Тіл майталмандары топ жарды
Саран қалалық мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – мәртебем» атты сайыс өтті. Саран қалалық білім беру бөлімі мен қалалық мәдениет үйінің жетекшілігімен, білім беру бөлімінің әдіскері Сәулеш Шаймұраттың ұйымдастыруымен білім беру саласы қызметкерлерінің арасындағы сайысқа мемлекеттік тілде сөйлеу мәдениетінің сақталуы, қазақтың салт-дәстүрінен мағлұматтар беру, қазақ халқының тарихы және мәдениеті саласындағы сауаттылықтарын анықтау, «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қала мектептерінің ұстаздары қатысты.
Осындағы жалпы білім беретін №1 мектеп – «Достық», №2 мектеп – «Достық», №4 мектеп – «Тіл білгірлері», №6 мектеп – «Зияткер», №7 мектеп – «Атамекен», №13 мектеп – «Қыздар. Mix.kz», №16 мектеп – «Болашақ», №17 мектеп – «Тіл майталмандары» тобын үкілеп топқа қосты. Қатысушылар үй тапсырмасы, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» (сұрақ-жауап), «Мақал – сөздің мәйегі» (мақал-мәтелдің жалғасын табу және үш тілде айту), «Іскер қазақ тілі» (құжат толтыру), «Түрлі тілде әуезді ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілсін, би биленсін» (өнерлерін көрсету) кезеңдері бойынша бақтарын сынады.
Сайыскерлерді бағалаған қазылар алқасының құрамында №1 балалар өнер мектебінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Т.Мұсалиева, тілдерді дамыту орталығының директоры Г.Шакенова, «Саран газетінің» тілшісі, осы жолдардың авторы және «Колобок» балабақшасының қазақ тілі мұғалімі Г.Турсанина болды.
Сайыс барысында қатысушылардың актерлік шеберліктері, іс-шараға сай киім киістері, сұрақтарға анық, толық жауап берулері, сөздерді үш тілге аудара білулері, нөмірді талғаммен таңдай білуі, орындау шеберліктері бағаланды. Әділ қазылардың шешімімен жалпы білім беретін №17 мектептің «Тіл майталмандары» тобы – І орынды, №13 мектептің «Қыздар. Mix.kz» тобы – ІІ орынды, №4 мектептің «Тіл білгірлері» тобы – ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, барлық қатысушы топтарға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Нұрбану БАЙМҰХАМБЕТОВА.
САРАН қаласы.