Сырт алаңдағы керемет камбэк
Футболдан Бірінші лига ойындарының ІІІ туры өз мәресіне жетті. Бұл кезеңде қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда алматылық «Хан-Тәңірі» клубымен кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті. Осылайша үш турдың қорытындысы бойынша кеншілер командасы турнирлік кестеде 9 ұпаймен ІІ сатыға тұрақтады.

Жерлестер үшін сырт алаңда өткен ойын оңайға соқпады. 22-ші минутта алаң иелері сапынан Артем Литош есеп ашты. Оның алыстан бағыттаған соққысын қақпашы Игорь Шацкий қайтара алмады. Осыдан кейін жерлестер ойын қарқынын күшейтті. Қос қапталдан шабуылды кезек ұйымдастырып, қарсылас қақпасына қауіп төндірді. Ал, алматылықтар қорғаныс шебін мықтады. Алайда, қарсыластар сапынан 38-ші минутта Ерасыл Темерші, 39-шы минутта Аңсар Слямхан сары қағаз иеленді. 40 минутта қарағандылықтарда есеп ашатын керемет мүмкіндік болып еді. 28 нөмірлі жейдедегі Юрий Перцух сол қапталдан алаң ортасында жүрген әріптесі Максим Галкинге әуелете пасс асырады. Ал, Максим өзіне келе жатқан допты жерге түсірмей қақпаға бағыттайды. Бірақ, қарсылас қақпашысы қателікке бой алдырмай допты қайтарып, алаң сыртына шығарып тастады. Дегенмен, жерлестер 44-ші минутта таразы басын теңестіріп, бірінші таймға нүкте қойды. Есеп – 1:1.
73-ші минутта жерлестер гол салып, есепте алға шықты. Қорғаушы Эльхан Саидов сол қапталдан қарсылас команда қорғаушыларын алдап өтіп, қақпаға беттеген еді. Осы тұста алаң иелері сапынан Богдан Захарченко айып алаңына енген қорғаушыны құлатып, ойын ережесін бұзды. Бас төреші бұл сәтте ойын ережесінің бұзылғандығын айтып, алматылықтардың қақпасына пенальти белгілейді. Ал, қарағандылықтар сапынан пенальтиді орындаған Айдос Таттыбаев мүлт кетпеді. Есеп – 1:2.
Кеншілер қорғанысты күшейту қажет. Ал, ол дегеніңіз қандай жағдайда болмасын қарсылас команда ойыншыларын қақпаға маңайлатпау деген сөз. Бастысы – есепті сақтап, жеңіске жету. Алматылықтар 83-ші минутта шабуыл ұйымдастырды. Бірақ, айып алаңына кіруге бір табан қалғанда шахтерлік қорғаушылар ойын ережесін бұзды. Бас төреші қарағандылықтардың ойын ережесін бұзғанын айтып, қарсыластарға айып добын белгілеген. Ал, айып добын орындау мүмкіндігі – жартылай қорғаушы Аслан Ғабиденде. Асланның соққы жасайтын жері – қақпадан алыс емес. Соққы да жасауға немесе әріптестеріне пасс та шығаруға болады. Бірақ, ол еш ойланбастан қақпаның оң жақ жоғарғы бұрышын көздеп, допты қақпаға бағыттады. Бірақ, доп қабырға жасап тұрған қарағандылық ойыншыларға тиіп, әуелей ұшты. Осы тұста қақпашы Игорь Шацкий допты енді ұстай бергенде уысынан шығарып алды. Осылайша автоголдың салдарынан таразы басы қайта теңесті.
88-ші минутта қарағандылық жартылай қорғаушы Юрий Перцух қарсылас қақпашысынан айласын асырып, жеңіс голын соқты. Сол қапталдан ұйымдастырған Максим Галкиннің керемет шабуылы нәтижелі аяқталып, жерлестер кездесуде жеңіске жетті.
Турнир кестесінің көш басында 9 ұпаймен павлодарлық «Ертіс» клубы тұр. Олар үш ойында қақпасына ешқандай гол жібермеген. Енді жерлестер 1 мамырда өз алаңында «Ертіс» командасын қабылдайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»