Жаңалықтар

Ұстазы талантты болса

       Қарағандыдағы №101 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Рыскүл МАНАС – кәсіптік шеберлігін іс жүзінде көрсете білетін ұстаз. Оқушыны тәрбиелеп,  білім беруде жаңа озық технологиялық әдіс-тәсілдерді қолдануды мұрат тұтады.
Қарағанды облысына қарасты Кеншоқы кеңшарының тумасы Рыскүл Тұңғышбекқызы – Қарағанды педагогикалық институтының түлегі. Біліктілігі жоғары санатты мұғалімнің еңбек өтілі – 23 жыл. «Мұғалімнің ең басты қасиеті – әдіс-тәсілдерді жетік меңгеріп, орынды қолдана білуінде» деп санайтын Рыскүл Тұңғышбекқызы баланың білімін тереңдетуде, еңбекке қызығушылығы мен ой-өрісін кеңейтуде  жаңа оқыту технологиясының алатын орны ерекше деп есептейді. Жаңа технологиялар арқылы баланы бар жағынан жан-жақты дамыған дара тұлға дәрежесіне жеткізгенді дұрыс көреді. Өз сабақтарын үнемі түрлендіріп отыруға құмар мұғалім оқушылардың сапалы білім алуына үнемі көңіл бөледі. Әдістеме түрлерін терең меңгергендіктен, жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызу  үшін  білім берудің озық технологиялық әдіс-тәсілдерін, RWCT, интербелсенді тақтаны жетік қолданады.
Ұстаз «Біздің Отанымыз – Қазақстан» атты бастауыш сынып оқушыларына арналған жұмыс дәптерінің, сондай-ақ,  «Қазақстандық патриотизм» атты әдістемелік нұсқаулықтың авторы. Онда бастауыш сынып оқушыларының сыныптан тыс жұмыстарын ұйымдастыру жолдары берілген. Осы орайда, Қарағанды қалалық білім бөлімінің  Алғыс хатымен, Қарағанды  облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде «Түркістан – тарих бесігі» атты тарихи өлкетану саяхатында оқушылардың азаматтық-патриоттық тәрбиесіне, танымына қосқан зор үлесі үшін Халықаралық Қазақ – Түрік университеті Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
2013 жылғы «Жыл мұғалімі» облыстық байқауында  «Жаңашыл педагог» номинациясын иеленді.  2014 жылы  Алматы қаласында өткен «ХХІ ғасыр мұғалімі» ІІІ республикалық педагог-шеберлердің портфолио байқауының күміс жүлдегері атанып, ІІ дәрежелі дипломмен және күміс медальмен марапатталды.
Биыл Рыскүл Тұңғышбекқызы  «PIRLS  зерттеулер мәнмәтінінде бастауыш мектеп оқушыларының оқу сауаттылығын дамыту» тақырыбында инновациялық жобаны ұсынды.
Облыстың алдыңғы қатарлы ұстаздары сапындағы Рыскүл Тұңғышбекқызына қарап, «Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» дегіңіз келеді. Шәкірттерін байрақты бәсекелерге дайындап, облыс жұртшылығының алғысына бөленіп, білімнің қазығын қаққан осындай ұстаздарға айтар алғыс шексіз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button