Бас тақырыпБейне

Түркиялық әнші Абай Құнанбайұлының әніне клип түсірді (видео)

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Қазақстанмен бірге бауырлас түркі елдері де атап өтуде. Мерейтой аясында түркиялық әнші Айбен Ерсой Абайдың әнін шырқап, клип түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Биылғы маусым айында Қазақстанның астанасында қазақ достарымыздың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығы құрметіне фестиваль ұйымдастыру жоспарланған еді. Шарт бойынша, әрбір елден келген қатысушылар ұлы ақынның бір әнін шырқауы керек болды. Біз  Абайдың «Көзімнің қарасы» атты туындысын заманауи аранжировкада әзірледік. Өткен аптада Ыстанбұлдың ең көрікті жерлерінің бірі – Сұлтан Ахмет мешіті маңында клип түсірдік. Өкінішке қарай, қауіпті вирустың таралуына байланысты бұл жоба тоқтатылды. Алайда біз бастаған ісімізді аяқтап, туындыны сіздермен бөлісуді жөн көрдік», – деп жазды түркиялық әнші Instagram-дағы парақшасында.

Сонымен бірге, әнші ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында қазақ әнімен қалай танысқанын айтып берді.

«Қазақстанға түрлі жобалар бойынша бірнеше рет барғанмын. Qazaqstan арнасы өткізген «Silk Way Star» байқауының қазылар алқасына мүше болдым. Бұл керемет жоба болды. Онда тек камера алдында ғана емес, сахна сыртында да бауырларыммен ұмытылмас сәттер өткіздім. Сол кездері қазақ музыкасын естіп, біздің халық әндерімен ұқсас екенін аңғардым. Қазақ музыкасымен танысқан күні екі халыққа да осы сезімді жеткізіп, ертеден ұлан-ғайыр аумақта тамырымыздың ортақ болғанын еске салғым келді. «Көзімнің қарасы» да алғаш естіген сәтте-ақ жүрегіме жетті. Бастапқыда сөздерді түсінбесем де, әннің не туралы екенін сезінгендеймін. Сондықтан мен үшін Абайдың осы әнінің орны бөлек», – деді А. Ерсой.

Басқа материалдар

Back to top button