Бас тақырып

Төл теңге – еліме құт

Күні ертең Ұлттық валютамызға 30 жыл толады. Тарлан тарих еліміздің басты құтына айналған төл теңгемізді төмен ығыстырмады, керісінше, ырысымызды еселеп, елдігімізді төрге сүйреді.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан шығудың түрлі жолы қарастырылды. Соның ішіндегі ең маңызды жолы – қаржылық тәуелсіздікті реттеу еді. Бұған алғашқы қадам 1992 жылы басталып та кетті.

Айтқандай, 1993 жылы Ұлттық валютаны енгізу рекордты қысқа мерзімде жүзеге асты. Басында «сом», «танга», «денге» сөздері ұсынылды. Кейін экономист Сауық Тәкежановтың «теңге» нұсқасы ұлттық валюта атауына лайық деп танылды. 1993 жылы 12 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ұлыбританиядағы Harrison & Sons отбасылық типографиясында басылған банкноттар Лондоннан елге бір апта бойы тасымалданды. Ал, теңге айырбастау 1993 жылы 15 қараша таңғы сағат 8-де басталып, тұп-тура 5 тәулікке созылған көрінеді.

Осы бір тарихи қадам еліміздің экономикалық дамуына сәтті жол аша білді. Өзіндік қаржы саясатын жүргізу арқылы толыққанды тәуелсіздікті тарту етті.

Еліміздің төл теңгесі сол уақытта-ақ ерекше дизайнымен ел ықыласына ие болды. Қаншама жыл бодандық қамытын киген қазақ елі ұлы тұлғаларын қастер тұтатынын әлем алдында дәлелдеді. Валютамызда Әбілқайыр хан, Абылай хан, әл-Фараби, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқан бейнелері бедерленгені соған дәлел.

Бұл жерде Тимур Сүлейменовтің басшылық етіп, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов секілді білікті суретшілердің ымырада жұмыс істегенінің жемісін және атап өткеніміз жөн. Теңге дизайны өте қысқа мерзімде, яғни, бір жыл ішінде жасалды. Соған қарамастан, сапа мен көркемдік ерекшелікке ие болды.

«Мәскеудегі графикалық факультетті бітіргендіктен графика технологиясынан хабарым бар еді. Сурет салуға да икемдімін дегендей. 1992 жылдың қаңтар айынан бастап, қазан айына дейін жұмыс істедік. Ол кезде компьютер, принтер жоқ, сондықтан, эскиздерді қолмен жасадық. Тіпті, шрифтердің өзін қолмен жазуға тура келді. Көбіне карандаш, туш қолдандық. Таудың арасында Министрлер кабинетінің саяжайлары бар еді. Сол жақта болып, эскиз сызумен айналыстық. Ал қазан, қараша, желтоқсан айларында банкноттың түпнұсқасын жасауды Англияда жалғастырдық. Бояу құю процесі Англияда жасалды. Өйткені ол жақта қажетті техникалар жеткілікті болды», – деген еді теңге дизайны авторларының бірі, суретші Ағымсалы Дүзелханов бір естелігінде.

Төл теңгенің жарыққа шығу жөніндегі тарихтың бір парасы осылай дейді. Содан бері отыз жыл өтті: теңге талай дағдарыс өткелінен аман өтті, экономикалық түрлі сынаққа төтеп берді. Қазір Алматыдағы банкнот фабрикасынан шығады, монеталар Өскемендегі теңге сарайында соғылады.

Төл теңгеміз дербес экономикалық қуаттылығымызға күш, берекелі елдігімізге құт беріп келе жатыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button