Тәуке хан ұрпақтары мекендеген атақоныс жаңа астананың дәл түбінде
Қазақтың қабырғалы жазушысы Жайық БЕКТҰРҰЛЫНЫҢ бұл мақаласы «Рухани жаңғырудың» жаңа лебіндей әсер береді. Осы күнге дейін қалай елеусіз жатқанына таңбыз? Бір қарағанда, шежірелік баян сияқты көрінгенмен, салмағы ауыр жазбаның. Мұндағы деректер мен жорамалдар тарих қазанында қайнап жатып, бүгінгі күннің сорпа бетіне шығып отыр. Астананың іргесінде Тәуке хан ордасы болғанын жарықтық Жәкең сол кезде (1996 жыл) тұспалдап, тасқа басып кеткен екен. Жәкең білгендей, мақаласының соңында «Жоғарыда келтірілген деректерді, кейбір жорамалдарымызды толықтыра түсетін білікті адамдар, тарихи құжаттарды зерттеушілер табылар» депті. Қателеспепті! Тұспалы да, болжалы да рас болып шықты. Тәуке ханның жазғы ордасы Астананың дәл түбінде, Күйгенжарда болғанын тарихшы ғалым Жамбыл АРТЫҚБАЕВ неше жылдан бергі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде биыл дәлелдеп берді елге. Соған орай, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Астана ел қамын жеген Едігеден бастап Әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының ордасы болған. Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты» дегені өткенде ғана еді («Қазақ үні» газеті. 07.07.2018). Ізі суымай қоржынымызға түскен мақала ғой. Кереметті қараңыз, ендеше!
Редакциядан
Қазақта “Сұрай-сұрай қарын бөле болып шығады” деген мәтел бар. Екінші бір сөзде “Сұрай-сұрай Меккеге де барады” деседі. “Ана тілі” газетінің 1993 жылы мамырдың 13-індегі санында жазушы Амантай Сатаевтың “Әз-Тәуке” атты мақаласы басылды. Осыған орай атақты “Жеті Жарғы” заңын жасаған Тәуке хан туралы ғылыми тарихи ізге соқпай-ақ, Тәукенің өзінен кейінгі, тіпті, бүгінгі ұрпақтары, атақоныстары жайлы біраз мағлұмат бергіміз келеді. Өйткені, бұл тұқымды мен көптен біркелкі жақын білемін.
Мен өзім Ақмола маңында туыпөстім. Бұл қалада жас шағымда көп болдым. Қала әуелде ояздық, кейіннен округтік, бара-бара облыстық орталық дуан-шаһар болған. Содан да аймақтың ежелгі жер-су аттары біздің құлағымызға арғы ата-бабамыздың мирас мұрасындай құйылған сөздер.
Негізгі Ақмола атауы Есіл өзенінің сол жақ қабағында болған ескі бір зират-күмбезден алынған. Шамасы, бұл бейіт кезінде не ақ тастан салынған, әлде кірпіші ақ бояумен салынған. Нұра мен Есіл арасындағы бұл мазардың орнын қазір де анықтауға болады. Бұл өңірде “мола” атауында өзге де жерлер бар. Ақмоланың Атбасар жақ бетінде қаладан 40 шақырымдай орыс селосы Семеновка тұр. Бұл Есілдің оң жақ қапталы. Мұның қазақша аты – Тасмола. Тегі мұнда ертеде құлпытасты көп зираттар болса керек. Осы арадан теріскей бетте 60 шақырымдай Дамса өзені бар. Осы өзен іргесінің қызғылт топырағына қарай аталған Қызылмола дейтін де жер-зират аты бар. В.Дальдің сөздігінде “Мола” – өзеннің бөгеті, судың тоғаны, әлдебір бекініс ретінде түсіндіріледі. Соған қарағанда “моль” – “моланың” арғы төркінінің мағынасы кеңірек секілді.
