Қарағанды

Құтқарушылар қар құрсауында қалдырмайды

Қар борап, қалың тұман түсті. Ал, жолаушыларға күн райы жөніндегі ақпаратты төтенше жағдайлар департаменті мамандары толассыз жолдауда. Десе де, ақ түтек боран мен көк мұзға қарамастан жолға шығып, қалып қоятындар да аз емес. Жолда қалған жолаушыларға көмек беретін төтенше жағдайлар қызметі мамандары. Департамент қызметкерлері құтқарушы топтар мен құралдарды басқару органын даярлау мақсатында «Қыс 2022» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиынын бастап кетті.

Қазір облыс аумағында ұзындығы 747 шақырым болатын 590 қар қалың түсетін жол учаскесі қатаң бақылауда. 31 жылу пункті мен алты трассалық медициналық-құтқару пункті де іске қосылған. Бұдан бөлек, 355 қызмет көрсету нысаны жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта 76 бірлік жоғары өтімді және инженерлік жабдық сақадай сай. Оқыс оқиға болған жағдайда барлық жерүсті көлік жұмылдырылады. Теміртау қаласы мен Осакаровка, Қарқаралы, Ақсу-Аюлы ауданы, Атасу мен Молодежный кенті – қар көп түсетін аймақтардың бірі. Мамандар тәжірибесіне сүйене аталмыш аймақтарға тиісті көлік құралдарын жіберген.

– Облыс әкімінің орынбасары Вадим Басиннің қатысуымен жиын өтті. Жиында төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою үшін біршама тапсырмалар берген еді. Қазір сол тапсырмалар жоспарға сәйкес орындалуда. Жоспарға сай көліктердің және қызметкерлердің дайындығын пысықтау мақсатында оқу-жаттығу жиынын өткізудеміз. Қолда бар техниканың бәрін қолданысқа шығардық. Дегенмен, техникалардың біразы ескірген. Жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Жергілікті бюджеттен ақша бөлініп, техникалық және материалдық базамыз да жаңартылуда. Жоғарғы өтімді техникаларды шалғай аудандарға бөліп бердік. Ауылдық жерге қар қалың түскен уақытта осындай көліктер ғана жүреді. Сондықтан, алдын ала әр аудан-ауылдарға жеткізіп қойғанбыз, – деді төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақылбек Ахметжанов.

Оқу-жаттығу жиыны Қарағанды-Астана бағытындағы жолдың жабылатын пунктіне болды. Бұл – көлік көп қатынайтын үлкен жол. Қажет техникалар осында жеткізіліп, жылу пункті құрылған. Сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізілген.

Оқу-жаттығу барысында құтқарушылар дабыл іске қосылысымен жоғалып кеткен адамды іздеуге шықты. Іздеу жұмыстары үш бағытта жүргізілді. Әуелі арнайы техника мен моторлы шананың көмегімен межелі жерге барып, маңайды шолып шықты. Екінші бір топ неміс тұқымды иттердің көмегімен әлгі жоғалған тұсты іздеуге кірісті. Ал, ендігі бір топ тікұшақ арқылы көктен көз тастап, төмендегілерге бағыт- бағдар нұсқады. Жоғалған адамды тапқаннан кейін құтқарушылар жақын арадағы құтқару пунктіне жеткізіп, алғашқы көмек көрсетті.

– Эмма есімді бес жасар ит – немістің «Овчаркасы». Біз иттер үшін арнайы семинарлар өткізіп, олармен жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Арнайы тапсырмадан өтпесе бұлар іздеу жұмыстарына қатыстырылмайды.  Бұл итпен құтқару жұмыстарына қатысып жүргеніме біраз болды. Әзірге «ешкімді таппады» демесеңіз, иіс сезу қабілеті жоғары. Иттерді күшік кезінен бастап үйреткен дұрыс. Қазір Эмма бұйрықтың бәрін түсінеді. Біраз жасқа келгенде бабына келген керемет құтқарушы болатынына сенімдімін, – деді Қарағанды қалалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Талғат Қалдыбеков. 

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button