Денсаулық

Тұмауға қарсы екпе салу басталады

2021 жылдың 5 қыркүйегінен бастап елде тұмауға қарсы екпе салу басталады. ЖРВИ мен тұмау маусымына дайындық үшін Қазақстанда бірнеше вакцина түрі қолданылады. Екпені бірінші кезекте медициналық қызметкерлер алады.

Тұмауға қарсы тегін екпені денсаулық жағдайына байланысты осал топқа жататын азаматтар алады. Оның ішінде, диспансерлік есепте тұрған балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен қарттар үйінің қариялары бар. Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдегендей, биыл бюджет қаражатынан Ресейде шығарылған «Гриппол+» вакцинасының 2,5 млн.
дозасы сатып алыныпты.
– Вакцина құрамында алдағы маусымға қарсы штамм бар. Бұл республиканың жалпы тұрғындарының 13%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Ресейлік вакцинадан бөлек Қазақстан аумағында тағы 3 өндірушінің 4 вакцинасы тіркелген. Атап айтқанда, Санофи-Пастер (Франция) өндірген «Ваксигрип Тетра», Инфлювак (Нидерланды), Синовак Биотек (Қытай) компаниялары өндірген вакциналарды алуға болады, – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.
Вице-министр вакцинаны тіркелген жері бойынша емханаларда ақылы түрде алуға болатынын жеткізді. Бұл ретте мамандар тұмауға қарсы вакцина мен коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыру аралығы бір ай болуы керектігін ескертеді.
– Әрине, тұмауға қарсы вакцина мен коронавирусқа қарсы вакцинаны қатар алуға болады. Бірақ, тұмауға қарсы екпені коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын салдырғаннан кейін алу керек. Яғни, тұмауға қарсы вакцинаны бір айдан кейін салдырған жөн, – деді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің медициналық-санитар­лық алғашқы көмек бөлімінің меңгерушісі Динара Маханбетқұлова.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button