Жаңалықтар

Тәлімі мол телекөпір

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында қазақтың халық ақыны Жамбыл ЖАБАЕВТЫҢ 175 жылдық мерейтойын атап өту бойынша жалпы республикалық іс-шаралар шеңберінде «Жыр алыбы – Жамбыл» атты телекөпір өтті. Жамбыл облыстық Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұжымы қашықтан телебайланысқа шығып, әсерлі әңгіме өрбітті.

Онлайн шара ақын шығармалары арқылы жас ұрпақты патриоттық сезімге баули отырып, саф поэзияға, әдебиетке қызығушылығын ояту және тәлімі терең туындылармен тәрбиелеу һәм адамгершілікке дағдыландыруды мақсат тұтты.

Қазақтың қара өлеңін кие тұтып, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың бұқараның махаббатына бөленген Жамбыл ақынның тұлғасын асқақтатуға арналған ауқымды шараны кітапхананың «Оқу залы» бөлімінің қызметкері Жібек Зейкенова тізгіндеп, көрігін қыздырды. Түрлі тың деректер айтылды.

Сондай-ақ, жиынға Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов және Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары, ұстаздары қатысты.

Шара барысында балалар Ж.Жабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, қабілеттерін байқатты. Тағдырдың жазуымен зағип болса да, өмірге құштар жас композитор, күйші, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрдәулет Сағатбек ұлттық музыка саңлағы Н.Тілендиевтің Жамбылдың 100 жылдығына арнап жазған әйгілі «Ата толғауы» күйін күмбірлете орындады.

– Ақын шығармаларының шоқтығы биігі оның айтыстары екені сөзсіз. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Бақтыбай, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Шашубаймен айтыстары суырып-салмалық өнерінің шырқау биікте болғанын, оның өз дәуірінің асқан жүйрік жыршысы болғанын дәлелдейді, – дейді кітапхана қызметкері Жібек Зейкенова.

Осындай аламан айтыстардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының һас үлгісі деп баға береді әдебиеттанушылар. Ал Жамбылдың Айкүміспен айтысын Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының дарынды оқырмандары Бақытбек Мейіржан мен Жәния Тұрғынбекқызы тарту етіп, көпшілікті тарих қойнауындағы мөлдір бұлақтан сусындатты.

Ал, кітапхананың оқу залында «Жыр алыбы – Жамбыл» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, жұртшылық жүз жасаған жыраудың жалынды жырлары мен әдебиеттанушылардың зерттеулері жинақталған кітаптар жайлы толымды мәлімет алды.

Заманауи техниканың арқасында осылайша Жамбыл облысы кітапханасы мен кенді шаһардың іргелі кітап үйі қызметкерлері мен оқырмандары онлайн қауышып, әсерлі кешке куә болды. Тағылымға толы шара рухқа шөлдеген жүректерге карантин да тосқауыл бола алмайтынын дәлелдеді.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button