Студент кәсіпкер бола ала ма?
Жуырда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Қарағанды облысы прокуратурасының «Тұрғындардың сенімі» жобасы аясында аймақтағы кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне қатысты білім ордасының 3-4 курс студенттерімен семинар өтті.
Мұндағы мақсат – бизнесті қолдаудың мемлекеттік шаралары туралы ақпарат беріп, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы қаржы және қаржылай емес бағыттарды қамту еді. Сонымен қатар, жаңадан бекіген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» да сөз болды. Бұл бағдарлама бойынша жылына 6% есебімен, 5-7 жыл мерзіміне дейін 18 миллион теңгеге дейін несие алуға болады.
Кездесу барысында аталған тақырып шеңберінде облыстың кәсіпкерлік басқармасының, облыстың кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, Қарағанды қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің, «Сарыарқа» Технопарк» ЖШС-нің, екінші дәрежелі банк өкілдері баяндама жасады. Баяндамашылар инновациялық жобаларды жасау мен енгізу, бизнесті ашу және тіркеу, салық салу, құрылыс бастауға рұқсаттама алу мен бизнесті жүргізу мақсатында жер учаскесіне қол жеткізу мәселелері төңірегінде көп мағлұмат берді.
Мемлекетіміз кәсіпкерлікті қолдау саласына қатысты ауқымды жобаларды қолға алып жатқаны белгілі. Төмен пайызды несиелер мен азаматтарға берілетін түрлі жеңілдіктер – соның дәлелі. Кәсіпкер болғысы келетін жастардың да аз емес екені де жасырын емес. Сондықтан, мұндай кездесудің университет қабырғасында өтуі – аса маңызды. Себебі, ел экономикасын өрге бастырар – осы жастар.
Мұндай кездесулер қаламыздың өзге де білім ордаларында жалғасын табатын болады.
Рауан ҚАБИДОЛДИН