Басты тақырып

Тұңғыш Президентке тарту – бізден

     1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан жастарының республикалық форумы өтті. Тәуелсіздік тойының 25 жылдығы аясында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен алқалы жиын азаттық құшағындағы Алаш даласын шарпыды. Еліміздің он төрт облысынан мыңнан астам жас азамат қатысқан форумда Қарағанды облысы жастарының бәсі биік шықты десе болғандай.

Егемендік пен Елбасы егіз ұғым. Алаш аттан түскенде, хан тақтан түсетін қазақ даласында жастар фо­румының дәл Президент күні Тәуелсіздік сарайында өтуі де тегін емес-ті. Алда әлемге Алаш жұртының асқақтығын әйгілейтін азаттықтың тойы қылаң беріп тұр. Тәуелсіздік тойының қарсаңында Елбасымен жүздесуге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың осалы жоқ. Кілең қатарынан қара үзіп шығып, әр саланың тізгінін ұстаған жетекші жастардың әрқайсы – тәуелсіз Қа­зақ­станда туған өрендер. Ішінде Тәу­елсіздік құрдастарымен қатар, Дмитрий Баландин, Иван Дычко, Жазира Жаппарқұл сияқты Олимпиада жеңімпаздары да бар.

Қарағанды облысынан барған біздің делегатты облыстық жас­тар саясаты мәселелері жөніндегі бас­қарма бастап барды. Елуге тарта об­лыс жастарының басында аталған басқарма басшысы Мирас Құттыбай мен облыстық жастар ресурстық ор­талығының директоры Ақжол Құр­мансейітов бар. Жерлесіміз, жастар арасында әлем чемпионы Абылайхан Жүсіповтің орны тіптен бөлек.

Жастардың Елбасыға деген құр­меті шексіз. Соған орай Елбасы да «Жас ұрпақтың қуаты – бұл Тәуелсіз Қазақстанның қуаты, болашағы» деп ел ертеңдерінің еңсесін көтеріп тастады. «Тұңғыш Президент күнін­де және Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы қарсаңында өтіп отырған рес­публикалық жастар форумына қа­тысушыларды құттықтаймын! Бүгінгі күн xалқымыздың тариxына барлық қазақстандықтарды біріктірген күн ретінде енді. Жастар бақытты болсын! Еліміздің болашағы сендер арқылы мықты болсын! Қазақстанымыз, еліміз мәңгілік болсын!», – деп бастады сөзін Мемлекет Басшысы. Форум барысында білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт, тіпті, ауыл шаруашылығы салаларында жетістікке жетіп үлгерген жастар Ұлт Көшбасшысын құттықтап, алғыстарын білдірді.

Форумға қатысушылардың назарын «Отан патриоты» атты сағат мануфактурасын ашқан қарағандылық жас кәсіпкер Арман Тосқанбаевтың лебізі бұрды. Президентті мереке­сімен құттықтаған ол: «Мен – жас кәсіпкермін. Қазір 25 жастамын, Тәу­елсіздіктің құрдасымын. Жеке өзімде 4 компания бар. Оның біреуінің өзі жылына 168 млн. теңге табыс табады. 33 жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. «Отан» брендімен сағат жасайтын кәсіпорным «Қазақстанда жасалған» жобасын іске асыруға үлес қосуда. Сіздің тапсырмаңызбен жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында біздің кәсіпорын зор серпін алды. Сол себепті, Сізге зор алғыс айта отырып, Сізге арнап жасаған қол сағатты сыйға тартпақпыз», – деп Президенттің қолына сағатты өзі тақты. Елбасы өз кезегінде «енді тек өзіміздің отандық сағаттарды ғана тағамыз. Швейцария сағатын ұмы­тамыз», – деді риясыз жымиып.

Сөйтіп, Астана төріндегі алқалы жиында Елбасыға ерекше сыйлық ұсынған Арқа топырағы тумасының арқасында облыс жастары арқаланып қалды. Екі сағат бойы ел жастарымен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған Елбасы оларды еңбексүйгіштікке ша­қырып, кәсіпкерлікпен айналысуға үндеді. Бастысы, біртұтас ел бол­а­шағы – жастардың кеудесінде ертеңге деген сенім нығая түсті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button