Телефоннан ақша аударған азаматтардың бәрі салық төлей ме?
Жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына салық салынбайды. Азаматтардың есепшотына 3 ай қатарынан 100 түрлі тұлғадан аударым түссе ғана Салық комитеті бақылауға алады. Бұл ретте түскен қаржының мөлшері маңызды емес , – деп хабарлайды ortalyq.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістері әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтып берді.
«Мобильді аударымдар – кәсіпкерлердің емес, жеке тұлғаларға арналған құрал. Оларға салық салынбайды. Бірақ кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару үшін мобильді көп пайдаланып кетті. Сондықтан салықтан жалтарғандарды анықтап, олардың кірісіне салық төлеуді міндеттеу және кәсіппен айналысса да, тіркелмей жүргендерді дара кәсіпкер ретінде тіркету мақсатында мобильді аударымдарды бақылаймыз», – деді ол.
Салық комитетінің өкілі 3 ай қатарынан 100 аударым емес, 100 түрлі адамнан аударым түссе ғана тексеру жүретінін атап өтті.
«Мәселен, жеке адамның kasp-іне қаңтар айында 100 түрлі адам, ақпанда да 100 адам, наурыз да да 100 тұлғадан ақша аударылса ғана назарға ілінеді», – деді Ерсайын Көптілеуұлы.
Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары 255 мың теңге шек әлі заңмен бекітілмегенін мәлімдеді. Бұл – Қаржы министрлігінің ұсынысы. Комитет өкілі 255 мың теңгенің қайдан шыққанын түсіндіріп өтті.
«Бізде Кәсіпкерлік кодексінде 12 ең төменгі жалақы деген түсінік бар. 12 ең төменгі жалақыдан төмен табыс тапсаңыз, сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылысыз. Ал енді 255 мыңға келсек, бұл – үш айдағы ең төменгі жалақы. Бір жылда 12 ай бар деп есептесек, 3 ай бойынша ең төменгі жалақы көлемі 255 мың болады. 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. 3-ті 85 мыңға көбейтсеңіз 225 мың болады», – деді.
Салық төлеуден жалтарған кәсіпкерлер қолма-қол ақшаға көшіп жатыр. Салықтан жалтарған кәсіпкерлерге алдымен ескерту беріледі, ал екінші рет қайталанса, 40 АЕК (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.