Жаңалықтар

Тәңірсый

(Тоқтар Әубәкіровке)
Күлтегіннің Азбан Ағын ұшырып,
Елтерістің боз қанаты құс іліп,
Көкке самғап бара жатты Баһадүр,
Көк Түркінің көк сүңгісін ұсынып!
.
Қыраннан да биік ұшты жоғары,
Туған Жерін сүйіп ұшты. 
Сол – Ары!
Ауызында Ұлы Абайдың сол әні,
(Туған Жердің қасиетін әлі ешкім,
Сендей ұққан жоқ әлі!)
.
Сен ұшқанда құс қанаты сөгілер,
Сен – ителгі, тепкен қазын дөп ілер,
Сен – қаршыға, қанағатсыз көп ілер,
Сен Ғаршыға ұшқан кезде көкшулан,
Көкке қарап неге ұлыды бөрілер?!
.
Сен алыстан Тоғжаныма тіл қаттың,
Сен ғарышқа жүрек үнін тыңдаттың!
Сардар аға! Алтын Күнге тура ақтың,
Тоқтар аға! Күміс Айға ту қақтың!
.
Сеңкібайдың сауытына сыймаған,
Көздеген жау дәл атуға қимаған,
Күн түбіне жортып кетті Баһадүр,
Ай түбіне жортып айыл жимаған!
.
Алаш рухын арқала аға! 
Көк тер боп,
Алаш туын арқала аға! 
(Көкпар көп…)
Көк бөрілер ұлыған Көк Тәңірге,
Көк Түркілер бара жатыр Тоқтар боп!
Мирас АСАН.

Басқа материалдар

Back to top button