Баспасөз мәслихаты

Студенттер далада қалмайды

Ел арасында «оқу ақысы қолжетімді» саналатын Көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжі өз жұмысын тоқтатты. Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жеке тұлғалардың өтініштері бойынша ағымдағы жылдың ақпан және наурыз айларында аталмыш колледждің білім беру қызметін тексерген-тін. Нәтижесінде, мұнда көптеген заң бұзушылықтар анықталған. Аталмыш оқу ордасында 751 студент 12 мамандық бойынша білім алуда. Ал, осы студенттер енді білімін қайда жалғастырады? Бұл туралы облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат МУСИН мен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Заң бұзушылық дедік. Тарқатып айтайық. Әуелі, аталмыш білім ордасында білікті мамандар қат. Педагогтардың білімі оқытылатын пәндер бейініне сәйкес келмейді. Тіпті, педагогтардың біліктілігін арттыру жолдары да қарастырылмаған. Оқулықтар, зертханалар мен қажетті техникалық оқу құралдары жоқ. Осы мәселелер тексеріс барысында анықталып, тиісті орган аталмыш мекемені жабу жөнінде шешім қабылдаған.

Биылғы жылдың 25 мамырындағы Қарағанды қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты колледжге қатысты білім беру қызметіне берілген лицензиясынан айырып, мемлекет пайдасына 122 520 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарды. Мұнда оқитын студенттердің бәрі қаладағы колледждерге жіберілетін болады. Бұл мәселені шешу үшін заңмен және облыстық білім басқармасымен бірлесіп жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін критерийлерге сәйкес келмейтін 10 шақты колледж жабылған еді. Тексеру жұмыстары жүргізіле береді, – деді Санат Қабиденұлы.

«Білім туралы» Заңға сәйкес барлық студенттер, соның ішінде академиялық демалыстағы студенттер өзі оқып жүрген мамандықтары бойынша басқа колледждерге ауыстырылады. Бұл ретте студент құжатын алып, басқа колледждердің табалдырығын тоздырмайды. Жауапты орган өзі реттеп, тиісті шешім шығарады. Сонымен қатар, студенттің өз таңдауы да ескерілетін болады.

Бүгінгі таңда театр-декорациялық өнер, бутафор біліктілігі бойынша колледждерде оқыту жүргізілмейді. Осыған орай, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде аталған мамандық бойынша лицензия алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш колледж студенттері басқа оқу орнына ауысса да, жабылған білім ордасының көрсетілген бағасымен оқып шығады. Колледжде Теміртау және басқа да қалалардан түскен студенттер бар. Қазір сол студентті жергілікті жердегі колледждерге ауыстыру мәселесі талқылануда – деді Гүлсім Шабданқызы.

Ақылы негізде оқитын студенттер көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледждің құрылтайшысы арасында жасалған келісімшарт бойынша төлем сомасын сақтап қалу үшін барлық қажетті шаралар жасалуда.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button