Ғибрат

Су бөрілері

Ерте, ерте, ертеде, ирокездер мен гурондар мекенінде су бөрілері өмір сүріпті. Олар үндістердің өмірін үрейге айналдырған деседі…

Егістік алқаптарды таптап, елік елеңінен жайыла алмай, алып бизондардан да тұяқ қалдырмас, тобылғы жебеден қорықпайтын әумесер су бөрілері тірі жанды аямайды екен. Сондай бір қиын шақта, кешқұрым, үндіс тайпасы көсеміне екі бейтаныс жан келеді.
– Кімсіңдер? – деп сұрайды көсем.
– Біз аңшымыз, – дейді қақпаның сыртынан жас жігіттің дауысымен бейтаныс жан.
– Мұны қазір анықтайық, күте тұрыңдар, – дейді көсем. Сәлден соң, қайың тостағанға су құйып әкеліп, көз алмай қарайды. Кенеттен тостағандағы су толқып, ыдыстың ішіне үйіріліп, алай-дүлей толқып барып басылады да, екі адамның сұлбасын көрсетеді. Су бетінде көрінген қос жігіттің бейнесінен нұр байқаған көсем «Есікті ашыңдар!», – деп бұйырады. Қараңғы түнде қайдан жүрген меймансыңдар? – дейді көсем.
– Біз аңшымыз. Сіздерге көмекке келдік, – деп екі жас жігіт болған жайды сұрайды.
– Бұл мекеннен тыныштық кеткелі қай заман…

Мейірім мен әділет кеткен соң адам баласын су бөрілері басынып алды. Жақын маңда ауыл бар. Сол жерге барып тынығып алыңдар, – дейді көсем. Сонда Көнсадақ пен Желжебе:
– Біз су бөрілерін өлтіру үшін келдік. Ауылға бармай-ақ, осы жерде қалуымызға рұқсат бер! – дейді. Көсем рұқсат етеді.
Таң атпай тұрып, Көнсадақ Желжебеге:
– Мен, су бөрілерін көріп келейін, сен дұғаңмен маған көмектес. Екеуіміз күшімізді біріктірсек, су бөрілерін жеңерміз, – дейді.
Көл жағасына келген Көнсадақ ағаштың басына шығып, су бөрілерін сырттай бақылап отырады. Су түбіндегі бөрілер бір-бірін тістеп, ойнап жүр екен. «Мына бірі су бөрісінің бөлтірігі ғой деймін, кішкентай екен» деп, Көнсадақ су бөлтірігіне өзінің көлеңкесін көрсетеді. Сол-ақ екен, су бөлтірігі судан атып шығып, ағашта отырған Көнсадақты тарпа бас салмақ болады. Бірақ, талдың инесі тұмсығына тиіп, қыңсылап, жалынышты үнмен суға лезде кіріп кетеді. Су түбіне бара сала, бөлтірік, кәрі атасына:
– Ата, жаңа көл жағасында бір адамды көргендей болып, құрғаққа шығып ем, қандай да бір сиқыршы мені оттан жаралған жебемен атты. Денеме тиіп кеткен біреуі өртеп жіберердей болды, – дейді.
– Қорықпаңдар! Адамдар бұл сырды аңғара қоймас. Көз алдындағы барды бағаламайтын адамдар – көрсоқыр деген сөз. Ал, соқырды жеңу оңай, – дейді әжім-әжім терісі иректелген су бөрісінің басшысы. Түгел жиналыңдар, ертең адамдардың ауылына шабамыз. Бірақ, қазір, алдын ала құрғаққа шығып, ойнақ салып, ұлып, зәресін алыңдар. Қорқыныш пен үрей ең үлкен қару! – дейді.
Ағаштың инесінен кері қайтқан су бөлтірігін көрген Көнсадақ кері оралады. Желжебеге болған жайды баяндайды. Желжебе «Мен саған көмектесемін деп бар күшімді сарп еттім, енді мына адамдарды көмекке шақыруымыз керек» дейді. Екі мейман көсем мен ауыл адамдарын шақырып:
– Ей, адамдар! Су бөрілері сендерге ғана емес, бізге де жау! Олар әккі айлакер әрі ақылды. Егер біз оларға қарумен шықсақ, жеңе алмаймыз. Бірақ, олар суда тіршілік ететіндіктен, құрғақта да көп жүре алмайды. Олардың жанды жері қылдай нәрседен екен. Сондықтан, біз, Желжебе екеуміз су бөрілерін құрғаққа шығарып, олармен соғысамыз. Ал, сендер, жаңа туған нәрестеден бастап, еңкейген қарияға дейін бір тал шаштан жинап беріңдер. Су бөрілері бізбен шайқасып жатқан кезде өзін қорғай алар батырларың көл бетіне шашты апарып тастасын. Қалғандарың қорғанда болыңдар. Осындайда бірліктеріңді көрсетпесеңдер, жеңіске жету қиын. Әр тал шашта әрқайсыңның жеңіс тілеуің болсын, – дейді Көнсадақ.
Бұйрықты бұлжытпай орындаған адамдар ертеңінде жинаған шашты дайындап, Көнсадақ пен Желжебе су бөрілерімен соғысып жатқанда, көл бетіне тастайды. Құрғақта сусыз әлсіреген су бөрілері екі жігітпен алысып, шаршап, әбден әлсіреп, көл түбіне сүңгиін деп кері қайтады. Су бетіндегі шаш талдары денелеріне қанжардай тиіп, ұлып, қыңсылап, қалжырап барып жоқ боп кетеді. Ал, су бөрілерінен аман қалған адам баласы Көнсадақ пен Желжебеге алғыс айтып, қошеметпен шығарып салады. Қоштасар сәтте:
– Сендер бізді жамандықтан сақтап қалдыңдар! Бұл жақсылықтарыңды қалай өтесек болады, – деп сұрайды көсем. Сонда:
– Жоқ, деп күлімсірейді екі батыр. Жеңіске жеткен сендердің сенімдерің мен адалдықтарың, – деп, әрі қарай әлемді шарлап кеткен екен…
Ескі заманның естелігіндей үндіс тайпалары осынау тәмсілді ұмытпас үшін киімін қауырсынмен әсемдеп киеді-міс. Әр әпсананың өз тәлімі бар…

Солтүстік Америкадағы үндіс тайпаларының ертегіcі желісімен.

Орыс тіліне тәржімалаған Н.Н.ГОЛЬДИНА,

Қазақ тіліне аударған Қарлығаш ӘУБӘКІР (еркін аударма).

Басқа материалдар

Back to top button