Төрт түлiктi түлету – екпінді

     Ұлытау ауданы – ежелден тамыры тереңге жайылған тарихы бар, сондай-ақ, көшпелі қазақ мемлекетінде хандар мен сұлтандардың, батырлар мен билердің ізі қалған, қайраткер тұлғаларымен танылған өңiр. Тарихи өлкеде Елбасының емен-жарқын сұхбат құруы тегін емес. Өйткені, Ұлытау – ұлттың ұясы.

Бұдан бөлек, бүгінде аталмыш ауданда мемлекеттiк қолдаудың нәтижесiнде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келедi. Жылдан-жылға жиналған өнiм көрсеткiшi өсiп, еңбек өнiмдiлiгi арта түскен алға басу бар. Әсiресе, ауданда мал шаруашылығын дамытуда мал тұқымын асылдандыруға көп көңiл бөлініп отыр. Бұл жөнінде Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Мал бағудың берекелі іс екенiн насихаттау, бұл кәсiптiң мәртебесiн көтеру, төрт түлiктi түлету былтыр аудан басшысының басты назарына алыныпты. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 43 млн. 850 мың теңгеге 7 жоба мақұлданып, осы қаражатқа 239 ірі қара мал алынған. «Құлан» бағдарламасы аясында 5 жоба қолдау тауып, жалпы сомасы 72,9 млн. теңгеге 271 жылқы алынған екен. «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 4,3 млн. теңгеге 169 асыл тұқымды қой алынған көрінеді. «Береке» бағдарламасының көмегімен 18 жеке қосалқы шаруашылық ашылып, 51 млн. теңге игерілген. Аудан бойынша өндірілген мал мен құс еті 11938,2 тоннаны құраған. Сүт өнімі 28523 тоннаға дейін жеткен. Былтырғы жылмен салыстырғанда мал санының өсу динамикасы бар.

Атап айтқанда, сүт және сүт өнімдері өндірісін және ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін бағытталған жұмыстар жетерлік. Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемінің көрсеткіштері 2016 жылы 13675,3 млн. теңгеге орындалып, былтырғы жылмен салыстырғанда 118,1 пайызға артқан. Нақты көлем индексі 108 пайызды құрап отыр. Өткен мерзiм iшiнде кезек күттiрмейтiн негiзгi мәселелердi айқындап, алдағы қызметтің басым бағыттарын белгiлеген Хамит Нұрланұлы жоспарға сәйкес, ауданда 2 сүт қабылдайтын пункттерді, 1 мал соятын және 16 бордақылау алаңдарын, 2 ауыл шаруашылығы кооперативтерін жүзеге асыруды жолға қойғандығын тілге тиек етті.

Сонымен қоса, сүт тасымалдайтын құны 9 млн. теңге көлік алу, тоңазытқыш алу – 1 бірлік 8 млн. теңге, мал сою пунктін ашу – 1 бірлік, құны 35 млн. теңгеге жұмыстары жүргізілуде.

Ауданның құрылыс саласында даму қарқын алып, 2016 жылы 5142 шаршы метр көлемінде тұрғын үй қолданысқа берілген. Экономиканың нақты сектор саласында шағын кәсіпорындардың өндіріс өнім көлемінің көрсеткіштері өткен жылы 1 млрд. 53 млн. 598 мың теңгеге орындалған шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндірілген өнім көлемі былтырғы жылы 4 млрд. 591 млн. теңгені құраған.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында – 39 млн. 81 мың теңге қаржы қарастырылған. Селолық елді мекендердегі барлық медициналық пунктер мен дәрігерлік амбулаториялар қажетті жабдықтармен және орталық дәріхана арқылы дәрілермен толық қамтамасыз етілген. Ұлытау ауданы бойынша село, кент әкімдіктердің жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны басқару шоттарында (ҚБШ) ағымдағы жылы 6 – салық түрі бойынша 22 млн. 944 мың теңге қаржы түскен.

БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға толымды жауап қайырған Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров басым бағыттары ауыл шаруашылығын, агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту, өңiрдi үдемелi индустриялды-инновациялық дамыту, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестiң жол картасы – 2020» сияқты мемлекеттiк бағдарламаларды жүзеге асыруға айрықша көңiл бөлiнетіндігін атады. Алдағы кезеңде атқарылатын iс-шаралар бойынша нақты мiндеттердi жүзеге асыруға күш салатындығына уәде етті.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.