Толғаулы сауалға – толымды жауап
Билік пен бұқара арасында алтын көпірдің қызметін атқаратын БАҚ өкілдері екені мәлім. Көптің көкейіндегі сауал мен мәселелерді атқарушы билікке жеткізетін де осы тілшілер қауымы. Осы орайда аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен кездесті. Әкім брифингті бірден шахтадағы апаттан қаза болғандардың отбасына көрсетілген көмекті баяндаудан бастады. Содан соң тілшілердің сұрақтарына жауап беруге кірісті. Ал тілшілер тарапынан жолданған сауалдар өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуының барлық саласын қамтыды.
Кеншілердің отбасылары көмектен кенде болмайды
Бүгінде апат салдарына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол туралы ақпараттар кейін жария етіледі. Ал қазіргі уақытта қаза тапқан кеншілердің отбасына мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетіліп жатыр.
– Сіздердің ең алдымен Костенко атындағы шахтадағы апаттың салдары бойынша атқарылған жұмыстардың барысы жайлы білгілеріңіз келетінін түсінемін. Сондықтан, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып беруді жөн көріп отырмын.
Біз тергеу барысын қатаң қадағалап, қаза тапқан кеншілердің барлық туыстарына қолдау көрсетудеміз.
Қаза тапқан шахтерлердің отбасылары бойынша жауапты тұлғалар бекітілді. Жерлеуді ұйымдастыру, төлемдер және тұрмыстық мәселелерді шешу бойынша тиісті қолдау шаралары жүргізілді. Мен әр отбасымен жеке кездестім, оларға көмек көрсету мәселесі тұрақты бақылауда, – дей келе, аймақ басшысы көмекке тоқталды.
Қазіргі таңда кеншілерді жерлеу рәсімі үшін БЗЖҚ-дан біржолғы төлем алуға құжат рәсімделді. 42 шахтердің құжаты рәсімделсе, қалғаны әлі жасалуда. Республикалық бюджеттен кәмелетке толмаған және жоғары оқу орындарында оқып жатқан балалары бар 20 отбасыға асыраушысынан айырылғандығы жөнінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Сақтандыру төлемдері мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ы марқұмдардың жоғары оқу орындарында оқып жатқан балаларына оқу ақысын қараша айынан бастап төлейді.
Кеншілердің отбасына бұдан да өзге көмектер беру жалғасады.
– Бүгінде шахта апатынан зардап шеккен 10 адам медициналық ұйымның бақылауында. Олардың жағдайы – орташа. Ал, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ы 41 отбасына 10 жылдық жалақы төледі. Сонымен қатар, қаза болған шахтерлердің, жұбайларының, ата-аналары мен балаларының несиелері толық өтелді. Сондай-ақ, компания отбасының әр мүшесіне 18 шаршы метрден кем түспейтін есеп бойынша пәтер алып беру міндетін мойнына алды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кәсіпорында, еңбекақы да қысқармайды
Бүгінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ы жұмыс істеп тұр. Апат орын алған шахтадан басқа кеніштер жұмысы жалғасуда. Шахталар инвестор ауысқан күнде де жұмысын тоқтатпайды. Аймақтағы шахталарда еңбек ететін кеншілер жұмыстан қысқартылмайды және айлықтары да бұрынғыдан кемімейді. Жаңадан келетін инвесторға да қойылатын басты талаптың бірі – осы.
Бұл туралы әкім орынбасарлары шахталарда кеншілермен кездесіп, түсіндіріп айтқан.
– «Жаңа инвестор келсе, жұмыс орны қысқара ма?» деген сұрақтар жиі қойылады. Бірақ қандай инвестор келсе де, шахтерлердің де, металлургтердің де айлықтары азаймайды және қысқарту да болмайды. Ондай жоспар жоқ. Сондықтан, бұл әңгімені тыйғым келеді. 8 шахтада да кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта жаңа инвесторға бұл талаптар бірінші кезекте қойылады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Шахтаны жабу деген сөз атымен жоқ. Өнім алу азайған болуы мүмкін. Қазір нақты мәліметтер келтіру қиын. Дегенмен, аймақтағы көмір өндіретін кәсіпорындар тарапынан олқылықтың орны толады деген сенім бар. Қандай инвестор келсе де, салық төлеуден жалтармайды.
Үшінші жылу магистралі келесі жылы іске қосылады
Аймақ басшысы Қарағандыда жылу тапшылығы барын жоққа шығармайды. Жылу негізі стансада бар. Тек оны шығаруда қиындықтар орын алып отыр. Сондықтан да, 3-ЖЭО-нан шығатын үшінші жылу шығару желісінің құрылысы қолға алынғаны мәлім. Бұл күнде ол құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Оны толық келесі жылы іске қосу көзделуде. Сол арқылы қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі жылу тапшылығы жойылады.
– Біз бұл үшінші жылу шығару желісін алдағы жылы іске қосуды өзімізге міндет етіп алып отырмыз. Осылайша, қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігін қосымша жылу көзімен қамтамасыз етеміз. Бүгінде Қарағанды қаласында 800 мың шаршы метр үй салынуда. Сол себепті, бұл жылу желісінің іске қосылуы маңызды. Үйлермен қатар, салынып жатқан әлеуметтік нысандар да бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағандыда 50 метрлік бассейн жобасы жасалды
Қарағандыда олимпиадалық стандартқа сай 50 метрлік бассейн жоқтығы жиі айтылатын. Көптен бері көтеріліп келген мәселеге аймақ басшысы нүкте қойды. Алдағы уақытта олимпиадалық стандартқа сай тереңдігі 50 метр болатын бассейн кешені бой көтермек.
