Білім

Teach for Qazaqstan: мұғалім тапшылығын жояды

Жаңа оқу жылы басталды. Бірақ, өкінішке орай, өңірімізде мұғалім тапшылығы әлі бар. «Teach for Qazaqstan» жобасы қолға алынғалы бері, бұл мәселе ретімен жолға қойылып келеді. Жоба игілігін көрген алғашқы отыз түлек облыс мектептеріне жұмысқа орналасты.

Мектепке орналасқан жас мұғалімдер әуелі төрт сатылы іріктеуден өтіп, Сүлеймен Демирел университетінде қайта даярлау курсынан біліктіліктерін арттырған. Солардың қатарында 21 жастағы Назира Кеңесова бар. Жоғары білімді Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінен алады. Мамандығы – машина жасау инженері. Бірақ, Назира уақыт өте жаны мұғалім болуды қалайтынын түсінеді. Оқуын ойдағыдай аяқтай салысымен, Teach for Qazaqstan жобасы туралы естіп-біліп, бағын сынап көруді ұйғарады.

– Жобаның жарнамасын әлеуметтік желіден көрдім. «Арманыңды жүзеге асыр – мұғалім бол!» дегенді оқып, маған берілгелі тұрған тағы бір мүмкіндік екенін түсіндім. Іріктеуден өткен соң, Сүлеймен Демирел университетінен білім алдым. Тереңдетілген. Енді, міне жаңа оқу жылы басталғалы бері Төрткөл ауылының тірек мектебінде математика және физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеудемін, – дейді Назира. – Менің ойымша, әр адам өз мамандығын сүю керек. Өзіме балалармен жұмыс жасау ұнағандықтан, осы жолды таңдадым. Балалар сабаққа белсене қатысып, кері байланыс жасаса, тіпті қуанамын. Біздің білім ошағы тірек мектебі болғандықтан, мектепте инклюзияға байланысты жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмын.

Жоба Арқалықтың да бір ұлын Арқаға алып келді. Жандос Айдарханов Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетін бітіріп, елордадағы ірі компанияда мамандығы бойынша қызмет атқарған. Алайда, Жандостың да жанына ұстаздық ету жақын болды. Оның төмендегідей себептері бар.

– Алдымда үлкен мансап, перспектива, берекелі ұжымым болса да, жұмысым көңіліме қатты жаға қоймады. Отбасымдағы барлығы білім беру саласында қызмет етеді. Соны кеш түсіндім. Бірақ, ештен кеш жақсы емес пе? Ағам осы бір жоба жөнінде ақпаратпен бөлісті. Екі ойда жүрген мен, бірден қатысуға бел будым. Соның нәтижесінде еліміздегі ең беделді Сүлеймен Демирел университетінде білім алу бұйырды. Сәтті оқып шыққан соң, Ғабиден Мұстафин ауылындағы мектепке келіп орналастым. Ауыл балаларына білім берген ұнайды. Бұл жерде мені қосқанда жобаның бес түлегі бар, – дейді жас педагог Жандос.

Teach for Qazaqstan жобасын мұғалім мамандығына бүйірден келу дейді қатысушылар. Үздік мамандарды, ынталы жастарды таңдап алып, педагог болуға кәсіби түрде шыңдайды.

– Жоба биыл іске қосылды. Әзірге біздің түлектер Қарағанды облысының мектептеріне ғана жұмысқа орналасты. Олардың сегізі – Бұқар жырау ауданында, қалғаны – Абай, Шахтинск, Балқаш қалаларының мектебінде. Біздің түлектеріміз еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген, төрт кезеңдік іріктеуден толық өткен. Іріктеуге барлығы үш мыңға жуық үміткер қатысты. Олардың ішінен біз 49 талапкерді таңдап алдық. Сүлеймен Демирел университетінде қайта даярлау оқу бағдарламасын тек 30 маман аяқтай алды, – дейді Teach for Qazaqstan қоғамдық қорының директоры Гүлнара Салменова.

Екі жылдық әдістемелік көмекпен қоса, жоба түлектері ай сайын 300 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Мұнымен бірге, мектептерінде оларға арнайы тәлімгерлер бекітіледі. Екі жылдан кейін жас мамандарда кез келген халық­аралық университетке түсіп, білімін әрмен қарай жетілдіру мүмкіндігі бар.

– Teach for Qazaqstan – бұл әлемнің 60-қа жуық елінде табысты іске асырылып жатқан Тeach Ғor All жаһандық жобасының бір бөлігі. Бізде келесі жылы тағы 100 қатысушыны іріктеп алып, жұмысты әрмен қарай жалғастыру жоспары бар. Осы арқылы педагог тапшылығын тұтасымен жоймасақ та, біз даярлаған мамандармен кадр тапшылығын әсте-әсте азайта бермекпіз, – дейді Гүлнара Салменова.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button