А.Сатаев Тәуке ханның қайтыс болған жері Ақмола қаласы маңындағы Күйгенжар деген мекен екенін айтады. Кейіннен орысшаға бұрып Краснояр деп атап кеткен Есіл өзенінің осы бір шүйгін иірімін Тәуке ханның тұрақты жайлаған бір қонысы ма деп те ойлаймын. Неге десеңіз, Тәукенің кейінгі ұрпақтарының мекені Есілдің осы тұсына таяу. Оның төртінші ұрпағы, кезінде Ақмола дауанын билеген Құдайменде баласы Қоңырқұлжаның қонысы Ақмоладан 50-60 шақырым жердегі Нұра өзенінің өте бір шүйгінді қапталы. Қоныс Қоңыртөре ауылы деп аталады. Ал Қоңыртөренің Ақмоладағы белгілі Қоңыр үйі осы күнгі Тың игерушілер сарайы салынған іргеге жақын, Есілдің Қаратөткелі аузында, бергіге дейін бұзылмай тұрды
1930 жылы көктемде Атбасар қаласында Қазақстан оқу халық комиссариаты мұғалімдер дайындайтын аймақтық курс ашты. Оқу іздеп жан-жаққа құлақ тігіп, елеңдеп жүрген 17-18 жастағы мен аудандық ұйымдардан жолдама алып, сол кездегі Сталин ауданының орталығынан 250 шақырымдай Атбасарға келіп, оқуға түстім. Оны сол жылы күз бітіргеннен кейін, шамасы Атбасардан 350 шақырымдай Нұра ауданының орталығы Казгородокқа келдім. Жалдама атарба, күн суық, жаяу-жалпы алты-жеті бала келдік. Көбісі осы ауданның өз тумалары. Оқытушылар курсында менен біраз үлкен, кешегі жазушы С.Омаров марқұм да болды. Ол жолдама алып, Сталин ауданына кетті. Мен Нұра ауданына келген соң С.Сейфуллин алғаш ұстаздық еткен, өзен қылтасына қарай Жіңішке аталған, біздің тұсымызда “Ақтөбе” делінген ауылға, осы Сәкен мектебінің жалғасы төрт кластық, екінші дәрежелі мектепке мұғалімдікке жебірілдім.
Бұл мектеп Қоңырқұлжа ауылында еді. Мен Қоңыр төренің немерелері үйлерінде тұрдым. Анығырақ айту үшін өзім көріп-білген, жақын араласқан оның ұрпақтарының кейбіреулерін тарату үшін Тәуке ханның бүгінге дейінгі шежіресіне тоқталмақпын
Тәуке, одан Сәмеке, одан Есім, одан Құдайменде, одан Бек, Бөрі, Арыстан, Сәнияз, Қоңырқұлжа. Әрине, бұл Құдайменденің біз естіпбілген ұлдары ғана. Бұл тұқымның басқа тарауларына бұрылмай, енді Қоңырқұлжа балаларына келейік. Қоңырдың бәйбішесінен жеті ұл. Олар: Бегалы, Жанәлі, Әділ, Төке, Мәмбетәлі, Абылай, Ыбырай. Жұрт бұлардың өңіне қарап “Қоңырдың жеті сарбасы” деп атапты. Шынында да бұлардың біз көрген ұрпақ тары шетінен сары, ақсары еді. Қоңырдың басқа әйелдерінен он бір ұл болыпты: Әбділда, Көшкенбай, Әкім, Әбілғазы, Әпсәлем, Әкетай, Темірбай, Әлімхан, Тоқай, Мәкентай. Қоңырдың қанша қызы болғаны белгісіз. Оның осы балаларының көпшілігінен-ақ Қарағанды облысында, басқа да аймақтарда немере-шөберелер көп. Мен өзім бала күнімде Қараөткелде Темірбай қажыны қөрдім. Оның Ақмолада жақсы үйі болған. Темірбай 1923 жылы қайтыпты. Оның бейіті Нұрада, әкесі Қоңырдың зираты қасында.
