Жаңалықтар

Тіл абыройы – ұлт мәселесі

Облыста сәтті жалғасып келе жатқан «Сауатты жарнама» жобасы аясында кәсіпкерлерге сыртқы жарнаманы мемлекеттік тілде рәсімдеу кезінде тегін кеңестер мен әдістемелік көмектер берілуде. Былтыр бұл мүмкіндікті үш мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі пайдаланды. Аталған акция облыс орталығына ғана емес, Теміртау қаласына да қол жетімді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ қатысуымен өткен тіл саясаты мәселелері жөніндегі онлайнкеңес барысында кеңінен айтылды.

Акцияның бастамашысы бұрынғысынша облыс тілдерді дамыту басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығы болып табылады. Олардың бастамасымен қалада жұмыс топтары құрылды, олардың құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белсенділер, БАҚ өкілдері, тіл мамандары мен еріктілер кірді. Олар Қарағандыдағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне барып, «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңнаманың талаптарын түсіндіріп, мәтіндерді дайындау кезінде заңнаманы сақтауға тегін көмектесті.

– Өткен жылы мемлекеттік тілді насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. «Сауатты жарнама» акциясы көптеген кәсіпкерге сыртқы жарнаманы дұрыс рәсімдеуге көмек көрсетті. Биыл бұл мүмкіндікке Теміртау қаласы ие болып отыр. Біздің қоғам белсенділері өткен жылдағыдай бұл мәселеде өз азаматтық ұстанымын көрсетеді деп сенемін, – деп атап өтті Абзал Нүкенов.

Алдағы уақытта да акция қызметімен сауда үйлері, сұлулық салондары, тамақтану объектілері және басқа да бизнес субъектілері қамтылады. Мониторингтік топ мүшелері де кәсіпкерлерге сыртқы және көрнекі ақпаратты рәсімдеу қағидалары бар буклеттерді ұсынатын айтты.

– 12-21 сәуір аралығында Қарағандыда акция аясында 40-тан астам нысан қамтылды. Кәсіпкерлер Call орталыққа жарнамалық мәтіндерді аударуға көмек сұрап жүгінді. Теміртауда біз 49 нысанды қамтып, 8 мәтінді аударуға көмектестік. Сондай-ақ, жарнама агенттіктерімен, баспаханалармен тығыз байланыс орнаттық, олар да жарнама мен көрнекі ақпарат өніміне тапсырыс береді. Жақын арада тұрақты жұмыс істейтін жедел желіні іске қосамыз, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова.

Ал, кеңеске қатысушылар өңірде мемлекеттік тілде қызмет алуға сұраныс артып келе жатқанына қарамастан, облыстың медициналық ұйымдары мен сауда үйлерінде қазақ тілді тұтынушыларға лайықты қызмет көрсете алатын мамандар жетіспейтінін атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін өңірде тегін онлайн қазақ тілі курстары іске қосылған.

– Өткен жылдары негізінен мемлекеттік қызметшілерді оқытуды көздедік. Биыл курстарға «Қазпошта», банк, медицина қызметкерлерін, шағын және орта бизнес өкілдерін тартамыз. Бұл бағытта Абай, Осакаров, Бұқар жырау, Нұра аудандарының жергілікті атқарушы органдары белсенді жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Жезқазған және Сәтпаев қалаларында жұмыстар жолға қойылды. Ал, Саран және Шахтинск қалаларында мемлекеттік тілді үйрену деңгейі онша көңіл көншітпейді, – деп жалғады сөзін Гүлнарайым Хасенқызы.

Жұмыс тобының мүшелері бүгінгі таңда «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарды бұзғаны үшін тек ескерту жасалатындықтан, кәсіпкерлер заңды сақтауға бас қатырмайтынын айтады. Олар осы заңбұзушылықтарға неғұрлым қатаң жаза қолдану мәселесін қарастыруы үшін Парламент Мәжілісінің депутаттарына өтініш жасауды ұсынады.

– Біз кәсіпкерлерден заңнаманы сақтауын сұрап қашанғы жүреміз? Әр азамат мемлекеттік тілді құрметтеуі керек және барлық маңдайша, баннер, тақтайшалар қазақ тілінде болуы тиіс, – деп атап өтті қоғам белсендісі Жексен Әбдірахманов.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар жастарды тек қазақ тілін үйренуге ғана емес, насихаттауға ынталандыратын оқушылар мен студенттер арасында мемлекеттік тілді білуге арналған түрлі конкурстар ұйымдастыру қажеттілігін атап өтті. Қоғам белсенділер оларды гаджеттерден алшақтататын мемлекеттік тілде балаларға арналған ертегілердің қызықты жинақтарын шығару қажеттілігін де айтты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button