Театрда тың серпін
К.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрына Семейден келген 30 жастағы режиссер Рача Махатаев көркемдік жетекші болып тағайындалды.
Жас әрі жаңа басшы труппамен және репертуармен әлі танысып үлгермепті. Десек те, театрға келгелі режиссер – «Навстречу мечте» спектаклін тамашалап ерекше әсерге бөленген.
Рача Махатаев алғашқы алған білімі бойынша актер. Ол Алматы эстрада-цирк колледжін тәмамдаған. Содан соң, Ресей мемлекеттік сахна өнері институтының режиссура факультетіне оқуға түскен. Н.Сац атындағы Алматы Балалар мен жасөспірімдер театрында, орыс драма театрында біраз еңбек еткен. Федор Достоевский атындағы орыс драма театрында, Санкт-Петербургтегі «Цехъ» театрында да жұмыс істеген. Қазақстандық және ресейлік театрларда спектакльдер қойған.
– Қоржынымда 15-ке жуық қойылым бар. Барлық қойылымдарым – сахналық шығармалар. Мен көбіне сыналған классиктерге, айтар ойы бар туындыларға басым көңіл бөлемін. Жалпы, театр ойын-сауық мекемесі немесе сондай сипаттағы ұйым емес қой. Бұл – жер ой кеңістігі және мағыналар кеңістігі. Мұнда адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселелері қозғалады және де бұл негіз. Мен осы мағынада актерлермен және көрермендермен келіскім келеді. Қолымнан келе ме, жоқ па – әзірге белгісіз, – дейді Рача Махатаев.
Жаңа көркемдік жетекшінің шағын сахна негізінде эксперименттік алаң ұйымдастыру идеясы бар. Мұнда актерлік зертханалар, оқулар, көрермендермен пікірталастар, спектакльдер, кештер өтеді.
Бұдан бөлек, К.Станиславский театры тағы бір марапатқа ие болды. Өткен маусымның соңында оған «Қазақстан театрлары – 2023» мониторингін жүргізген театр сыншылары бірлестігінің сарапшылары келді. Жұмыс қорытындысына сай төрт аталым бойынша «Сыншылар сыйлығына» Александр Сухово-Кобылиннің «Тарелкиннің өлімі» пьесасы бойынша спектакль ұсынылды. «Екінші пландағы актер» номинациясын Богдан Пынка алды.
– Бұл марапаттың театр үшін де, мен үшін де беделі зор. Бар өнерімізді көрсеткіміз келеді. Ал нәтижесін тек көрермен ықыласы анықтайды. Ал, сол көрермендер бізге қол шапалақтап, қолдау танытса, тіпті, тақиямызды аспанға атып мәз болысамыз, – дейді лауреат.
Бүгінгі таңда Станиславский театрында Борис Шергиннің «Сиқырлы сақина» ертегісіне негізінделген жаңа жылдық ертеңгіліктер мен премьералық қойылымның дайындықтары жүріп жатыр.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz