Жаңалықтар

Тұлға тәлімі – қастерлі қазына

Атам қазақ ықылым замандардан бері бір күнгісін немесе өз азығын ғана ойламаған. Біз – адами құндылықтар мен өмір игіліктерінің өзіңнен кейінгі алты ата ұрпаққа жетуін мұрат тұтқан, сол үшін алаңдай білген дана халықтың ұрпағымыз. Осы қасиетіміз – ұлт ретіндегі қайталанбас ерекшелігіміздің бірі һәм бірегейі.

Ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарау – ұлт болашағына немкетті қарау. Ендеше, әр отбасындағы ең басты құндылық – оның материалдық игілігінде емес, сол әулеттің өмір салты иманды, білімді, зияткер ұрпақпен сабақтасқан ізгілігінде екенін түйсінуіміз керек. Рас, адам өміріндегі «өтпелі кезең» деп аталатын толқымалы-толқулы сәттер еліктеу-солықтауға негізделеді. Міне, осы шақта бозбала мен бойжеткен үшін үлгі боларлық тұлға керек. Өз басым Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірін үлгі етіп, тарихи тұлғаның өнегесін дәріптеуден жалыққан емеспін. Менің өмірімнің күрт өзгеріп, барлық игіліктерімнің жанжақты арналануына Елбасыға жазған хатымның зор ықпалы болғанын жасыра алмаймын. Қазір ердің жасын еңсерер шаққа жетсем де, Елбасы өмірінен – өнеге, тағдырынан тағылым үйренуден жалыққан емеспін.

Бүгінгі күні еліміздегі оқу бағдарламасы да, тәрбие тұжырымдамасы да түбегейлі өзгерген. Баланың тұлғалық қасиетін қалыптастыруға ерте ден қойып, олардың өзін-өзі тәрбиелеуіне мүмкіндік туғызуға талпыныс жасаудамыз. Бұл нәтиже бере ме? Жүйелі жүргізіп, талғаммен таңдау жасасақ, бәрін де еңсеруге болады. Қазір ұсынылып жүрген «Табысты бала» тұжырымы да жеткіншектің жеке басындағы сапалық қасиеттерін ескере отырып, оның тұлғалық дара бітімін ашуға жасалған ізгі қадам дер едім. Сіз өз балаңыздың сәнді киініп, қымбат телефон ұстауына емес, оның қандай кітап оқып, қандай музыка тыңдап жүргеніне мән беріңіз. Ақпараттардың толассыз толқынында өзіне қажеттісін ғана алуға дағдыландырыңыз. Әйтпесе, дәл қазіргі әлеуметтік желіні шарлап жүрген ақпараттың барлығы дерлік қоғам игілігін еселеп отыр деп тұжырымдауға болмайды.

Адамның тұлғалық қасиеті деген не? Ол – өз өмірін өзі жасап, өз тағдырына ықпал ете алатын қуатты адамның бойындағы сапалық игілік. Яғни, мақсатшылдықтың баламасы. Ендеше, мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым отбасынан шығып, әлемдік деңгейдегі Көшбасшы тұлғаға айналуын адам бойындағы мақсатшылдықтың шырқау шегі деп бағалаймын. Ол кісі өзінің жеке мүмкіндіктерін халқына арнаған, бар күш-жігерін мемлекеттің игілігіне жұмсаған тарихи тұлғаға айналды.

Қазақтың әр жеткіншегі Елбасының өнегелі өмірімен жете танысып, тарихи тұлғаның тағылымды тағдырынан үлгі алса – ұтарымыз мол. Себебі, тұлға тәлімі – қастерлі қазына.

Мен өзімді де, өз ұрпағымды да Елбасы өнегесімен тәрбиелеп келемін. Өйткені, Ұлт Көшбасшысының өмір жолында өнегенің өлшеусіз нәрі бар.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
«Nur Otan» партиясы
Саяси кеңесінің мүшесі,
Қарағанды облысы әкімінің
штаттан тыс кеңесшісі,
облыстық мәслихаттың
депутаты

Басқа материалдар

Back to top button