Өткен шақ – бүгінге сабақ
Өткен аптада Ауғанстан соғысына қатысқан бір топ жауынгер-интернационалистер ҚарМТУ студенттерімен кездесті. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылуының 28 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шараның жастар үшін тәрбиелік маңызы зор болды.
Кездесуге Қарағанды қаласындағы «Ардагер» Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағының төрағасы Талғат Хасенов, оның орынбасарлары Амангелді Байкенов және Сергей Сахнов, одақ мүшелері – Айтбай Жұматаев, Юрий Гнедин, Жеңіс Әбішев сынды ардагерлер қатысып, студенттермен емен-жарқын әңгіме құрды.
Кешті жүргізген университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Назым Алпысбаева бұл соғыстың туындау себебін, сол кездегі Кеңес Одағының, оның құрамындағы Қазақстанның саяси және геосаяси ахуалы жайлы түсіндіріп, жауынгерлердің ерлігін ескерусіз қалдырмай, құрметтеп жүру қажеттігін баса айтты.
Сұхбат түрінде өткен кездесуде бүгінге дейін соғыс деген сұрапыл зұлматтың зардабын, тек, кітап беттерінен оқып-білген жастар тарихи оқиғаның шынайы куәгерлеріне майдан даласындағы қимыл-қозғалыс, ұрысқа дайындық, жауынгерлердің психологиялық тұрғыдан әзірлігі турасында және өзге де өздері үшін маңызды жайттар туралы түрлі сұрақтар қойды. Ардагерлер де Ауғанстан жерінде әр жылдарда қызмет атқарған жауынгерлер, майдан даласында қалған қарулас достары жайлы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі соғыс ардагерлерінің әлеуметтік жағдайы жайлы сөз қозғады. Олар 15 ақпан – жауынгер-интернационалистер үшін ерекше күн саналатындығын, өйткені, бұл күні 10 жылға жуықтаған соғыс аяқталып, өрімдей жастардың қанды шептен елге қайта орала бастаған күні екендігін ескертіп, «бір жағынан қарағанда, қуанышты күнге ұқсайтын сияқты, алайда, көптеген жанұялар үшін бұл ұрыстан оралмаған ұлдарын аза тұту күні болып табылады», – деп, ішкі қиналыстары мен жан толқынысын да жасыра алмады. Бұл соғыстың қасіреті мен естелігі әлі талай ұрпаққа сабақ болары сөзсіз. Мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы айрықша екені анық.
ҚарМТУ-дың
баспасөз қызметі.