Ресми

«ТОП-10»: Туризм түлеуі тиіс

Әлемдік экономикадағы қарқыны күшеймесе, бәсеңдемейтін бірден-бір сала – туризм. Өйткені, туризм жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, халықтың тұрмысын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықты азайтуға, сыртқы сауда көрсеткішінің өсуіне ықпал етеді. Бірақ елдегі туризм көп сынға ұшырайтын ұшынған сала екені рас. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев серпін керектігін атап, Үкіметке арнайы тапсырма да берген болатын.

Балқаш туризм

Туризмді дамыту жол картасы не береді?

– Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуы тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сонда барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Негізгі деректерге сүйенсек, былтыр Қарағанды облысында 360 мыңнан астам турист тіркелген. Оның ішінде, 16 мыңға жуық шетелдік қонақтар келіп демалған. Осыған орай, жыл сайын саны артқан туристердің демалыс аймақтарын абаттандыруды қамтитын жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. 240 млрд. теңгені құрайтын 66 іс-шараны қамтитын кешенді жоспардың жобасы әзірленген. Балқашта толыққанды туристік кластер құру мақсатында жұмыстар қолға алынды. Қазірдің өзінде 70-ке жуық демалыс аймағы жұмыс істейді.

2019-2023 жылдарға арналған еліміздің туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Балқаш көлінің жағалауын дамытуға қомақты қаржы қарастырылған. Аталған бағдарлама аясында Балқаш көлі маңында жаңа нысандар бой көтеріп, жолдар салынады. Демалыс орында­рына коммуникациялар тарту жол­­ға қойылған.

– Бүгінде қалада туризм бо­йынша абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жағалауды алматы­лық құрылысшылар жобалаған. Жобаның тұрғындарды тартатын қызықты тұстары көп. Көлге шығатын жолдар, көпірлер бо­лады. Туристерді қызықтыратын орынға айналу үшін барлық жағдай қарастырылған. Жағалауда су мен жауынға төзімді тастөсем, субұрқақтар мен серуен алаңы салынады. Балқаш туризмді дамытудың жол картасында бар. Жағалауды абаттандыруға 4 млрд.теңге республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Бұл жұмыспен «Балқаш Жібек жолы» компаниясы айналысуда, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Туристер көп келетін шаһарда биылдан бастап, көпжылдық гүлдер отырғызуға көңіл бөлінді. Сондай-ақ, жасыл желекті кү­тіп­-баптау жұмысымен айналысатын мердігер компаниялармен үш жылға шарт жасалмақшы. Ол компаниялар күзгі отырғызу жұмыстарына да жауапты.

 

Бүгінгі бағдар қандай?

Балқаш көлінің жағалауында орын тепкен қала – шағын және орта бизнесті дамытудың таптыр­мас көзі. Жыл санап, мұнда келетін саяхатшылардың саны еселеп артуда. Бұл туралы Балқаш қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанмира Рахпанова мәлімдеді.

– Балқаш қаласына туристер­дің көптеп келуі, ішкі туризмнің ілгері басуына ықпал етіп отыр. Туристік аймақ үшін көптен күткен 18 бизнес-жобаның басталуы өңір туризмін өркендетуге жасалған нақты қадам. Сонымен қатар, Балқашқа Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерінің қосылуы – оңтайлы шешім. Бүгінгі таңда осы аумақта жүйелі жоспар жасалынды. Жағалау аймағының 22 шақырымын инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету және абаттандыру жолға қойылған.

Мұнда жеке инвестициялар есебінен 12 демалыс аймағы мен туризм нысандар салынады. Қазақстан Республикасының 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Балқаш курорттық аймағы туристификация картасының «ТОП-10» тізіміне енгізілді. «Тораңғалық, Шұбартүбек кенттеріндегі су құбыры желілерінің құрылысы» жобасының құны 9,8 млрд. теңгені құрады. Бұған қоса, «Тораңғалық, Шұбартүбек кенттерінде тазарту құрылыстары бар кәріз желілерінің құрылысы» жобасы бар. Құрылыс құны 13,672 млрд. теңгеге жоспарланып отыр. Электр желісі жасалатын болады, – дейді Жанмира Рахпанова.

 

2025 жылы – 170 мың турист

2025 жылға қарай өңірге келетін туристердің санын 4 есеге ұлғайту жоспарланған. Мәселен, туристік аймақ 2022 жылы 67,295 мың адамды қабылдаса, 2025 жылы 170,060 мың адамға қызмет көрсетуге жағдай жасамақ. Жергілікті бюджетке шамамен 180 млн. теңге сомаға салықтар мен төлемдер түседі деп күтілуде. Ал, «Бертіс» шығанағы ауданында салынатын 18 нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу бизнесті кеңейтуге жол ашпақ.

Туристік салаға инвесторлар­ды тарту үшін аса маңызды мә­­селелердің бірі – көлік логис­тикасы. Барлық санаттағы ұшақ­тарды қабылдау және әуежайды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін Балқаш қаласы әуежайының жекелеген ғимараттарына реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін 3,5 млрд. теңге сомасына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының отандық өнімнің үздіксіз экспортын қамтамасыз ету және елдің транзиттік әлеуетін ұлғайту мақсатында «Достық-Мойынты» теміржол желісінің құрылысы басталғаны мәлім. Бүгінде 836 шақырымды құрайтын «Достық-Мойынты» теміржол желісінің екінші жолының құрылысы аса маңызды болып отыр. Пойыздардың басым бөлігі Балқаш қаласынан өтеді. Бұл теміржол арқылы қатынайтын туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button