СаранСпорт

ТӨЛ СПОРТ ТӨРГЕ ОЗДЫ

      Сенбі күні Саран қаласында «Сарыарқа Дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы мен Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің мұрындық болуымен, Астананың 20 жылдығына орай, Қарағанды облысы мектептерінің жасөспірімдері арасында қазақ күресінен жарыс өтті. Жас балуандар арасында ұйымдастырылған додаға облыстың барлық өңірінен қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды.

Қазақ күресінің қадамы бүгінгі таңда қарыштап дамып келе жатқаны анық. Оны Саранда қазақ күресінен өткен біріншілік дәлелдей түскендей. Төл күресімізден өткен додада әр өңірден іріктеліп шыққан ең мықты балуандар күш сынасты. Аймақтан іріктеліп шыққан жас балуандардың осалы жоқ. Осы күні жанкүйерлер де көп жиналды. Бұл ұлттық спортқа, оның ішінде қазақ күресіне деген құрмет пен қошеметтің деңгейін аңғартса керек. Осылайша, Саран қаласының төрінде жақсы дәстүр жалғасын тапты.
Жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөзін жеткізген Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры В.Закамолкин мен білім бөлімінің өкілі А.Муфталова қазақ күресіне қашанда қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
– Қазақ күресі бұрынырақта жауынгерлік өнер санатына жатып келгенімен, кейін келе барлық халық қызығатын спорттық сипат алды. Бұл күрестің қыр-сырын жетік меңгерген ата-бабаларымыз ұлттық спорттың осы түрінен талай рет балуан белдестіргенін білеміз. Ауыз бірлікте бола отырып, өз күресімізді өзіміз көтерейік. Ең бастысы, күресімізге деген адал ниет болу керек. Әйтпесе, нәтиже болмайды. Төл өнерімізді өзіміз төрге тартпасақ, ертең оның дамуы, жетілуі тежеледі. Сайып келгенде, қазақтың күресін қазақтың өзі дамытуға мүдделі болуы тиіс, – деп атап көрсетті ұйымдастырушылар.
Жарыстың ережесімен таныстырған бас төреші Есенхан Бүркітбай да қазақта мықты балуандар барын атап өтті.
– Ұлттық өнердің бойына қан жүгіртуге атсалысқан абзал азаматтардың еңбегі орасан. Себебі, дүниенің әр елінің ұлттық ерекшелігі болады, қазақ үшін қазақ күресінің орны, мәртебесі бөлек. Қазақ үшін өзге біреу күресін дамытып, балуанының бабын тауып, елдің абыройын асқақтатып бермейді. Қазақ күресі ең алдымен қазаққа ғана керек. Бабадан қалған асыл өнердің оты өшпей, ендігі жерде лаулап жанып, әлемнің назарында болатынына сенімдімін, – деді бас төреші.
Жарыс кезінде қазақтың кіл қапсағай денелі, тоқпан жілікті, сом тұлғалы толағайлары өсіп келе жатқандығын байқадық. Шын жүйрікке тұсау жоқ. Қазақ күресі – жер жүзіндегі қазақтай қайсар ұлттың теңдессіз өнері екендігін паш еткендей. Белдескеннің тізесін бүгіп, буынын қалтыратқан, әуелете лақтырып, жаурынын жер иіскеткен сәттерге тамашалаушылар тәнті болды.
Саран қаласының намысын қорғаған А.Қалиев 42 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шыдатпай, жеңімпаз атанды. Абайлық Н.Бекоз 46 келіде үздік шықты. 51 келі салмақ дәрежесінде шахандық М.Тұрбек, 57 келі салмақ дәрежесінде абайлық М.Ерқасым чемпион атанды. 64 келі салмақ дәрежесінде Шахтинскінің балуаны И.Быков, 72 келі салмақ дәрежесінде шахандық Б.Жұман бірінші орын тұғырына көтерілді. 81 келі салмақ дәрежесінде абайлық А.Бекоз, 81 + келі салмақ дәрежесінде тағы да бір абайлық балуан Б.Қалауов бірінші орынды иеленді. Ал, түйе балуандар арасында Абай ауданының балуаны Елнұр Садықов жеңімпаз болды.
Шалқар КЕМЕШОВ, қазақ күресінен бапкер:
– Негізі, бапкерлік жұмысқа тісқаққан спортшының келуінің өзі екіталай. Бапкерлік қызмет көп ізденісті, білімді ұдайы жетілдіріп отыруды, шеберлігіңді шыңдауды талап етеді. Мәселен, қазақ күресінің бұрынғы әдіс-тәсілдерімен ғана шектелуге болмайды. Күрес дамыған сайын оның әдіс-тәсілдері де жыл өткен сайын жаңарып, өзгеріп отырады. Өзім бүгінгі күнге дейін жиған-терген біліміммен тоқмейілсімей, кітаптар оқып, үнемі ізденіс үстінде жүремін. Бір сөзбен айтқанда, бапкер болу оңай емес. Шәкірттердің жағдайын жасау, олардың ішкі жан дүниесіне терең үңілу, балуанның бойында тұнып тұрған талантын аша білу, оның артықшылығы мен кемшілігімен жұмыс істеу секілді мәселелермен бетпе бет жолығасың. Бүгін Шет ауданы, Красная Поляна ауылынан қос шәкіртімді алып келдім. Шәкіртім Ақжол Беріков 64 келіде, Асхат Мусин 57 келіде үшінші орын тұғырынан көрінді. Бұл балалар аз ғана уақыттың ішінде жетістік көрсетіп отыр.

Нұрдос КӘРІМ
САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button