Жаңалықтар

Торқалы тойға – толымды тарту

Қалыптасқан дәстүрге сай газеттің  торқалы тойына тарту ретінде  қарашаңырақ – «Қарағанды пролетариаты» – «Советтік Қарағанды» – «Орталық Қазақстан» газетінің 85 жылдық тарихына арналған  фотошежіре – кітап жарыққа шықты.
Газеттің арнайы және мерекелік сандарында, басылым тарихына арналған кітаптарда   қазір өткен дәуірдің жәдігерлеріне айналған фотосуреттерді әр бетке шашырата шығарып жүруші едік. Бұл жолы оларды белгілі бір жүйемен бастарын қосып,  кітап қылып жариялауға мүмкіндік туды. Идея авторы және алғысөзін жазған – газеттің бас редакторы Мағауия Сембай.  Құрастырған және газет тарихына қатысты тарихи деректерді топтастырған осы жолдардың авторы.  
 Кітапта  газет өміріндегі  кейбір елеулі оқиғаларға байланысты  және қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, журналистері,  мәдениет және өнер қайраткерлерімен  бірге түскен естелік суреттер, ұжым болып демалысқа шыққан   сәттер, еңбек тынысын бейнелейтін фоторепортаждан алынған суреттер беріліп отыр.  Мысалы,  «Құтты қонақ келгенде»  деген  тарау   Қарағанды көмір кеніші  өнеркәсіптік негізде игеріле бастаған сонау 30-жылдардың басында (нақтырақ айтқанда 1933 жылы)  Қарағандыда қазақ тілінде  шыға бастаған газетке көмекке келген қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановпен бірге 1967 жылы түскен естелік суретпен ашылады. Қарағандыға келген сапарында  қазақ тілінде шығатын жалғыз газет редакциясына академик Ә.Марғұлан, композиторлар Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов,Ә.Бейсеуов, жазушылар Ә.Әбішев, М.Сәрсекеев, ақын Т.Молдағалиев, басқа да мәдениет және өнер қайраткерлері бас сұқпай кетпейтін. М.Әуезов атындағы театр артистерінің труппасы да бірі қалмай қонақ болған сәтке куә болғанбыз.
Фотошежіреден журналистердің бірнеше ұрпақтарының бет-бейнесін көре аласыздар.  Шетелге жасаған саяхаттары, көңілді демалыс сәттері де ұмыт қалмады. Бұл үшін  Қ.Шамов. Ю.Хейфиц, Ж.Иманәлиев сынды  фототілшілер түсірген, бұрынғы және қазіргі қызметкерлердің отбасылық альбомдарынан алынған фотосуреттер пайдаланылды.
Шежіре кітап редакцияның қазіргі құрамының тыныс-тіршілігін бейнелейтін  әдемі де түрлі-түсті суреттермен безендірілген.

Аман ЖАНҒОЖИН,
редакцияда 1974-2013 жылдары қызмет  еткен ардагер журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button