Тірлігімнің айғағы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – ана тіліміз» деп ана тілінің даналығын, кемеңгерлігін, шұрайлылығын өз сөзінде айқындап көрсетті.
Ұлтымыздың ұлылығының үлкен айнасы – қазақ тілі. Болмыс-бітімімен, сән-салтанатымен, жан-жақты көрінген бай тіл. Ұлттық тіл – әр халықтың өзіне тән ой-санасын, парасатын, бүкіл тіршілігі мен сезім түйсігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін күретамыры. Қазақ тілі – қаһарман халықтың, қазыналы жерді мекендеген ақ көңіл, мейірімді, қасиетті елдің дана, дархан, от ауызды орақ тілді Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды билердің шешен, көсем тілі.
Тіл тазалығы – ең қымбат қазына. Ана тілін өзге тілдің қоспа сөздерімен шұбарламай таза сөйлеу, білу де мәдениеттілікке жатады. Келешегімізге кәміл сенетін болсақ, сонау замандарда «аттың жалы, түйенің қомында» жүріп, тіл тазалағы үшін күрескен бабаларымыздың бойтұмарындай мұра етіп қалдырған байлықты таза сақтай білуіміз керек.
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011– 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығына Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылы 4 желтоқсанда № 126 Жарлығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы бағдарлама негізінде Қоянды НОМ мемлекеттік бағдарламаның негізі ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясының 7, 93 баптарына; «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151-1 «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуы бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, аталған жоспарды жүзеге асыруда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының 16 бабының орындалуы бойынша, оқу жоспарына сәйкес, мемлекеттік және орыс тілі мектепте оқытылады. Мектеп қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндері осы бағдарламаның мақсатына сай орындалуда.
Мектепте өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында әдеби-танымдық байқаулар, «Тіл шебері», «Қазақшаңыз қалай?», «XXI ғасыр көшбасшысы», «Сиқырлы сандық» т.б. сайыстарға мектеп оқушылары қатысып, өз өнерлерін білімдерін ортаға салды. Аудандық, облыстық «Абай оқулары», «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасына қатысып, оқушыларымыз өз бақтарын сынап дәрежелі дипломдармен марапатталды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын анықтау мақсатында ақын-жазушылардың атаулы мерейтойларына байланысты шығарма, эссе, дөңгелек үстел, әдеби кештер өткізіліп, ең үздік деген оқушылар марапатталды.
Қазақ тілі – қазақ деген халықтың тарихымен астасып,тірлігімен тыныстап жатқан тіл. Өз өмірін Қазақстанның болашағымен тығыз байланыстыра ойлайтын әрбір өзге ұлт өкілі осы мемлекетіміздің ертеңі үшін жаны, жүрегі ауырып, қазақ жерінің елжанды азаматы болуы керек. Өйткені, қазақ тілін білу арқылы олар елімізбен бірге жарқын болашаққа қадам баспақ.
Нұрболат МАКЕРМАН,
Қоянды ауылы негізгі орта
мектебінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі.
АБАЙ ауданы.