– Бұл – айтарлықтай қымбат жоба. 16 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Бассейнге лайықты орынды ұзақ таңдадық. Соның нәтижесінде триатлон саябағы ауданына тоқтадық. Құрылыстың қашан басталатыны жөнінде нақты ештеңе айта алмаймын. Бюджет мүмкіндіктеріне қарай әрекет етеміз. Облыстық бюджеттен бүгінгі таңда осынша қаражат бөлу – оңай емес, – деді аймақ басшысы.
Жаңа өндірістер кепіл болады
Аймақта 80 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ал еңбек нарығында әсіресе, арнайы орта мамандар қаттығы бар. Жалпы, облыста тың жобалар іске қосылады.
– Өңірде іске қосылатын үлкен жобалардың бірі – Осакаров ауданындағы «Sarapan» фабрикасы. Тағы бір ірі жоба – «Шұбаркөл көмір» кен байыту фабрикасы. Жобаның құны – 40 млрд.теңге, 100 млн. доллардан астам. Саран аймағында тұрмыстық техникалар шығарылатын зауыттың құрылысы сынақ режимінде жүргізіліп жатыр. Және осы Саран аймағына екі инвестор келді. Олардың бірі коммуналдық жүйеге бізге аса қажет құбыр түрін өндіретін зауыт салса, екіншісі, жылытқыш материалдар шығаратын зауыт тұрғызады, – деді аймақ басшысы.
Одан бөлек, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында да өнеркәсіпке арналған жарылғыш заттар өндіретін зауыт құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта ферроқорытпа зауыты салынады. Бүгінде зауыттың қаржыландыруы шешілген. Бұл жерлерге де мамандар қажет болады.
Ал, ауыл шаруашылығында триллион теңгеден астам қаржы бөлінген 54 инвестициялық жоба дайын. Аймақ басшысы алдағы уақытта осы жобалар бойынша қарқынды жұмыстың жүргізілетінін айтты. Мәселен, Нұра ауданында заман талабына сай неміс аппараттарымен жабдықталған сүт фермасы бой көтереді.
– Инвестор сенімді. Келер жылы осы жобаны іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Дәл осындай ферма Бұқар жырау мен Абай ауданында да ашылады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жүргізушілерді оқытатын орталық
Автобус жүргізушілерінің қызметіне қала тұрғындарының көңілі толмайды. Одан қала берді автобустардың ерте тоқтап қалатынын айтып, талай мәрте автопарк басшылығы мен әкімдікке шағымданған болатын.
– Қарағандыға алыс-жақын аудан мен қаладан қатынап істейтіндер көп. Таңертеңгісін жұмысқа жеткенімен, кешке қайта алмай қалады. Себебі, автобустар ерте тоқтайды. Осы мәселені негізге ала отырып, кейбір бағыт бойынша автобус уақытын түнгі 22:00-23:00-ге дейін созуды тапсырдым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Келер жылдан бастап, бұл мәселе бойынша сұрақ туындамайды деген ойдамын.
Ал, автобус жүргізушілерін оқытатын арнайы орталық жақын арада ашылып та қалады.
Қазіргі таңда жүргізушілерді оқытатын автодром орталығының құрылысы жүріп жатыр. Өңірдегі барлық автобус жүргізушілері осы жерде оқытылады. Құжатын да осы жерден алады. Бұл арада трамвай мәселесі шешімін таппай тұр. Теміртаудағы жалғыз трамвайдың жабылғанын бәріңіз білерсіздер. Қазір инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Мақсат – қаладағы трамвайды сақтап қалу, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Трамвай желісін толық қалыпқа келтіру жұмыстары 15 трлн. теңгеге бағаланған.
Қарқаралыда жаңа әлеуметтік нысандар салынады
Келер жылы Қарқаралы ауданына – 200 жыл. Мерейтой қарсаңында ауданға қатынайтын жол жөнделіп, жаңа әлеуметтік нысандар салынады.
– Басты мәселе – Қарқаралы ауданының жолы. Биыл 44 шақырым жол жөнделген болатын. Алдағы жылы 50 шақырымын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Яғни, «Қарағанды-Қарқаралы» тасжолының біраз бөлігі жөнделіп қалды. Қарқаралының мерейтойында үлкен той жасау деген түсінік жоқ. Керісінше, ауданның инфрақұрылымын жақсарту үшін жолды әрі басқа да жұмыстар жасау көзделген.
Бүгінде Қарқаралыдан аумағы 75 гектар болатын жер белгіленіп, бас жоспары әзірленуде. Қазір орталықтандырылған су, электр жүйесі бойынша мәселелер пысықталуда. Қарқаралының туризмін дамыту үшін жеңілдетілген несие қарастырылуда. Тиісті мамандар аталған мәселе бойынша жұмыс жасауда, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кетейік, 75 гектар жер – туристерге арналған. Яғни, жеке инвесторларды тартып, туристерді қабылдау үшін нысандар немесе демалыс орындарын ашу жоспарда.
– Өткен жолы Астанадан жеке инвестор келіп, тау шаңғысын жоспарлап отырғандығын айтты. Әрине, мұны да қарастыратын боламыз,– деді Ермағанбет Қабдулаұлы. Бұдан бөлек, Қарқаралыда әлеуметтік нысандар бой көтермек. Яғни, келешекте Қарқаралыға жаңа мектеп пен шағын оқушылар сарайы салынады. Қаржы-қаражат қарастырылуда.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz