Бас тақырып

Тарихқа жетелеген музей түні

Мәдениет – адамзаттың асыл қазынасы. Өнер – оның бір тармағы. Ал, адамзат жаралғалы бергі мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің асыл қазынасы музейлер мен кітапханаларда сақталса, оны театр, кинотеатр, мәдениет үйлері және басқа да мәдени орындар арқылы елге паш етеміз. Өткенімізден хабар беретін құнды жәдігерлерді сақтауда мұражайдың орны бір бөлек. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде небір інжу-маржан жәдігер бар. Сол рухани байлықты елге көрсетіп, насихаттау мақсатында жыл сайын «Музей түні» шарасы өтеді. Іргелі ұжымның биылғы шарасы жылдағыдан өзгеше болды. Өйткені, биыл аталған музейдің құрылғанына – 90 жыл толып отыр. Осы мерейлы той аясында 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Ғасырға қадам «MUSEUM – 90» атты көптен күткен «Музей түні – 2022» акциясы дүбірлеп өтті.

Ауқымды іс-шараны музей директоры Ержан Нұрмағамбетов сөз сөйлеп, ашты.

– Қарағандымен қатар, 1932 жылы қалада орналасқан кітапхана, мұражай, театрлар, мәдени нысандар құрылды. Біздің мұражай үлкен Михайловкадан бастау алады, терең тарихқа ие. Кейбір жәдігеріміздің жасы 100 жылдан асады және олардың барлығы экспозицияларда көрсетіледі. Оларды осы салаға еңбегі сіңген ғалымдардың бірнеше буыны ұрпағы жинады. Қазір қорымызда 150 мыңнан астам жәдігер бар. Ең бірегейі – қазақ тарихында ерекше орын алатын Болған Ананың түпнұсқа тостағаны. Әлі тарихи құнын жоғалтпаған жәдігерлерді жинақтауға археологтармен қатар, қарағандылықтар да көмектеседі. Өйткені, бұл – ортақ қазына, – деді Ержан Нұрланұлы.

Сиқырлы музей түніне қала тұрғындары мен қонақтары бала-шағасымен, қоғамдық және мектеп музейлерінің өкілдері, ЖОО мен колледж студенттері, ұйым өкілдері қатысты.

Іс-шара – заманауи музейлердің ресурстарын, мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсету, музей қызметін таныстыруда жаңа, креативті тәсілдерді анықтау, мәдени-интеллектуалдық уақыт өткізу үшін музейге келушілерді көбірек тарту мақсатын көздеді.

Музей түні кешкі сағ. 19.00-ден түнгі сағ. 24.00-ге дейін жалғасты. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Қалың ел ішке кіргенде мамандар күтіп алды. Қолымызға бағдарлама ұсынды. Біз де тамашалап, уақытты тиімді өткіздік, көптеген қызыққа куә болдық. Қала құрылғандағы ескі көше атаулары мен жергілікті суретшілердің туындылары да ілініпті.

Бірінші және екінші қабаттардағы барлық зал әдемілеп әрленген, жәдігерлер орналастырылған. Атап айтсақ, есі радиолар, пластинкалар, телефон, теледидар, фотоаппарат және тағы басқалары.

Музей түнінің бағдарламасындағы музей экспозициясы бойынша «Жанданған тарих» театрландырылған экскурсиясында келушілер көптеген тың дүниені білуге мүмкіндік алды. Онда «Алтын адам» және оның аты қойылыпты. Қасында хан 2 уәзірімен тақта отыр. Ел суретке түсіп жатыр. Әрі қарай Қарағанды гуманитарлық колледждің студенттері күмбірлете ойнап отырған күйді тыңдадық. Қызықтыра түсті. Алаш арыстарының портрет, өмірдерек, тұтынған бұйымдары мен жасаған заң қаулылары да тұр. Музей қорынан «Жәдігерлер шеруі» мерейтойлық жобасы бойынша тарихи-тұрмыстық коллекция көрмесі арқылы бабалардың өмір сүру салтымен, өнерімен танысты.

Бұдан бөлек, ауылшаруашылық бұйымдары соқа, тырма, мала, жер өлшеу құралы және тағы басқалар бар. Бізді қызықтырғаны XIX ғасырға тиесілі қосауыз мылтық, револьвер, қылыш сынды қару-жарақтар. Тіпті, қамалдың дарбазасын бұзатын ірі баған да тұр.

