Бас тақырып

Ұстаздар – құрмет төрінде

Кеше облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысып, білім саласының үздіктерін марапаттады. Аймақ басшысы аянбай еңбек етіп жүрген барша мұғалімге алғыс білдірді. Мемлекет тарапынан білім беру саласына үлкен көңіл бөлінгенін атап өтті.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп өз шығармашыларында ұстаздық қызметке жоғары баға бергенін білеміз. Сіздер жас ұрпаққа тәрбие беріп, жастардың болашағын айқындайсыздар. Қажырлы еңбектеріңіз – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Ұстаздық қызметтің қасиеті мен киесі осы болса керек. Еліміздегі білім көшін ілгері жылжытып келе жатқан ұстаздарға құрмет арта бермек. Биыл алғаш рет Мұғалімдер күні мерекесі белгіленіп, Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді. Бүгінгі таңда облыста және елімізде білім беру жүйесін дамытуға және ұстаздарымыздың мәртебесін арттыруға үлкен көңіл бөлінуде, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі барша мұғалімдерді республикалық педагогтер съезінің ашылуымен құттықтады.

– Мемлекет басшысының қол­дауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Жақында балабақша тәрбие­шілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылып, жүктемесі азайды. Мұғалімдердің қажырлы еңбегінің арқасында оқушылар жетістікке жетуде, – деп атап өтті Ермағанбет Қабдулаұлы.

Аймақ басшысы мерекелік салтанатта аймақтағы бес мұғалімге «Қарағанды облысының білім беру саласының Құрметті педагогы» төсбелгісін табыс етті. Төсбелгіге қоса 1 млн. 380 мың теңгеден астам сомадағы сыйақы берілді. Аталған марапатқа Есжан Әміров (Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры), Айман Түкбаева (Шашубай кентіндегі мектеп-бөбекжай кешені «Тірек мектебі» (ресурстық орталық директоры), Гүлнар Омарова («Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі), Бақытжан Күрпешова (Абай ауданы білім бөлімінің басшысы), Ғазиза Смағұлова («Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы) ие болды.

Сондай-ақ, мерекелік шарада мінсіз еңбектерімен танылған үздік педагогтер «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Бала оқыту ісінде өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім берген мұғалімдерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы бұйыр­ды.

Салтанатты шараны Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясының «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблінің өнерпаздары көркемдеді. Білім беру саласындағы зейнеткер ұстаздарға құрмет көрсетілді.

Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда облыс мектептерінде 17 708 мұғалім жұмыс істейді. 3441 мұғалімнің 30 жылдан астам тәжірибесі бар.

Ұстаз есімін ұлықтауда әйелдер қауымының саны басым. 17 708 педагогтің ішінде әйелдер саны – 15 262 болса, ерлер – 2 446.
Облыс колледждерінде 2097 педагог жұмыс істейді. Ал, мектепке дейінгі мекемелердің тәр­бие­шілерінің саны – 3264.

Аяулым СОВЕТ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button