Жаңалықтар

Теміртауда баланың үстіне футбол қақпасы құлады

Теміртау қаласында 9 мамыр күні Металлургтер стадионында балалар футбол ойнап жүргенде кенеттен 13 жасар баланың басына үлкен футбол қақпасы құлап, жарақат алды. Жарақат алған баланы ата-анасы Теміртау қалалық ауруханасына жеткізген.

 

– 2010 жылы туған бала Теміртау қаласы орталық ауруханасының қабылдау-диагностика бөлімшесінің травматология кабинетіне түсті. Қабылдау кезінде баланың жағдайы қанағаттанарлық болды. Алғашқы көмек көрсетіліп, жарақатына хирургиялық емдеу жүргізілді. Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жіберілді. Амбулаториялық емделеді, – дейді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Оқиға орнында болған куәгерлер қақпа еш бекітілмегенін айтады. Белгілі болғандай, спорт корттарын орнатумен «СК Монолит Строй 1» ЖШС айналысқан. Бұл алаң өткен жылы салынған.

– 2022 жылы «СК Монолит Строй 1» ЖШС мердігер компаниясы Теміртауда 6 спорт кортын, оның ішінде осы стадион маңындағы спорт кортын орнатты. Мамыр айының басынан бастап мердігер өз нысандарында кепілдік жөндеу жұмыстарына кірісті, бұл туралы 3 мамырда БАҚ пен әлеуметтік желілерде хабарланды. Кепілдік міндеттемесінің мерзімі – 2 жыл, оған вандализм фактілері кірмейді. Кәмелетке толмаған баланың басынан өткен оқиға 9 мамырда, жөндеу жұмыстары кезінде болған. Яғни, алаңда адамдардың болуына тыйым салынған кезде. Бұл жайында мердігер тұрғындарды алдын ала хабардар еткен болатын, – дейді Теміртау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button