Абай

«Тіл білген – ел біледі»

Мемлекеттік тілді меңгеруге, оны жетік білуге елімізде тұратын өзге этнос өкілдері де міндетті екені белгілі. Өйткені, тілді білмей ұлттың жанын, ділін түсіну мүмкін емес. Ал, түсіністік – дамудың, тұрақтылықтың кепілі. Осыны уақытылы түсінген Абай ауданында тұратын өзге этнос өкілдері қазақ тілін меңгеруде белсенділік танытуда. Қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін де үйренуде. 2019 жылы 50 адам қазақ және 50 адам ағылшын тілін оқыған. Былтыр екі тілге 60 адамнан оқытылыпты. Ал, биыл қазақ тілін – 70, ағылшын тілін – 70 адам 2 айлық курс оқып, сертификат алды. Бөлінген қаржы – 650 мың теңге шамасында.

2 айлық (72 сағаттық) курс Қазтест стандартына негізделген «Ересектерді оқыту» бағдарламасы бойынша жүргізілген. Абай аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өңірдегі түрлі сала өкілдерінің сұранысы бойынша 70 адамды жинап, облыстық тілдерді оқыту орталығына сұраныс білдіріпті. Өйткені, аудандағы түрлі сала өкілдеріне қазақ тілін үйрену қажеттілігі туындап отыр.

Біз ZOOM платформасы және Сlassroom бағдарламасы арқылы оқыттық. Алғашқысында сабақты жалпы өтсек, екіншісінде сабаққа қатыса алмай қалғандарға аудио, бейнетапсырмаларды жүктеп отырдық. Сонымен қатар, пікірталас жүргізіп, диктант жазып, үйде тапсырма орындап, оларды қазақ тілін жылдам үйренуге баулыдық. Грамматикалық, лексикалық жаттығулар орындадық. Мұнда бір ерекшелігі бір-бірінің қатесін экран арқылы көріп, түзеп, көмектесіп отырады. Аралық және қорытынды бақылау жүргіздік. Курс соңында диктант, тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым бағыттарында тапсырма орындадық. Нәтижесі – жақсы. Әжептәуір қазақша үйреніп қалды. Әрі қарай өздігінен ізденсе, таза қазақша сөйлеп кетеді. Қатысушыларға сертификат бердік. Арасында кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, түрлі сала мамандары және қарапайым тұрғындар да бар. Өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге талпынысы бізді қуантты. Өте қызықты сабақ болды. Онлайн оқытуды тиімді ұйымдастыра алсақ, нәтижесі жақсы болатынын тағы бір рет дәлелдедік, – дейді облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.

Сондай-ақ, орталық курс барысында өте белсенділік танытып, жоғары ұпай жинаған 10 адамды қосымша Алғыс хатпен марапаттапты.

Осы курсты оқып, сертификат алған Светлана Торубалкоға хабарластық. Оның шағын кәсібі бар.

Мұғалімдердің біліктілігіне таң қалдым. Әр адаммен жеке жұмыс істеді. Қажеттілікпен тіл үйренгеннің әсері басқаша екен. Асықпай түсіндірді. Қайталап сұрасақ та, реніш білдірген жоқ. Әжептәуір сөйлесіп, біршама үйрендік. Қорытынды тест сынағында 45 сұрақтың 43-не дұрыс жауап беріп, жоғары баға алдым. Диктантты да қатесіз жаздым. Әзірге торт пісіріп, сатумен айналысамын. Болашақта елмен етене араласуым үшін, басқа салаларда өзімді сынау үшін қазақ тілі ауадай қажет. Сондықтан, осындай мүмкіндікті жібермеуге тырыстым. Оның үстіне онлайн түрде. Қазір үйде баламен отырмын. Өте тиімді болды маған. Болашақта тағы да тереңірек үйренуге тырысамын. Курсты ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – дейді Светлана Торубалко.

Байқасақ, «Тіл білген – ел біледі» демекші, өзге этнос өкілдері қазақы өмірге бейімделіп келеді. Бұл тіл мәртебесін көтеруге өз үлесін қосары анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button