Сәтбаев

Теріс ағымға – тегеурінді тосқауыл

Биылғы жылдың 21 және 28 шілдесі күндері «Сәтбаев қаласының дін істері жөніндегі ақпараттық-кеңес беру орталығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі теріс бағыттағы діни ағымдарға тегеурінді тосқауыл қою мақсатында «OpenAir» тәсілі бойынша кең көлемді ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізді.

Ізгі ниетті іс-шараның ілкімді жүргізілуіне ұйытқы болған тарап қала тұрғындарын молынан қамтып, жүргізілер жұмыстың тиімділігін арттыру үшін акцияны ұйымдастыру алаңы ретінде әр апта сайынғы азық-түлік жәрмеңкесінің аумағын таңдап алды.

Қалың бұқара аса жылы қабылдаған акция бағдарламасында қала жұртшылығының діни сауаттылығын арттыру, діни сипаттағы экстремизм әрекеттерінің алдын алу және дәстүрлі дін ұстанымдарына кереғар мазмұндағы діни ағымдардың халық санасын уламауы мәселелеріне баса мән берілді. Сол арқылы тұрғындардың теріс бағыттағы идеологияға қарсы тұру қабілеттерін қалыптастыру және қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайту жайына да ерекше ден қойылды.

Акция кезінде ортақ мүдделі іске ел назарын қапысыз аудару мақсатында көрнекі жерлерге түрлі көлемдегі тақырыптық тартпалар мен демотиваторлар орналастырылып, еріктілер санатындағы жастар өкілдері «АнтиСекта» жазуы таңбаланған футболкалар киіп жүрді. Сонымен қатар, қиғаш қылықтары мен ұсқынсыз ұстанымдары жұрт жадында жатталып қалуы үшін Дарын Мүбаров, Ділмұрад, Нәдір Әбу Холид, Назратулла, Халил, Октам, Ринат Зайнуллин және басқа да салафизм идеясын насихаттаушы дін «ғұламаларының» фотосуреттері салынып, есімдері жазылған плакаттар ілінді. Бұлардан тысқары, араб, ағылшын және орыс тілдерінде дәріс оқуға машықтанған, дәстүрлі бағыттардан адасу жолындағы үгіт-насихатты таратушылардың аты-жөндері тізілген плакаттар «Бұлардың есімдерін мақаладан немесе интернет-сайттан кездестіргенде, оларды көруден және оқудан бас тартқаныңыз жөн!» деген жазбамен қоса ел назары еріксіз түсетін жерлерге қойылды.

Іс-шарада дін істері жөніндегі ақпараттық-кеңес беру орталығының кәсіби шеберлігі шыңдалған мамандары жұртшылықпен жүздесіп, әңгімелесу кезінде жоғарыда аттары аталған деструктивті діни идеологияны дәріптеушілердің қоғамға айтарлықтай қауіп төндіретінін дәйекті дәлелдер арқылы ашып көрсетті. Тұрғындар мен қала қонақтарының осы тақырып аясында қойған сауалдарында барынша орнықты әрі тұщымды жауаптар берді.

Акция барысында сондай-ақ, қалың қауымның назарына ұлт мақтанышына айналған ұлы тұлғалар – Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Майлықожа, Мағжан Жұмабаев және Ыбырай Алтынсариннің портреттері олардың дәстүрлі Ислам дінінің кемелдігі мен бағзы күндердегі бабалар ұстанған ұлағатты жолдың қадір-қасиеті хақында айтқан тұжырымды пікірлерімен бірге ұсынылды. Жәрмеңкеге келіп, акция бағдарламасын тосыннан тамашалаған жұрт ата-бабаларымыз ұстанған мазхаб шарты бойынша бес уақыт намаз оқудың санаға сіңісті шарттарымен танысу мүмкіндігін де иеленді. Адамның діни мазмұндағы таным-өресін кеңейтуге сөзсіз септігін тигізер өзге де көптеген жайттарға қанықты.

Ұйымдастырушы тарап өкілдерінің айтуынша, акция кезінде дін істері жөніндегі орталықтың теолог-мамандары әзірлеген «Ваххабизм деген не?», «Христиандық бағыттағы дәстүрлі емес діни бірлестіктер» және басқа да осы тектес мазмұндағы мың данаға жуық буклеттер таратылыпты.

– Аталған акцияны қала көшелерінде биылғы жылдың қазан айына дейін үздіксіз өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді қалалық дін істері жөніндегі ақпараттық-кеңес беру орталығының инспекторы Сымбат Жолдыбаева. – Мәселенің маңыздылығын ескергендіктен, еңбек ұжымдары мен білім беру ошақтарында түрлі семинарлар, кездесулер өткізу шарттылығы тұрақты жолға қойылған. Олардың барысында теріс бағыттағы діни ағымдар идеологиясын насихаттаушыларды қандай ерекшеліктері арқылы танып-білуге болатыны жайлы түсінік беріліп, адамдардың өздерін дәстүрлі діннен алшақ ұстанымдағы ағымдардан аулақ болуға бейімдеу қажеттілігі қаузалады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button