Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

“Судың да сұрауы бар” Ауыз сумен қамту ауыл әкімдеріне байланысты

Облыстың 291 201 тұрғыны бар 421 ауылдық елді мекеннің 246-сы орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталса, 175 елді мекен тұщы суға мұқтаж. Дегенмен, осы 175 елді мекеннің 81-де кемі отыз жылға жететін жерасты суларының расталған қоры бар. Желі салса болғаны, халық таза ауыз суға қарқ болғалы тұр. Құжаттарды реттеп, жоғарыға тапсырыс беру керек. Ауылдың орталықтандырылған сумен қамтылуы аудан және ауыл әкімдеріне тікелей байланысты екенін айтады облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай ҮСЕНОВ. Айтып қана қойған жоқ, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыруға дайын құжаттама ұсынуға тапсырыс берулерін де сұрады. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен аппарат жиналысында қаралған мәселе осы болды.

Басқарма басшысының айтуынша, жоғарыда айтылған 81 ауыл бойынша зерттеу жұмыстары басталып кеткен. Келесі жылы осы зерттеу жұмыстары аяқталар болса, 2022 жылы қаржыландыру да жоспарда. Одан бөлек, сумен қамтамасыз ету үшін 123,3 шақырым желі салынып, су құбырлары жаңартылады. Нәтижесінде, жыл соңына дейін ауыл халқының 90%-ы таза ауыз сумен қамтылады. Ал, 2022-2023 жылдары республикалық бюджеттен осы 10,4 млрд. теңгеге 18 жоба қаржыландыру қарастырылған. Қазірдің өзінде 6 жоба қолдау тапқан. Ұлантай Төлеутайұлы ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету үшін кешенді блок-модульдерді орнатуға жеке тоқталды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бағдарламасы бойынша 200-ден астам тұрғыны бар елді мекендерде осындай қондырғыларды орнату қарастырылған. Егер, бір қондырғының бағасы 25- 30 млн. теңге шамасында десек, облыста оған мұқтаж 137 ауыл бар. Жаңаарқа ауданының бірқатар ауылдары қондырғының игілігін көріп отырса, Ұлытау ауданының әкімдігі осындай 13 қондырғы орнату үшін жұмыстар жүргізуде. Ауыл халқы 200-ден төмен ауылдық елді мекендердің әкімдеріне осындай қондырғы орнатып, суды тиімді пайдалану үшін 2025 жылға дейін осындай жоспар ұсынды Ұлантай Үсенов.

– Сумен қамтамасыз ететін кешенді блок-модульдерді пайдалану шығыны жыл сайын, шамамен, 5 млн. теңгеге тең. Бұл сомаға оператордың жалақысы, электр қуатын төлеу, суды талдау және сору, сондай-ақ, жабдықты ауыстыру кіреді. Ал, судың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкес болады. Ауыл жабылған жағдайда бұл модульдерді тасымалдауға болады, – дейді басқарма басшысы. Ауылда бір текше метр сумен қамтамасыз ету құны 56-73 теңге аралығында. Ақы төлеудегі халықтың жүктемесін азайту мақсатында субсидия да көзделген. 2020 жылы Абай, Жаңаарқа, Нұра, Шет аудандарында 57 630 адамның жүктемесін азайту үшін 244,1 млн. теңге бюджеттен қарастырылған. Бірақ, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров және Ұлытау аудандары субсидия алмайтынын да атап өтті басқарма басшысы.

– Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – негізгі мәселелердің бірі және оны шешу үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Экологиялық заңнаманың талаптары туралы да ұмытпау керек. Суды босқа төкпей, оны тазарту қондырғыларынан өткізіп, табиғат байлығына ұқыпты қарауға тиіспіз, – деді жиын соңында Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысы 2025 жылға дейін облыстың барлық тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын әрі бұл жоспарды ертерек орындауға мүмкіндік барын айтты. Қаржыландыру жеткілікті және алдағы 3 жылға арналған бюджетте қажетті қаражат қарастырылады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button