Қарағанды

Тәрбие беру – мәртебе

   «Әйел-ана бір қолымен бала тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді». Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің осы бір сөзі бар ықыласымен өзінің де, өзгенің де баласын бауырына басқан балабақша тәрбиешілерін көрген сайын еске түседі.

Шынтуайтында, ұл тәрбиелей отырып халықты, ал қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелеп өсірген тектілердің жалғасымыз. Болашағымыз – балаларымыз десек, солардың таң атқаннан кеш батқанға дейін бабын жасап, бастысы түзу тәрбие беріп отырған Шығыс–3 ықшам ауданындағы №63 «Мөлдір» балабақшасының, №11 «Балдырған» тобының ата-аналары тарапынан осы ұжымда еңбек етіп жүрген барша қыз-келіншектерге шексіз алғысымызды жеткізгіміз келеді.

«Асықпайтын уақытта асығамыз, ақиқатты несіне жасырамыз… Уақыт жоқ, уақыт жоқ деп уақытқа бас ұрамыз» деп ақын Ұлықбек Есдәулет жырлағандай, бүгінде 2-3 баласы тете өсіп келе жатқан әр ата-ананың басты көмекшісі – бар байлығы балаларының тәрбиесін сеніп тапсыратын осы тәрбиешілер.

Заман өзгерісіне сай қалыптасқан күрделі жағдай болар қазіргі ата-ана баласына күнделікті кемі 2-3 сағат, тек демалыста ғана толыққанды көңіл аудара алады. Оның өзінде күйбең тіршіліктің қамы – көп уақыт бөлуге қолбайлау. Осындайда бар сенеріміз – балабақша. Апайларынан жазу-сызудан бөлек, салт-дәстүрімізді, бата беріп, ас қайыру сияқты әдет-ғұрыптарымызды үйреніп келген сайын ризашылық білдіріп, еңбектерінің жемісті болуына тілеулес боламыз.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген халық даналығы бар. Олай болса, біз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында №63 «Мөлдір» балабақшасының директоры Виолетта Калиниченко басқаратын ұжым өкілдеріне, атап айтсақ, Тлеукен Найманова мен Қарлығаш Акишева сияқты тәрбиешілерге ата-аналар тарапынан ризашылығымызды білдіріп, жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тілейміз.

Барлығымыздың басты мақсатымыз – болашағымыздың баянды болуы. Ендеше, сіздер мен біз бірлесе тәрбиелеп өсірген өрендеріміз ел үмітін ақтайтын, Алаштың арқа сүйері болар азаматтары қатарынан көрінсін!

№ 63 «Мөлдір»

балабақшасының

№11 «Балдырған» тобының ата-аналары.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button