Қарқаралы

Түлектерге – сәттілік

   Тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетіп, соңғы қоңырау соғылды. Кейбір оқушылар үшін бұл кезекті жазғы демалыстың шаттықты үні болса, түлектер үшін мәңгі есте қаларлық балалық бал дәуреннің қол бұлғар сәті. Осындай адам өмірінде маңызды орын алатын мерекеде Қасым ауылындағы №19 орта мектепке аудан әкімі тарапынан үлкен тарту жасалып, «газель» автокөлігі берілді.

Сан жылдар білім дәнін терген алтын ұя мектебінде Қасым ауылының түлектері соңғы қоңырауларын соқты. Он бір жыл бойы бірге оқыған жолдастары мен алғаш әріп танытып, білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарына деген қимастық сезімдерін түлектер әдемі әндері мен әсерлі өлеңдерімен өрнектеді. Тәрбие мен тәртіптен тағылым алып, үлкен өмір мектебіне қанат қаққан түлектердің «Соңғы қоңырау» мерекесіне аудан әкімі Халел Мақсұтов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Арғын Елеусізов қатысты. Дәстүрлі шара еліміздің Әнұранымен ашылып, мектеп бітіруші 14 түлек ардақты ұстаз Бибігүл Адамбаевамен көпшіліктің қолдауымен ортаға шықты. Салтанатты шараға жиналған халықтың қарасы көп болды. Олар түлектерге ақ жол тілеген ата- ана, аға-бауыр, туған-туыс. Осындай тілекші ағалардың қатарындағы аудан әкімі де өзінің түлектерге деген жүрекжарды лебізін білдіріп, сәт-сапар тіледі. «Бүкіл әлемді танытып, әліппені үйреткен мектеп оқушы мен ұстаз үшін қасиетті орын. «Білім – инемен құдық қазғандай». Олай болса, білім аламын деп қияға талпынатын өскелең ұрпақ пен оларға талмайтын талап, қайырылмайтын қанат сыйлайтын ұстазға қандай қамқорлық танытса да артық болмайды. Бірнеше жыл қатарынан ҰБТ-де жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келе жатқан мектеп ұжымы ресурстық білім ұясына айналды. Біз осындай білімді оқушылары мен білікті ұстаздары, бірлігі жарасқан білім сапасы жоғары мектепке газель автокөлігін табыстауды жөн деп шештік» дей келе, автокөлік кілтін мектеп директоры Мақсат Оспанқұловқа табыстады. Сонымен қатар, оқушылардың игілігіне заманауи құрылғылармен жабдықталған робототехника және физика және химия кабинеттері биылғы жаңа оқу жылында берілетіндігін жеткізді. Аталмыш мектептің білім сапасының жоғары болуына өлшеусіз еңбек етіп, тынымсыз тер төгіп жүрген мектеп директоры Мақсат Оспанқұлов оқуда озат, ғылыми жоба жеңімпаздарына, қоғамдық жұмыста белсенді оқушыларды марапаттады. Үлкен өмір жолының бастауы болып тұрған мерекеде мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары атынан сөз алған Алтай Мұқашев, «өмірде қанаттарың талмасын, озық ойлы, білімді, парасатты азамат болыңдар» деп білім ордасына қамқорлық көрсеткен ел ағаларына, тәрбие мен білім берген ата аналар мен ұстаздар қауымына деген алғысын білдірді. Ақ тілектер ағынымен толысқан шараны мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Қазбек Айбар жерлесіміз Руслан Нұрбайдың «Алтын адамын» нақышына келтіре оқып, қошеметке бөленді.

Шара барысында, түлектер ізбасар бауырларына аманат папкасы мен білім кілтін табыстады. Ұстаз еңбегінің өлшеусіз екендігін жеткізген шәкірттер мен қатар ата-аналар жылы лебіздерін білдіріп жатса, ақылшы, асыл аталары ақ батасын берді.

Он бір жыл оқытып, тәрбиелеген алтын ұя мектеппен, құшақ-құшақ гүл шоқтарын көтерген аяулы ұстаздарымен қимай қоштасып, балалық шақтың соңғы сыңғыры үлкен өмірге шақырып тұрғандай. Алда түлектерді талай сынақтар күтіп тұр. Сол сындардан сүрінбей өтсін деген тілектермен соңғы қоңырау салтанаты өз мәресіне жетті.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button