Тіл мәртебесі – ұлт мерейі
Жуырда Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Онда «Үштұғырлы тіл саясатын насихаттау және латын әліпбиіне көшу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру туралы», сондай-ақ «Еңбек инспекциясы жөніндегі және құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармаларында ҚР «Қазақстан республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалуы туралы» сауалдар егжей-тегжейлі зерделеніп, терең талқыланды.
Бейнеселектор режимінде өткен комиссия отырысы жұмысына қалалар мен аудандар әкімдерінің ішкі саясат және әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.
Отырыста төрағалық тізгінді ұстаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Гүлнарайым Қаңтарбекова талқыға түсетін тақырыптар аясында атқарылған тындырымды әрекеттер мен керітартпалықтарға қысқаша шолу жасап, мемлекеттік тілдің тұғырлы болуы ұлт мерейі екендігін, сонымен қатар, латын қарпіне көшудің маңыздылығын айрықша атап өтті.
Жиын барысында Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қанатбек Балсариев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Сәуле Диханбаева өздері еңбек ететін мемлекеттік құрылымдағы ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалу жайы туралы есеп берді. Абай ауданы әкімінің орынбасары Клара Қабдуәлиева, Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин, Қарағанды медицина университеті ректорының кеңесшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вилен Молотов-Лучанский және Қарағанды экономикалық университетінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Қосман Әбілов үштұрлы тіл саясатын насихаттау және латын әліпбиіне көшу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру туралы есепті хабарлама жасады.
Әкімшілік бірліктер мен жоғары оқу орындарында аталған бағыттар аясында атқарылған істер ауқымды, алайда әлі де ширата түсуді қажетсінетін тұстары да жетіп артылады. Мәселені жан-жақты қарастыру кезінде Гүлнарайым Хасенқызы мен комиссия құрамындағы қайраткер тұлғалар – «Қазақ тілі» халықаралық қоғамдық бірлестігі Қарағанды облысы бойынша филиалының төрағасы, профессор Темірғали Көкетай, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Салауат Кентбеков, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы Ғазиза Смағұлова және басқалары күн тәртібіндегі мәселеге орайлас жекелеген кемшіліктерге алаңдаушылық танытатынын бүкпесіз білдірді. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару тілі, іс қағаздарын жүргізу тілі екеніне ерекше екпін беріп, жауапты тұлғаларға құжат айналымын қазақ тілінде жүргізуге қатысты пәрменді шаралар қабылдау мен оны жүзеге асыру тетіктері хақында кеңес берді.
Комиссия отырысының түйінінде қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарларына, өңірлердегі салалық бөлімдердің басшыларына, жоғары оқу орындарының басшылық құрамдарына «Құжат айналымын ішкі бақылау жөніндегі» топтардың жұмысын жандандыру, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасын іске асыру мақсатында өзге ұлт өкілдері басым өңірлерде тілдерді оқыту орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ халықты жаңа әліпбиге оқыту жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіре түсу міндеті жүктелді. Нақты тапсырмаларға негіз болатын ұсыныстар арнайы хаттамаға түсірілді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.