Бас тақырыпЖаңалықтар

Тәуелсіздік – тарих тәбәрігі

«Айтар болсаң, Алланы айт!» (Бұқар жырау) деген Алаш ұранды Қазақ жұртының тәуелсіздік туын желбіреткеніне – 27 жыл. Аллаға шүкір демегенде ше? Елбасының жарықтық көк байрағымызды сүйіп тұрған суреті кейде халқымыздың алтын баулы азаттықтың маңдайынан сипап, ұлт болып еміренгеніндей елестейді маған. Барымызды баянды еткей, Алла! Жолымызды оңдап, жоғымызға жеткізгей!

Алла жар болды, Алаш ел болды. Тарихын тасқа қашап, шекарасын тұлпарының тұяғымен белгілеген біздің ұлттың арғы тегіне жазылған азаттық. Ықылымға ұзамай-ақ Түрік, Алтын Орда дәуірінен бастап берідегі Қазақ хандығы заманында бодандық қамытын кимеген, Алладан басқаға бас имеген ақ сүйек елміз. Көшпенді жұрттың кедейінде бір үйір жылқы мен бір қора қой болған деседі. «Ата, неше сиырың болды?» десе, «е-е, ол сасықты мал көріп ұстағам жоқ» деп мұрнын шүйіретін көрінеді ертедегілер. Тегінде осындай бекзаттық бар жұртты басқалар табанда таптамақ болып, түп-тұқиянымен құртып жібереміз дегенімен, ұлттық кодымыздағы асыл қасиет оған жол бермеді. Кенесары ханның ұлт азаттығы үшін патшалық Ресеймен соғысы кезінен (1837-1847ж. ж.) бастап, 1986 жылға дейін тәуелсіздік жолында күресіп келдік. Ағылшындар жүз жылдық соғыс деп керемет қылады. Таласбек Әсемқұловтың айтуынша, біз жоңғар шапқыншылығын есептегенде, үш жүз жыл соғысыппыз сыртқы жаулармен. Ақыл-айласы жоқ, рухы төмен халық болғанымызда жер бетінен жойылып кетпес пе едік сонда? Әуелі Алла, одан кейін түп-тамырымыздағы ұлы рухтың арқасында аман қалып, әлемге Тәуелсіз ел екенімізді әйгіледік. Бабаларымыздан қанмен берілген асқақ рухтың екінші аты – азаттық! Айбынды асқақ рух пен ақыл болмаған жерде азаттық та жоқ! Осынау Ұлы Далада өзінің азаттығы үшін кескілесіп қан кешкен біздің өткеніміз – қастерлі тарих. Оны тебіренбей оқу мүмкін емес.

ХХІ ғасырда Алаш азат болып отырса, асқақ рухы мен ақыл-айласының арқасы. Жер бетінен жойылып кеткен ұлттар қаншама. Солардың кебін кимеске біз адамзат ақыл-ойы игілігін игере отырып, ұлттық тамырымызға оралуымыз керек. Елбасының «Ұлттық код», «Ұлы Даланың жеті қырын» түгендеуі тегін емес. «Қазақ, әуелі тегіңді таны» деп тұрған жоқ па сонда? Қазақтығыңа азаттығың сонда кірігеді.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button