл іргесінде кеніштен жүк көліктері көмір тасып жатыр. Қазір бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында. Облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы полиция қызметкерлерімен бірге тиісті шараларды қабылдау үстінде, – дейді Айбол Бидайбеков.

Басқа материалдар

Back to top button