Қарқаралы

“Сыбағаның” серпіні

Отандық өнім өндіру ісіне сүбелі үлес қосып келе жатқан ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының басты бағыты. Осы ел ырзығын еселеуде Қарқаралы ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында жүрген еңбеккерлер де тер төге еңбек етуде. Ен даланы алтын астықпен көмкерген диқандар бейнетінің зейнетін көріп, жиын-терімді уақытында аяқтады. Ал, ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамытуға дендеп кіріскен жерлестеріміздің қатары күн санап көбейіп келеді.

Қолда бар малының басын көбейтіп, қорасын малға толтырғандар мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көруде. Елбасы Жолдауында ел экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығына басымдық беріп, түрлі бағдарламалардың қабылдануына ықпал етіп келеді. Сондай бағдарламаның бірі – «Сыбағадан» қарқаралылық шаруагерлер өздерінің сыбағаларын алып үлгерді.

Нақтырақ айтқанда, 9 шаруашылық құрылымы шет елден 556 бас ірі қара сатып алуға 295,3 млн. теңгеге сұраныс беріп, қолдауға ие болды. «Хамит» шаруа қожалығы 65 ірі қараны – 36 млн. теңгеге, «Кәусар» шаруа қожалығы 29 ірі қараны – 16,3 млн. теңгеге, «Айбын» шаруашылығы 23 ірі қараны – 12 млн. теңгеге, «Ата Мұра Табыс» ЖШС 180 басты – 70 млн. теңгеге, «Жаңажол» шаруашылығы 40 ірі қараны – 25 млн. теңгеге, «Нұрлы жол» шаруашылығы 20 ірі қараны – 14,5 млн. теңгеге, «Мүлкібай» шаруашылығы 64 ірі қараны – 40 млн. теңгеге, «Мұстафин А» шаруашылығы 70 ірі қараны – 43,7 млн. теңгеге, «Асар» шаруашылығы 65 ірі қараны – 37,8 млн. теңгеге сатып алуға қаражат алды. Аталмыш шаруашылықтың басшылары «Агро Экспорт ЛТД» ЖШС-мен және көршілес Ресей Федерациясының асыл тұқымды ірі қара мал өсіруші шаруашылықтарымен келіссөздер жүргізді. 62 ірі қара малын алуға бір шаруашылық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» құжаттар тапсырды. Ал, 2250 ірі қараны жергілікті жерден сатып алу тапсырмасына орай, 4 шаруа қожалығы 72 бас ірі қара алуға 12,4 млн. теңгеге сұраныс берді.

Экспортқа 142 тонна ет тапсыру жоспары бүгінгі күнге артығымен 155,6% орындалды. Яғни, 183 тонна ірі қара еті, 38 тонна қой еті тапсырылды.

Ертеден ырзығын жерден, малдан көрген шаруагерлердің еңбектері өтеусіз емес. Мал өсіремін, өнімін пайдаға жаратамын, халықтың қажеттілігіне жұмсаймын деп тынбай еңбек еткендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен жеңілдіктер ұшан-теңіз. Тек дер уақытында пайдалана білсе болғаны.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button