Қоңырдың соншама көп ұрпағын түгел тарата алмаспын. Сондықтан, мен өзім тікелей араласқан бір-екі немерелерін ғана айтпақпын. Мысалы, Қоңырдың Әділінен Аппас, Аппастан Ахмедия мен Мұхамедия. Мен 1930-1931 жылдары осы ауылдардың “Ақтөбе” мектебінде оқытушы болып, сол жас шағымда үш-төрт шағын колхоздың партия, комсомол ұйымдарына саяси сабақ беріп жүргенімде, Ахмедияның үйінде тұрдым. Бұл кісі 1931 жылдың қысына қарай Нұра ауданының Айсакөл мектебіне ауысты да, мен оның ағасы Мұхамедияның үйінде тұрып қалдым.
Арада қырық жылдай өтті. Жетпісінші жылдардың бас кезінде Ахмедия ағамыз мені Қарағанды теледидарынан көріп, үйіне шақыртты. Шыны, мен бұл кісінің өлі-тірі екенін білмейтінмін. Сөйтсем бала-шағалары, немерелері өсіп, өзі көптен Қарағандыда тұрады екен. Мен көргендегі жас ұлы, кейін қайтыс болған Хамит – капитан, мен білмейтін қызы, беріде қайтыс болған Жамал – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болыпты, енді бір қызы Клара – Алматыда ғылым докторы екен. Ақаң үйіне өз елінің біраз адамдарын жинапты. Мені дәл бір өліп-тірілген інісіндей құшақ жая қарсы алды. Мен де ағамызды қуана құшақтадым. Көптің көзінше ол бір ескі қатырғы қағаз арасынан дәптердің төрт бетіне арабша жазылған “Алым-берім акті” дейтін хаттама суырып алды. Тосыннан оқи алмай да қалдым. Байыптап қарасам, 1930 жылы 13 ноябрь күні өз қолымен жазылған, оған Ахмедияның да, менің де қолым қойылған, оны ауыл кеңес ағасы Қасымбек Ағжанов растап мөр басқан ресми куәлік.
Бақсам, Ахмедия Аппасов басқа мектепке ауысқанда, ол өзі бұрын меңгеруші болған “Ақтөбе “ мектебінің өзі қолынан өткізген аздыкөпті мүлкіне хаттама жасатыпты. Неткен ұқыпты адам. Сол қағаз жарты ғасырдай шаң-тозаң тимей, А.Аппасовтың папкасында сақталыпты. Осы құжатты Ақаң маған көптің көзінше сыйлыққа тартты. Осы күні оқысам, аудандағы ең жақсы екі мектептің бірінің сол кездегі қағаз-қарындашы, ақша-қаражаты, құрал-аспаптары, кітаптары қазіргі орта қолды бір мекеменің бір күнде еденінен сыпырылып қалатын кәкіршүкірдей ғана екен.
А.Аппасов осы беріде Қарағандыда қайтыс болды. Көппен бірге Нұра стансасындағы зиратта мен де топырақ салдым . Енді Қоңырқұлжаның бір баласы Абылайға келейік. Қоңырдың бұл ұлына Ш.Уәлихановтың тетелес қарындасы, 1837 жылы туған Бәдіғұлжамалды айттырыпты. Бәдіғұлдан төрт ұл туыпты. Бұлар: Сұлтан, Жәкіш, Шақыш, Нүкіш. Мен бұлардың бәрін де білсем керек. Шыңғысқызы Бәдіғұл адуынды, беделді бәйбіше болыпты. Енді қалай? Жұрт бұл кісіні ханның қызы, ханның келіні деп біліп, қатты сыйлаған. Өлерінен біраз жыл бұрын екі аяғы бірдей тартылып отырып қалыпты. Содан жасы 90-ға таяп, 20-шы жылдардың аяғына қарай намаз үстінде қайтыс болыпты. Бәдіғүл бәйбіше кейін өзімді сыйлап бағып-қағады деп, ұлдарының бәріне де өзінің бауырлары Жақыптың, Сақыпкерейдің, Мақының және басқалардың қыздарын айттырыпты. Тек Бәдіғұлдың үлкен баласы, оқымысты Сұлтан бері келе көбінесе Ақмолада тұрып, өзінің әйелінен ажырасады да, Ольга Николаевна дейтін орыс мұғалимаға үйленеді. Сұлтан Абылаев 1930-1931 жылдарды мен көргенде 70-ке келіп қалған кісі еді. Ол кезінде орысша реальное училище бітіріпті. Бұғылы елінде болыс болыпты. Советтік дәуірдің алғашқы кезінде Ақмолада, ел ішінде сот болыпты.
