Спорт

Төрт голмен төрге озды

Футболдан Қазақстан Бі­рінші Лига ойындарының екін­ші туры аяқталды. Қарағандылық «Шахтер» өз алаңында елордалық SD Family клубын қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осы­лайша жерлестер қос кез­десуде 6 ұпай еншілеп, тур­нирлік кестеде ІІ орынға кө­терілді.

Әу баста қарағандылықтар Бірінші Лиганың басты фавориттері екенін айтқан едік. Ал, олар лига басталысымен-ақ үздік екендерін көрсетуде. Тіпті, елордалықтарға қарсы өткен ойында қарсыластарға мүмкіндік бермеді.

Төреші допты ойынға қосқаннан бастап қарағандылықтар қарсыластарды қысымға алды. Тіпті, бірінші минуттан шабуылды үдетті. Жартылай қорғаушы Мансұр Ділмұраттың алыстан бағыттаған соққысы қақпаға дарымады. Алтыншы минуттағы шабуылшы Арман Нүсіптің тепкен добын қарсылас команда қақпашысы Евгений Ситдиков еш қиындықсыз қайтарды. Ал, 10-шы минутта шабуылшы Максим Галкин оң қапталмен шабуыл жасап, допты алаңның ортасына бағыттаған еді. Әріптесі Диас Калыбаев есеп ашатын мүмкіндікті мүлт жіберді. Десе де, жерлестер бұнымен тоқтап қалмады.

17-минутта алаң иелері есепте алға шықты. Максим Галкин оң қапталмен шабуыл жасап, алаң ортасында жүрген әріптестеріне доп асырған еді. Кенет доп қарсылас команда қорғаушысы Нұрәділ Серіковке тиіп, қақпаға енді. Қақпашы мұндай соққының болатынын күтпесе керек, қақпаға бағытталған допты қайтаруға да ұмтылмады. Ал, бас төреші бұл шабуылда ешқандай ойын ережесі бұзылмағандығын ескертіп, қақпаға кірген голды автогол ретінде есептеді.

27-минутта кеншілер есепті еселеді. Оң қапталдан ойысып, ортаға енген Диас Қалыбаев допты қорғаушылардан айласын асырып, алға ұмтылған әріптесі Максим Галкинге жеткізді. Ал, ол қақпашының бойынан допты әуелете көтеріп, еш қиындықсыз қақпаға тоғытты. Осыдан кейін таблодағы есеп өзгермеді. Алғашқы айналым да тәмамдалды.

Шабуылшы Диас Қалыбаевтың алғашқы айналымда гол салатын бірнеше мүмкіндігі болды. Тіпті, керемет шабуыл да ұйымдастырып берді. Ал, 62-ші минутта өзі гол алып, есепті 3:0-ге жеткізді. Қорғаушы Мансұр Ділмұрат өзіне келген допты алдыңғы шепте жүрген шабуылшы Диасқа әуелете көтерген. Осы тұста қарсылас қақпашысы «Допқа бірінші жетемін» деп ойласа керек, қақпаны тастап доп­қа ұмтылады. Ал, ол допқа Диас бірінші жетіп, ашық тұрған қақпаға бағыттайды.

Араға төрт минут салып, Арман Нүсіпов есепті 4:0-ге жеткізді. Оң қапталдан ұйымдастырылған шабуылды нәтижелі түйіндеп, ойынға нүкте қойды. Бірақ, ойын соңына дейін алаң иелері бірнеше шабуыл жасады. Бірақ, нәтиже тіркелмеді. 87-ші минутта қорғаушылар қателікке бой алдырып, бір гол өткізіп алды.

Турнирдің көш басында павлодарлық «Ертіс» клубы тұр. Олар да қос ойында алты ұпай еншілеген. Бірақ, гол айырмашылығымен бізден алда. Ал, үздік үштікті ақтаулық «Каспий» түйіндеп тұр. Енді жерлестер 25 сәуірде сырт алаңда алматылық «Хан Тәңірі» клубымен ойнайды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Басқа материалдар

Back to top button