Тәуелсіздік төл құрдасы
Қап-қараңғы зал. Шымылдық ашылысымен сахнаға бишілер шықты. Лық толы залдың назары – сахнада. Бірінен-бірі өткен һас шеберлер қимылымен көзді арбап барады. Әрине, бұның бәрі дайындық пен төккен тердің арқасы. Теміртау аспаны әсем әнге бөленді. Көшелерін сылқым сұлудың биі шарлап бара жатқандай. Сахнада өнер көрсетіп жатқан – «Вдохновение» би ансамблі еді. Бұл ансамбль – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Сонау жылдардан сыр шерткен тарихы бар ұжым. Егемендікпен тұспа-тұс келген 30 жылдығын ел Тәуелсіздігіне арнап, шаһарда үлкен концерт өткізді.
Осыдан тура 30 жыл бұрын осы топтың негізі қаланған. Құрамында 10 бишісі бар ұжым мектеп қабырғасынан бастау алған. Бұл қатарда – қазіргі топ жетекшісі етіп отырған Бағлан Қайдасынова да бар еді. Сабақтан кейін өздері дайындалып, түрлі байқауларға қатысқан. Кейін, мерекелік іс-шараларға шақырылып, таныла бастаған көрінеді. Аядай ғана бөлмеден шыққан ансамбль биыл 30 жылдығын тойлауда. Бүгінгі таңда құрамда 200-ге жуық бала бар. Әрине, осыншама жыл ішінде жеткен жетістігі де аз емес. Облыс, республика, тіпті, шетел асып ел намысын қорғап жүрген бұл ансамбльді қала тұрғындары жақсы біледі. Қыз, ұлын жетектеп, ансамбльге берген жандардың қатары күннен күнге артып келеді. Міне, кешегі шағын құрамның еңбегі – осы дәрежеге жеткізді. Әрине, бұл жолда талай қиыншылықтардың болғанын жасырмады ансамбль жетекшісі.
– 10 жылға таяу бұрынғы оқушылар сарайында дайындалып жүрміз. Жылдан-жылға қатысушылардың саны артып ол жерге сыймайтын болдық. Жауапты мекемелерге хат жазып, бізді мәдениет сарайына көшіруін сұраған едік. Содан кейін бізге келісім беріп, осында көшірді. Қазір мәдениет сарайы біздің үлкен үйіміз. Қарашаңырағымызға айналды, – деді Бағлан Қайдасынова.
Бұл концерт ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған. Жаңа қойылымдар Тәуелсіздікке байланысты арнайы әзірленіпті. Сонымен қатар, түрлі байқауларда жүлде алған билерін де көрерменге тарту етті.
– Біз – вокалдық-хореографиялық ансамбльміз. Басқалардан ерекшелігіміз – осы. Облыста осы бағытта жұмыс істейтін ансамбль аз десек, арық айтқанымыз емес. Балаларды 4 жастан 18 жасқа дейін биге баулимыз. Жыл сайын 20 түлек түлейді. Осы 30 жылдың ішінде түлектеріміздің тең жартысы вокал, хореография бағытында жұмыс істеп жүр. Ал, кейбірі шетел асып, білімін шыңдауға кетті. Ұжымда қызмет істейтін жандардың бәрі осы би ансамблінің түлектері. Қазір өздері де шәкірт тәрби елеп, ансамбльдің өсуіне, дамуына үлес қосып келеді, – деді ансамбль жетекшісі.
Сахнадағы бишінің қимыл-қозғалысы, эмоциясы мен мінезі бәрінен маңызды. Ал, осы бағытта жұмыс істейтін маманды – хореограф дейміз. Эмоцияны бимен жеткізетін маманның атқаратын рөлі ерекше. Әр баламен жеке жұмыс істеп, баптауы өз алдына бір бөлек. Бидің құрылысын, қимылын құрау – одан да жауапті іс. Осы салада тер төгіп жүрген Евгений Морозовтың еңбегі айрықша. Ол да осы ансамбльдің түлегі екен.
– Хореограф болып істеп жүргеніме 5 жылдан асты. Әбден бауыр басып кеттім. Кезінде күн-түн демей дайындалып, бос уақыттың бәрін осында өткізуші едік. Қазір өзімнен кейінгілерді үйретіп жүрмін. Байқауға дайындалған уақытта біздің тараптан талап күшейеді. Әрине, үлкен жетістікке жету үшін бірінші тәртіп керек. Жақсы нәтиже болуы үшін әрқайсымен жеке жұмыс істейміз. Нәтижесі де жаман емес. 30 жылдық тарихы бар ансамбльде еңбек ету – мен үшін үлкен мәртебе, – деді Евгений Морозов. Диас Сарыбайдың би мектебін тәмамдағанына 1 жылдан асыпты. Бірақ, соған қарамастан бүгінгі концертке қатысып отыр.
– Отбасымда әпкем бимен айналысатын. Түрлі концерттерге шығып билегенде барып, көріп жүретінмін. Сол кезде «мен де билей алсам ғой» деп армандаушы едім. 10 жасқа келгенімде әпкем мені осы би үйірмесіне әкелді. Содан бері биден қол үзбей келемін. Өнердің арқасында жақын достар таптым. Және ел көріп, жер көріп қайттым. Ансамбль концерт қояды дегенде қарап отыра алмадым. Бітіріп айтсам да бірге өскен ұжымға демеу болып, қолдау білдіру үшін келдім – деді ол. Ал, топ мүшесі Тоғжан Файзрахманова:
– Би және вокал үйірмесіне 1 сыныптан қатысып жүрмін. Кішкентай кезімнен биге әуес болдым. Ата-анам қолымнан жетелеп осында әкелген еді. Жаттығуға келген бойда дене қыздырып аламыз. Одан кейін би қимылдарын үйренеміз. Ештеңе білмей келіп едік осы жерге. Тәжірибелі, өз ісін жетік меңгерген хореграф, ұстаздардың арқасында үйренген дүниеміз көп. Өз басым топтық құрамда билеймін. Ал, құрамда – 16 адамға дейін болады. Әрине, оңай емес. Біздің еркелігімізді көтеріп жүрген ұстаздарыма алғыс айтамын, – деді.
Қазіргі таңда ансамбль түрлі байқауларға шақырту алып үлгеріпті. Концертті өткізгеннен кейін дайындыққа қайта кіріседі. Ұжым басшылығы алдағы уақытта ансамбльдің жеке концертін қоюды жоспарлап отырғандығын да жасырмады. Ал, біз тамыры терең шығармашылық ұжымға қолдау білдіріп, жетістіктерін жарыса сүйіншілейтін болайық!
Ербол ЕРБОЛАТ.
ТЕМІРТАУ қаласы.