Сұлтан ақсақал Ақмоладағы орыс әйелінен туған жеті-сегіз жасар жас баласы Әнуарды ертіп, Нұрадағы өз ауылына келіп жүрді. Ел ішінің жүдей бастаған кезі. Әйтсе де, бұрынғы қадірлі адамды ағайындары бар мәзірімен күтісті. Бұл кезде Сұлтан Абылаевтың екі көзі бірдей суқараңғы болып көрмей қалыпты. Жаутаңдап қарсы алдына тіке қарай береді. Орта бойлы, жауырынды, тіп-тік, аузы ауыр, өте байсалды, сабырлы кісі. Жас баласы Әнуар кәрі әкесін әр үйге жетектеп кіргізіп, жетектеп шығарады. Орыс әйелінен туған бала іштей жұрттың ықыласын, әлде жақтырмайтынын сезіп есік-төрге жаутаңдай қарайды. Онша қазақша да білмейді. Қағылез, шегіркөз, ешкінің асығындай жұқа бала. Соқыр кәрі әке, орыс әйелінен туған тірі жетім жас бала ауыл арасында аянышты-ақ. Осы Әнуар өскен соң әлдеқандай бір себеппен ұзақ жылдарға сотталып кетіпті. Сол жақтан қайтпай қалған сияқты.
Ал, Сұлтекең ақырында 1932 жылдары Қарағандыда аштық кезінде қауқарсыз көз жұмыпты. Сонау Тәуке ханның білікті бір ұрпағының, оны қолынан жетектеген кішкене баланың тағдыры міне, осындай.
Осы беріде І.Жансүгіров пен С.Сейфуллиннің таңдамалы өлеңдер жинағы орыс тілінде көлемді бір том болып, “Ақын кітапханасы” жинағында жарық көргені мәлім. Бұл кітапқа М.Қаратаев, С.Қирабаев, В.Рождественский кіріспе, түсініктеме жазған. Кітаптың анықтамаларында бірсыпыра жаңсақтық кетті. Солардың бірі: “Сәкеннің 1916-17 жылдары жазған өлендері кейбірінің астында “С.А. ауылы” дейтін ескертпе бар. Соны кітап кұрастырушылар «Сарыарқа ауылы» депті. Әйгілі Сарыарқаның қайдан басталып, қай өңірге созылатыны белгілі ғой. Ұшқы-қиырсыз кең алқапты қамтитын ұланғайыр далада Сарыарқа дейтін ауыл болуы мүмкін емес қой. Сәкен өлеңдерінің бірі Сұлтан Абылаевтың сұлу жиені Рахимаға арналған. Бұл апай кейін қазақтың белгілі зиялыларының бірі Хайриден Болғанбаевтың жұбайы болған. Рахима осы беріде дүние салды. Бұл кісілерден Алматыда, Ақмолада, Қарағандыда ұрпақ-туыстар бар. С.Сейфуллин өзінің нақты еңбек жолын осы Сұлтан Абылаев ауылында бастаған. Сұлтан – Сәкеннің әкесі Сейфолламен қадірлес адамдар. Жоғарыда аңғартылған “С.А. ауылын “ – “Сұлтан Абылаев ауылы“ деп табан тіреп айта аламыз.
