Жаңалықтар

Төкеңнің «қара таяғы»

Рауан КАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Аяғын апыл-тапыл басқан нәрестені көз алдыңызға елестетіңізші. Менің алғаш мақала жазуым да дәп солай еді. Ақпаратты «кеңінен көсілген мақала», мақаланы очеркке бергісіз «әңгіме» етіп жазғаным бар. Ол – ол ма, балта саптай алмай тұрып, ағаш шабуға кіріскен ұстадай өзгенің жазғанын «қорытқанымды» қайтерсің?! Алтайда – таулы орманда өскен балаға қалам сілтегеннен балта сілтеу оңай болған кез. Несін жасырайын, еңбектей жүріп, ер жеттім. Еңбектей жүріп деймін-ау, «таяқ жей» жүріп ер жеттім. Таяқ болғанда қандай? Оралхан  (Бөкей) көкем іздеп келген Төкеңнің (Төрехан Майбас) таяқтауымен қалам түзедім.
Шимай-шатпағымды алып, Төкеңнің кабинетіне имене басып кіремін. Қалш-қалш еткен қолыммен амандық сұрасып, жазғанымды ұсынамын. Ұсынамын да, үстелінің шетіндегі орындыққа жайғасамын. Көзілдірігін мұрнының ұшына іліндіріп, әрі биязы, биязы бола тұра, өзінше сұсты реңі жазғаныма ауады. Қаламы – кезеулі. Менің де көзім сол қаламында. Қара сөздің қиысы, қоңыр күйдің иісі аңқып тұратын осы кең кабинетке келген күнімнен ғашықпын. Білмеймін. Неге екені белгісіз. Осы кабинетке кіруге қалай именсем, шығуға да солай асықпаймын. Сыбап-сыбап алатын Төкеңнің ащы сынын естігім келеді. Көп адамдар сынды ұнатпайды ғой. Ал, мен керісінше, «сынай түссе, түзей түссе екен» дейтінмін. Төкеңнің қаламын аңдимын баяғы. Сүйкей салса – сөз, сүйректей салса – сөйлем төгілетін тұлға ғой. «Сүйкей берсе екен» деймін. Әдеткі күндері жылы шырай танытатын Төрехан ағам мұндайда «сипап-сауа» қоймайды. «Қан-жоса» болған мақаламды алып, «қызара-бөртіп» жауапты хатшыға барамын…
Соған да, міне аттай бір жыл болыпты. Мен үшін Төкеңнің қара қаламы – аюға намаз үйреткен қара таяқ іспеттес. Намазымды болмаса да, жазарымды жөнге салды. Қаламымды тезге салды. «Орталықтың» талай оғландарын ойқастатқан да осы қара таяқ. Арқама батқан сайын арқалана түсетінім де сондықтан. Жоқ, әлде жаман журналист шығармын. Оны бірақ, Тәңірі мен Төкең ғана біледі…

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button