ҰСТАЗДАР МӘРТЕБЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс»

Н.Назарбаев

Қоғамымыздың дамуы өскелең ұқпаққа берілетін біліммен тікелей астасып жатыр. Ал берілетін білімнің мазмұны мен сапасы, заманауи адамның рухани-мәдени талаптарын қанағаттандыру ісі мұғалім арқылы жүзеге асатыны аян. Соңғы жылдары білім беру саласында бірқатар реформалар жасалса да, білім беру үдерісін ұйымдастыруда тек құрылымдық өзгерістердің ғана енгізілуіне байланысты, білім саласының тынысын толық аша алмағанын, қызметін жандандыра алмағанын, білім берудің сапасының артпағанын, керісінше, оқу орнын бітірушілердің зияткерлік деңгейінің төмендеп кетуіне көзіқарақты зиялылардың наразылығын тудырып, олар баспасөз беттерінде жарияланып та жүр. Мұның бәрі біздің елімізде бұл саланың әлі де болса қалыпқа түспей жатқандығын айғақтайды. Анығы, білім беруге қатысты мәселелердің ішінде барша қауымның қаперінен тыс қалған, талқыланса – жеріне жете басы ашылмаған, білім беру тәжірибесіне енгізілмеген мәселелер жетіліп артылады десек, сондай күн тәртібінде шешілуін күткен күрмеуі қалың мәселелер қатарында алдымен адам, содан соң маман даярлап, тәрбиелейтін оқу мекемелеріндегі басты тұлға – педагогтың мәртебесі тұрғаны анық. Осыған орай Қазақстан Республикасы Президенті 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» халыққа Жолдауда Білім және ғылым министріне «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдауды тапсырғаны белгілі. Педагог мәртебесі бұрын «Білім туралы» заңның бір ғана бабын құраған болатын. Енді Елбасының арнайы тапсырмасымен жеке дара заң ретінде өз алдына бөлек отау құрып бой көтермек. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл заңның жобасы да даярланып үлгерген. Ендеше әлі қалыбын таппаған бұл жоба қоғамдағы педагогтың орны мен рөлін айқындап, оны заманауи жағдаяттарға бейімдеп, «оқушы-ата-ана-мұғалім» делінетін үштік құрылымның мүмкіндігі мол ортада біліп алуына, жұмыс істеуіне ыңғайлы жағдай жасап, кәсіби мүддесінің жан-жақты қорғалуын қамтамасыз ететін салмақты Заңға айналуының жолы қалай болмақ?

Жуырда «Болашақ» академиясында өткен Дөңгелек үстел осы мәселелерге арналды. «Қазақстан Республикасындағы педагог мәртебесінің мәселелері мен оның болашақтағы дамуы» тақырыбында өткізілген бұл іс-шараның ұйымдастырылып өтілуіне Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, заң ғылымдарының докторы, профессор Н.О. Дулатбеков мұрындық болды. Дөңгелек үстелге академия ректоры Құралбай Меңлібаев басшылық жасады. Кеңесті жерде кемдік жоқ, кеңессіз жерде теңдік жоқ.

Жиынға «Болашақ» академиясының профессорлық-оқытушы құрамы, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының өкілдері, Қарағанды облысы бойынша білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ғылыми кеңесшісі С.С. Қоңтаев, «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры С.Д. Мұқанова, Теміртау қаласы білім басқармасының басшысы Е.М. Әшім, тағы басқа бірқатар қала мектептерінің ұстаздары қатысты. Жобаның көптеген баптары қатысушылардың ой-талқысына салынып, көкірек көз сүзгісінен өткізілді. Олар өз сөйлеулерінде білім саласында жыл сайын жаңарулар мен жақсарулар жүргізіліп жатса да, қазіргі күні қоғамымызда білікті мамандарды даярлаудағы педагогтардың жағдайын түпкілікті жақсартуды мақсат тұтатын педагог мәртебесінің қажеттілігі артып отырғандығын тілдеріне тиек етті. Педагогтің білікті мамандарды сақтап қалуға өзінің кәсіби қызметіне байланысты емес, тыс жұмыс түрлеріне тартылуы, күтілмеген тексерістер, педагогикалық автономияның жеткіліксіздігі, педагог құқығын қорғауда арнайы режимнің жоқтығы, ай сайынғы еңбегінің оқу жүктемесіне сай келмейтіні, кепілдіктердің декларативтік сипатта ғана болуы сияқты таңдаған мамандығынан қанағат табуына кедергі болатын мәселелер қатысушылардың сөйлеген сөздерінің негізгі арқауын құрады. Сондай-ақ мұғалімнің академиялық бостандығының құқықтары мен кепілдіктері арқылы жүзеге асуы, педагогикалық және ғылыми шығармашылық, сондай-ақ білім берудің барлық деңгейінде, меншік нысаны, білім беру түрлеріне қарамай-ақ мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау көрсету мәселелері қызу талқыға түсті. Атап айтсақ, педагог мәртебесі және соған сәйкес әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер Республика аумағы бойынша ортақ және білім беру ұйымдарының меншік нысанына байланыссыз бірыңғай болуы, меншік нысанына қарамастан, кез келген білім мекемесінде қызмет істейтін педагог немесе оған теңестірілген тұлға азаматтық қызметші саналуы тиістігі жөнінде келелі ұсыныстар жасалды. Алайда дөңгелек үстелге қатысушылар облыс көлемінде барлық мектептерді, білім беру ошақтарын білікті мұғалім мамандармен қамтамасыз ететін өз алдына жеке дара Педагогикалық жоғары оқу орны ашылу керек деген тоқтамға келді. Мәселен, қаламыздың жоғары оқу орындарында даярлап жатқан заңгерлер, химиктер мен биологтар, физиктер мен математиктер әсте де педагог мамандар емес, өз саласының мамандары. Ал Алматы, Шымкент Павлодар қалаларында бұл мәселе баяғыда-ақ шешімін тапқан. Олардың мұғалімдер даярлайтын арнаулы педагогикалық жоғары оқу орындары бар. Қарағанды да шынайы мұғалімдер шыңдайтын осындай оқу орнына зәру.

Елеужан Серімов,

«Болашақ» академиясы