С.Сейфуллин 1916 жылы Омбы оқытушылар семинариясын бітіргенде С.Абылаев жас Сәкенді Ақмолаға жақын өз ауылына мұғалімдікке әкелген. Оған өзінің баласы Ғалымтайдың екі бөлмелі үйінің бір жағын пәтерге беріп, бір жағын мектеп етіп бала оқыттырған. Ғалымтай ағамыз біздің тұсымызда”Ақтөбе” мектебіне де қолқабысын тигізіп жүрді. Оның баласы Болат менен бірінші-екінші кластарда оқыды. Қазір зейнеткер, Қарағандыда тұрады. Міне, осы Б.Ғалымтаев – Тәуке ханның тоғызыншы ұрпағы. Қоңырқұлжаның Сәкеннен сабақ оқыған, онымен құрбы-құрдас, қадірлес болған немерелері Мәлік, Ахмедия, Кәрім – бәрі де осы бертінде қайтыс болды. Сонымен атақты Тәуке ханның қоныс, мекені біріне-бірі жақын жарыса қатар аққан Есіл мен Нұра өзендерінің шүйгін алқаптарында болуы анық. Нұраның кең жағасындағы Қоңырқұлжа ауылының Көкпекті өзені құйылысына қай уақытта ірге тепкені бізге мәлім емес. Мүмкін, осы іргеде Тәукенің өз қонысы да болған шығар. Бұдан 130 жыл бұрын дүние салған Қоңырқұлжаның саман кірпіш кең зиратына, одан бұрынғы да ескі зираттарға қарағанда бұл аталы елдің көптен бергі көне кені осы арада болу керек. Қоңыр бейітінің қасында оның балалары Абылайдың, Ыбырайдың, Аппастың, Темірбайдың, келіні Бәдіғұлдың, өзге де үрім-бұтақтарының бейіттері тұр. Қоңырқұлжа Кенесарыдан екі-үш жас кіші. Ол 1804 жылы туған. 1866 жылы 62 жасында қайтыс болыпты. Қоңырқұлжа өлгенде айтылған айрықша жоқтаулар да бар. Ескіше арабша тасқа жазылған сөздің мұғдары міне осындай. Бір бұзақылар осы құлаптасты нысана етіп атып, аздап зақымдапты. Патшаға бағынышты болып, шен-шекпен алғаннан болар, қалайда өз тұсының өзге де шонжарлары сияқты, Құдайменденің Қоңырқұлжасы да Кенесарыға қарсы шығыпты.
Қоңырдың бір баласы, Ыбырайдың немересі – Уәли ақсақалмен көп жыл бойы әңгімелесіп жүрдім. Ыбырайдың білікті балаларының бірі – Ахмет. Уәли осы Ахметтің баласы. Ол 90-ға таяп, 1983 жылы өз ауылында дүние салды. Қоңырқұлжаның бергі ұрпақтары Ахмет ауылы деп аталды. Ахметтің 1912 жылғы суреті бар. Келбетті кісі. Ахмет Ыбыраев аталарына тартып асыл тұқымды жылқы өсіріпті. Ол орыс патшасының әскеріне де, сән-салтанатына да жақсы аттар беріп тұрыпты. Содан да патша үкіметі ата қуалаған бұл текті тұқымнан соғысқа солдат алынбасын деп арнаулы грамота беріпті. Сол себепті де 1905 жылғы орыс-жапон соғысына, 1914 жылғы орыс-герман соғысына бұл әулеттен қара жұмысқа адам алынбапты. Уәли ақсақалдың айтуынша, оның атасы Қоңырқұлжа Кенесарыға қанша бағынбағанымен, бірде жолың деп оның жіберген адамына екі тұлпар сыйлыққа тартыпты.