Сондай-ақ, мұнда қазақтың XIX ғасырдағы сауда керуендері сахналанды. Болған ананың мүсін-экспозициясымен қатар, түрлі соғыс бейнелері бар. Дәл осы сәтте мұздай қаруланған 2 жауынгер бір-бірін жекпе-жекке шақырып, қылыштаса кетті. Жау әскері кіріп кеткен екен. Оны қарауыл сарбаз уақытылы қолға түсірді. Епті екен. Бір әріптесімізді қылышқа іліп кете жаздады. Сөйтсек, бұл сахналық көрініс екен. Сонымен қатар, келі, диірмен, күбі, рагатка, торсық, кебеже, аң терісі, қамшы, ат әбзелдері, түрлі күміс әшекейлер, шоқпен қызатын үтік, самауырдың түр-түрі самсап тұр. Көрсең көзің тояды. Сығанақтың базарында жүргендей күй кештік. Саудагер рөліндегі жастар да өлеңдетіп сайрап тұр, қызыл тілін қайрап тұр.

«Неге» ғылыми-ойын сауық балалар көрмесінде балалардың білімі тексеріліп, шебер-фест сәндік-қолданбалы өнер шеберлік-сағаттары және жұмыстардың көрме-сатылымында қолдан жасалған бұйымдар, кәдесыйлар және тағы басқа дүниелердің қалай жасалуымен танысып, дайын бұйымдардың ұнағанын арзан бағамен сатып алды.

«Білім алғырлары», «Ғарышқа саяхат» және тағы басқа квест ойындарында, «Сакралды Сарыарқа» зияткерлік өлкетану викторинасында, «Тарихи лото» ұтыс ойынында осы бағыттағы түрлі сұраққа жауап беріп, купон ақша ұтып алып, ол ақшаға аукцион арқылы сатылымға қойылған сыйлықтарды сатып алды.

Ал, орыс тіліндегі викторинада Голощекин туралы сұраққа дұрыс жауап бердім. Қазақ тіліндегі сұрақтың 3-4-ін дәл тауып, біраз купон ақша ұттық. Бірақ, сонша ақшамыз даладағы арнайы ұйымдастырылған «Музей кафесінің» 3 шыны шайы мен 3 бауырсаққа ғана жетті. Сұрақ қоюшы қарындас өте сауатты әрі епті екен. Мүдірмейді.

«Түркі жазбалары» алаңы, «Көшпелі өркениет мұрасы» халықаралық Қоғамдық қоры маманының түркі жазуы бойынша шеберлік сабағы пайдалы болды. Мұнда түркі жазуларының шығуы, бабалардың терең дүниетанымы хақында ақпараттар беріліп жатты. Біз руна жазуы деп жүрген Күлтегін дастанындағы таңбалардың қазақша баламасы бар екен. Жуан және жіңішке формасы. Түк қиын емес. Аты-жөнімізді жазып та көрдік. Түркілердің әлем қартасындағы алар орнын, жер бетінің жартысы түркілерге тиесілі болғанын көріп, таң қалдық. Тамыры тереңде жатқан мәдениеті биік елдің ұрпағы екенімізге іштей сүйсіндік. Мұнда бізді Түркі жазуымен және тарихымен аталған қордың қызметкері Дайыр Қыдырғалиұлы таныстырды.

Ал, ретро-көліктер көрмесі елдің ең көп қызыққан дүниесі болды. Онда ескі Волга мен УАЗ, екі мотороллер қойылған. Екеуі де өткен ғасырдың туындылары. Бірақ, ұқыпты сақталыпты. Ел фотоға түсіп, мәз-мейрам. Жап-жаңа. Салонында түрлі жәдігер тұр. Волганың иесі Ерғанат Қойшыбаев такси қызметінде екен. Өте ыңғайлы әрі кең және елдің бәрі қызығатынын айтты. Оның жанына қаз-қатар қойылған балбал тастарды көріп, бағзы бабалар еске түсті. Далада осыншама тарихи дүниені күзетіп тұрғандай… Кейін жиналған купондарға да ұтыс ойнатылды. Ел купондарының көлеміне қарай түрлі сыйлық жеңіп алды. Әр ұсақ сыйлықтың да тарихи мәні бар.

Аквагрим және қынамен сурет салу бөлімі қыз балалардың басын қосып, достастырды. Әрі қарай бояулар әлемі. Онда маманның көмегімен өзіңіз қалаған суретті салуға болады. Былғанбау үшін бар жағдай жасалған.

Кіреберіске караоке қойылған. Ел қалаған әнін орындап, шаршауын басты.

Ал, есік алдында 30 литрлік, таза мыстан құйылған алып самаурында шәй қайнап тұр. Самаурын иесі, музей қызметкері Олег Доля: «Самаурынды Оңтүстіктен таптым. Өте ескі болды. Ресейге жіберіп, қайта өңдеттім, қалпына келтірдім. Білуімше, XVIII ғасырға тиесілі. Қазіргі бағасы 500 мың теңге шамасында» деп бөлісті. Айтулы музей түнінің қорытындысы шығарылған соң, ел назарына мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.

Осылайша, музей түні өзіміздің кім екенімізді тағы бір рет еске салды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button