Қарқаралы

Тарихи жадыны жаңғыртқан

   Өткеннің тарихын жаңғыртқан тарихи шежіренің қазынасы мен қоймасы кітап пен баспасөз десек, бір жақты айтылған пікір болар еді.Тарихи құнды құжат пен дереккөздері, тарихтың сарқылмас шежіресін ұзақ жылдар бойы көздің қарашығындай сақтап келе жатқан архив қорын айрықша айтуымыз керек.

Биылғы жылы облыстық архив қызметіне 80 жыл толады.

Міне, осы уақыттан бері архив жұмысы өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Архив тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет елдің, ұлттың тарихына негізделген құжат түрінде көрсетіледі.

Осыдан 50 жыл бұрын 1966 жылы 11 қаңтарда құрылған аудандық филиалдың алғашқы күрделі де жауапты жұмысын жолға қойып атқару ісінде филиал жұмысын басқарған басшылардың үлесі мен еңбегі өлшеусіз болды.

Алғашқы архив басшысы, облыстық мемлекеттік архивінің, Қарқаралы филиалының директоры Сыздық Рахымбековтің еңбек жолы да осы архив тарихымен бірге біте қайнасқандай еді.  С.Рахымбеков Қарқаралы ауданындағы екінші ауылында дүниеге келеді. Заманның аумалы-төкпелі кезінде 1914 жылы дүние есігін ашқан Сыздық ағамыз өзі сияқты қазақ балаларындай білімге құштар, еті тірі болды.

Өсіп жетіліп жоғары білімге қол жеткізді. Қазақстан компартиясы орталық комитетіне қарасты жоғары партия  оқуын бітіреді.

Сыздық Рахымбековтің еңбек жолы сан қырлы болып қалыптасты.Нақтырақ айтар болсақ 1932-1933 жылдары Балқаштағы қоңырат кентінде іс жүргізуші, 1933-1934 жылдары осы аталмыш кентінің басқару ісінде, 1934-1935 жылдары Қарағанды қаласындағы кенін жөндеу зауытта есепші.

1935-1936 жылдары Қарқаралы аудандық комитетінің (ВЛКСМ) басқару ісінде, 1936-1937 жылдары Қарқаралы балалар үйінің есепшісі, 1937-1938 жылдары Қызылармия солдаты (Уссурий өлкесіндегі теміржол батальонында әскери міндетін өткерді). Содан кейінгі 1938-1939  жылдары Қарқаралы аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, 1940-1942 жылдары Қазақстан компартияся облыстық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінде секретарь көмекшісі инструктор болып қызметтер атқарды.1942 жылы Ташкент қаласындағы училищесінде әскери-саясат мектебінің тыңдаушысы,1942-1943 жылдары Батыс Брянск фронтында атқыштар ротасының командирінің орынбасары,1943 жылы атқыштар батальонының парторгы,1943-1944 жылдары батальон командирінің саяси бөлімі жөніндегі орынбасары, 1944-1946 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінде кадрлар бөлімінің инспекторы, ауыл шаруашылығы секторының меңгерушісі,   1947-1948 жылдары Қу аудандық партия комитетінің екінші секретары, 1948-1950 жылдары  Алматы қаласындағы Республикалық партия мектебінің тыңдаушысы, 1950-1951 жылдары Қарағанды обком партиясының ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1951-1954 жылдары Ұлытау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы.

1954-1956 жылдары Қарағанды обкомпартиясында инструктор, 1956-1957 жылдары Қарқаралы аудандық МТС-да парторг, 1957-1962 жылдары нұсқаушы, лектор-кеңесші, 1966 жылы Қарқаралы аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болып қызметтер атқарады.

Кейіннен 1966 жылдан 1979 жылға дейін облыстық архивінің Қарқаралы филиалының директоры болып істеді. Осы жылдар ішінде архив жұмысының маңызды жұмыс жасауға сіңірген еңбегі мен еңбек үлесі еленіп көптеген мақтау марапатқа ие болды.

Қызыл жұлдыз ордендерімен Құрмет белгісі және Германияны жеңгені үшін «Ерен еңбегі үшін», тылдағы еңбектері үшін «Тыл және тыңайған жерді игергені үшін», «Германияны жеңгеніне 20 жыл», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «СССР қарулы күштеріне 50 жыл» медальдарымен және «Кеңес архивіне 50 жыл» грамотасымен мадақталған.

Өткеннің тарихын сақтап осы күнге жеткізген ерен еңбек иелерінің есімі жас ұрпаққа өнеге болмақ.

Архив ардагері С.Рахымбековтің фотосуреті мен өмірбаяны аудандық архив стендісінде ілінген. Ардагерлердің ісін үлгі тұтамыз.

 Г.Асауова,

Қарқаралы ауданының мемлекеттік архивінің жоғары санатты архивисті.

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button