Бұл арада ескерте кететін бір сөз: жазушы Ілияс Есенберлиннің «Каһар» романында тентек мінезде көрсетілетін Қоңырқұлжа осы. Хан баласы, әрі аға сұлтан, әрі бай, он сегіз ұлы бірнеше ауыл болып, қалада да, далада да үйлері, ордасы бар Қоңырқұлжаның бетті адам болуы ықтимал. Әрі Кенесарыға бүйрегі бұрылып, І.Есенберлиннің Қоңырқұлжаны мақтау үшін де оны тым тентектеу, өте жағымсыздау сипатта көрсетуі мүмкін. Содан да бұл роман жарық көргенде Қоңырдың тұқымы жазушыға іштей де, тыстай да реніш, наразылық білдіріп жүрді…
Қоңырқұлжаның Әділінен тараған А.Аппасовтың немересі көп жыл мұғалім болған Мәлік Тәукеханов арада ұзақ жылдар өткенде Ахмедияның қабыры басында кезігіп: “Інім, Жайық, аман-сау жүрмісің? Баяғы 1930 жылдан көріскеніміз осы ғой. Жас кезіңде маған орысша бір жақсы арыз жазып беріп едің. Әлі ұмытқам жоқ. Қатты риза болып едім. Әрқилы кезеңдерден өтіпсің. Бәрінің де арты қайырлы болсын. Біздің ауыл бұйра шаш әдемі бала жігітті жақсы коріп еді. Мектеп күзетшісі Өмірбек Бостамбаев қарт өзіңді дәл бір өз баласындай көретін еді”, – деп Мәлік ақсақал менің сәлемімді алып, жаны қалмады. Мәлік бұл тұқымның мен көрген үлкендері ішінен ең бір келбеттісі де, сымбаттысы да еді. Ол қартайған шағында да “сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді” дегендей, өзінің бір кезде келбетті адам болғанын бетәлпетінен айқын көрсетіп тұрды. Тегі Мәлік өзінің фамилиясын жас кезінде-ақ өзінің арғы атақты атасы Тәуке ханнан алса керек.
Қоңырқұлжаның Әкетайының бір ұлы мен өзім көріп, үйінде болғанымда мұғалім, Қазгордок маңында тұрған Мүсілімді – аңқылдаған аққөңіл адамды 1932 жылы (аштық кезінде) жол үстінде өзі қасына серіктікке ертіп шыққан бір арамза дәрет сындырып отырғанда, атына, киіміне, арбадағы азық-түлігіне қызығып, оның өз мылтығымен атып кетіпті.
Сонымен Қоңырқұлжаның, оның көп ұрпақтарының ескі зираты Нұра өзенінің қапталында, Нұра ауданының қазіргі “Энтузиаст” кеңшары іргесінде тұр. Бұл үлкен қорық атақты Тәуке ханның белгілі ұрпақтарының, тіпті, сол Тәукенің өзінің бізге жеткен ескерткіш мұрасындай көрінеді. Тегі осы үлкен қорықты мемлекеттік қорғауға алу керек те шығар. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғайтын қоғамның бір жиынында біраз бұрын мен осындай ұсыныс та жасадым. Тек бұған ол кезде ешкім құлақ аса қойған жоқ. Ана бір жылдары Әз Тәукенің осы өзіміз білетін шежіресін аға жазушымыз Ғабит Мүсіреповке айтқанымда: “Апырай, біз өзіміздің өткендегі үлкен адамдарымыздың көбісін тек ертегі ғып қана айтады екенбіз. Мұны жазу керек”, – деп таңырқап еді.
Бүгін, міне, сол ұсынысымды – Тәуке ұрпағының атамекен көне жұртын құнды ескерткіш ретінде мемлекеттік қорыққа айналдыру керек дегенді тағы қайталап айтқым келеді. Әз Тәукенің мекеніне жаңа астанамыз көшіп барып жатқан кезде бұл енді реті келіп тұрған шаруа емес пе? Жоғарыда келтірілген деректерді, кейбір жорамалдарымызды толықтыра түсетін білікті адамдар, тарихи құжаттарды зерттеушілер табылар. Біз тарихтан атақты Тәуке ханның кейінгі үрім-бұтақтары қазіргі жұртшылықтың жалпылай болса да білгені, өмірдің қалай жалғасып келе жатқанын аңғарғаны дұрыс қой деп ойлаймыз.
Жайық БЕКТҰРҰЛЫ,
1996 жыл